ТОРЫ БИЕ ТАРИХЫ

ӘДЕБИЕТ | 12 сәуір 2017 ж. - 16:27 | Көрудің саны: 270
ТОРЫ БИЕ ТАРИХЫЖылқыны жаным сүйеді. Бала кезімнен бастап ат дүбірін естісем болды, делебем қозатын. Көшемнен көкпарын тартқылап жарыса шауып бара  жатқанда, орнымнан тұрардай бойымда бір тылсым күш пайда болатын. Ер қанаты – ат. «Қазақ жылқы жанды» деп бекер айтпаған бабаларымыз. Өсе келе «Құлагерді» оқып, киносын сүйіп көрдім. Жылда «Алтын дəн» мерекесіне орай бәйге болатын. Соған бара алмасам, көрші тұратын Жақсылық көкеме барып бәйгенің бар қызығын аузынан кино көргендей, аузым ашылып, құмарта тыңдайтынмын. Сондай бір бәйгеден соңғы күннің ертеңіне Жақсылық көкем маған өзі келді. Ат жарысты ретімен тайдан бастап аламанға дейін қалай болғанын баяндап берді. Сонан  соң сəл кідірді  де «баяғы торы биені айтсаңшы» деді. Бұл Қазақ ССР-ның 20 жылдығына арналған облыстық бәйге болатын. Сырдария ауданының атынан, Шіркейлі ауылынан шыққан ауылымыздың үкілеп қосқан жалғыз сәйгүлігі торы бие еді. Қармақшыдан бір мықты Қарақасқа айғыр келеді де, буаз биеміздің бәйгенің алдынан көрінуіне қауіпті күшейтті. Сонда сейіске «енді не амал бар?» дегенде, торы биенің құлынын тастатуға кеңес береді. Құлағым елең етіп, үнсіз тыңдадым. Көкемнің əңгімесі бітпесе екен деймін.Тыңдап отырмын қалт етпей. Кенет көкем көзіне жас алды. «Әй, жануар» деді. Өзі совхоздың малы екен. Буаз болса да бəйгенің алдын ешкімге бермейтіні мені қайран қалдырды. Əрі қарай айта бастағанда менің көзім шоқтай жанып жүрегім ала-құла  күйге енді. Сол əңгімені соңына дейін тыңдап, өз шамамша жыр жаздым. 

ТОРЫ БИЕ ТАРИХЫ

Балапанын бүркітте қымтап өтер,
Құз басынан құлатып, сұңқар етер.
Талантқа талап тура кездескенде,
Көріпкел қотыр тайды тұлпар етер.
Тарихы өзгермейді, жылдар өтер,
Мен ақынмын болғанды жырлап өтер.

Ат қорқады сейістің қарасынан,
Жылқыны ажыратар шамасынан.
Жанары түсті міне шағылысып,
Құрықты алды қасындағы баласынан.
Торының қыл мойнына арқан түсті,
Шыңғырған топ жылқының арасынан.

Жылқыларды асығыс аңдадыңыз,
Құрықты тым ертерек қамдадыңыз.
Баласы әкесіне сауал қойды:
– Неліктен бұл торыны таңдадыңыз?

– Бұл жолы алды-артын аңдамадым,
Байқаймын мен бүгін жаңылмадым.
Тым бөлек қасиетін көзім шалды,
Бірақ сен сол бір тұсын танымадың.
Мұндайды алғашқы рет байқап тұрмын,
Жүрісі мысық тектес жануардың.

Әрең қамап бір істі тындырады,
Қора аузын тас жауып, сым бұрады.
Қарғитын,қарайтұғын саңылау жоқ,
Ызаланып асау торы шын құлады.
Айғыры торыны іздеп кісінеуде,
Елеңдеп тұрар емес тың құлағы.
Дүбірін естігенде үйірінің,
Шарасыз шыға алмай шыңғырады.

Сол мезгілде құйғандай отқа майды,
Үйірі кете беред, тоқтамайды.
Қамауда қалғанына қапаланып,
Сұлу торы бір апта оттамайды.

Сегіз ай біледі бала суытқанын,
Артық еттен арылды қуық, қарын.
Үйірде жүргенінде байқалмайды,
Айғырын маңайына жуытқанын.

Дәлелдеп жүргенінде мықтылығын,
Биенің жатырына бітті құлын,
«Қарақасқа» сейісі қолын ұрды,
Байқай салып биенің жүктілігін.
Тұлпарының келеріне сенімді боп,
Аламанның асыға күтті күнін.

Дүбірлі ұлы тойға шақ қалады,
«Торы бие» «қасқамыздан» арт қалады.
Егесі тұлпарының терін жалап,
Бұл бәйге біздікі деп мақтанады.
Сол кезде торы бие шабандозы,
Құлағы елең етіп, жалт қарады.

Сейіске естігенін айтты келіп,
Ойланды сейіс қиын жайтты көріп,
Буаз бие не қылмақ аламанда?
Шешім тауып жеті түнде қайтты берік.

Қара қасқа қосылады аламанға,
Қуаттырақ биемізге қарағанда,
Бітімін ту сыртынан байқап едім,
Қабырғасы артық шықты санағанда.

Ертесіне таң атпастан тоқтай қалып,
Ақылдасты қос жігіт көп қадалып,
Жолы барма бәйгенің алдын бермес,
Бар әрине, бірақ мен сотталамын.
Айт десең құлағыңды жақындатқын,
Құлынын тастатуға тоқталамын.
Жабуын қалың жауып, ұзақ шауып,
Суарды суымастан от тамағын.
Құлын түсті сылқ етіп күні жақын,
Шарасыз шыр айналып көм дегендей,
Көреді қара жерді шоттағанын.
Құлынды жеті түнде көрместей ғып,
Арасына өреді боққаланың.
Тыпырлап тұрар емес арғымақтар,
Торы бие ортасында топ қараның,
Қара қасқа сейісіне сауал қойды,
Неліктен ол биеге көп қарадың.
Жануар биелігін жасапты деп,
Көрсетті төмен қарап, жоқты амалын.


Ат үстінен еңкейіп жүзік ала,
Ынтасымен баптады төзіп бала,
Алтынқожа шабандозға ақыл айтты,
Тұлпарды жібітып алып, сүзіп тара.
«Қара қасқа» екпінін аңдып отыр,
Басқа аттың шабысын қызықтама.
Үш айналым қалғанда қоя берсең,
Торымыз кете берер үзіп қара.

Жалғыз жүйрік келеді дара шауып,
Шабандозы көрінбейді,туды қауіп.
Қалың жалын жел қайырып жануардың,
Келе жатты баланың басын жауып.

Көпшілік өз орнында тұра алмайды,
Жал астынан қара бала қылаңдайды.
Қуаныштан жыламшы дауыспенен,
Балақай:«Қожахмет!» -деп ұрандайды.

Байқалмайды баланың шаршағаны,
Ұранын қайта-қайта жар салады.
Бәйгеге топ боп барған ауылдастар,
Торыны жылап тұрып қарсы алады.

Тұлпарының шабысына тоғаттайды,
Арғымақ абыройын жоғалтпайды,
Өткір көз бір пәлені білмесін деп,
Сәйгүлікке ешкімді жолатпайды.

Арам іс болғандығын түсінеді,
Сәйгүлікті қораға әкеп түсіреді,
Жер сүзіп, тұмсығымен иісін сезіп,
Құлыным қайдасың деп кісінеді.

Жасырдың жануар ай тұлымыңды,
Танылад тұлпар деген жығып мыңды.
Жарықтық затың неткен асыл еді,
Бәйгеде іздемедің құлыныңды.

Бәйгеден келгенінде бағы ашылып,
Құлынын енді іздеді аласұрып,
Осқырды пыр пыр етіп, ыңыранып,
Тыншымай тулай берді таң асырып.

Алдына қойған асты оя жеді,
Көп болса, қожайыным сояр деді.
Обалым саған деген кейіпімен,
Ойнақтап сұлу торы тоя желді.
Егесі жылап тұрып кешірші деп,
Ноқтасыз кең далаға қоя берді.

Екеуі айдалада жеке қалды,
Сол сәтте бір құбылыс етек алды,
Басын тақап алдына кешірдім деп,
Сұлу торы үйіріне кете барды.

Нұрмұхаммед ӘБІЛҚАСЫМ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің 
Ж-16-01 тобының І курс студенті.



Сондай-ақ... оқыңыз:

КЕШ КЕЛГЕН КӨКТЕМ

КЕШ КЕЛГЕН КӨКТЕМ

Құрметті оқырман! Өзім куә болған, шын мәнісінде әңгіме кейіпкерімен жақын...
Жылқы түсінің негізгі ерекшеліктері

Жылқы түсінің негізгі ерекшеліктері

 Жылқылардың түр-түстерінің маңызы, жылқының бір-бірінен айыруға көмектесетін...
ЖЫЛҚЫНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

ЖЫЛҚЫНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

Жылқы жайлы естіп-көрген керемет өте көп. Бүгін соның бірін айтқым келді. Ендеше...
ҚАЛАМЫ СЕМСЕР СЕРКЕ ЕДІ

ҚАЛАМЫ СЕМСЕР СЕРКЕ ЕДІ

Құрбысы көп те теңі жоқ қайталанбас Құттыбаймен мен бала кезден таныс болатынмын....
ТҮС НЕМЕСЕ БАЗАР ҚОЖА ХАҚЫНДА

ТҮС НЕМЕСЕ БАЗАР ҚОЖА ХАҚЫНДА

Қазалыдағы Бекарыстан би ауылында жатқан Базарқожа баба туралы аңызға бергісіз...
ШАБАРМАННЫҢ ШАҒЫМЫ

ШАБАРМАННЫҢ ШАҒЫМЫ

Елшекен  байдың екі шабарманы бар еді. Бірі – Ақан, екіншісі –Жақып-ты. Сол...
Пікір: