АҒАНЫ АҢСАУ

ӘДЕБИЕТ | 03 мамыр 2017 ж. - 16:29 | Көрудің саны: 58
АҒАНЫ АҢСАУМен биыл 80 жасқа толып отырмын. Өткенге көз жіберіп, ой елегінен өткізсем, әке-шешелеріміз, ағаларымыздың, олардың замандастарының көрмеген қиындықтары жоқ екен. Ашаршылық, енді елдің жағдайы жөнделе бастағанда, Ұлы Отан соғысы басталып ер азаматтар елді қорғау үшін майданға аттанды. Сол қиын қыстау өмірдің шетін, зардабын замандастарымызбен көріп өстік. Сол қиындықтарға төтеп беріп мойымай, қасқайып, қарсы тұра білген сол кездегі адамдар еді. Біздің адам болып, ел үшін қызмет атқаратындай тәрбие алуымызға, өсуімізге сол азаматтар үлгі-өнеге болды. Жастарды өсіретін, жақсылыққа жетелейтін, жеткізетін қоғам, отбасы, ағайын-туысы және ортасы екен.
Өзіме үлгі-өнеге болған атамыз Құдайбергеннің үлкен баласы, Сейдахмет әкемнің ұлы Алтынбек аға жайлы Жеңістің 72 жылдығына орай жазғым келді. Құдайбергеннен тараған Сейдахмет, Сейдалы, Асан, Әліқұл «Бірлестік» ауылында еншісі бөлінбей, бір-біріне жақын орналасқан қоржын тамдарда тұрған екен. Әкелеріміздің қанына сіңген бауырмалдығы, ынтымақтығы, ауызбіршілігі сияқты асыл қасиеттерін бізге де сіңіргендей екен.
Алтынбек аға соғыс басталысымен 1941 жылдың 23 маусымында майданға аттаныпты. Орысша білімі болғандықтан, командирлер дайындайтын курста әскери білім алып, бөлімше командирі болып, Ресей, Беларусь, Украина жерлерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысады. Кенисберг, Пилау бекіністерін, Пултус уезіне қарасты Лиски қыстағын азат етуде бес жерден жарақат алып, майдан даласынан қайтарылуға бұйрық берілсе де жарақатын таңдырып, соғысты жалғастыра берген. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Данқ», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Кенисбергті алған үшін», әскери зауытты аман алып қалуда көрсеткен «Ерлігі үшін» медалімен және Жоғарғы бас қолбасшы И.В.Сталиннің «Алғыс хатымен» марапатталады. Әскер қатарында 1941 жылдан 1946 жылға дейін болған аға «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған, бірақ медаль табысталмаған. Бұл мәлімет Ресей федерациясының әскери мұражайынан 2017 жылы алынған.
Соғыстың аса ауыр кезеңінде жарақатынан емделгеннен кейін 1942 жылы желтоқсан айында елге демалысқа жіберілгендігінің өзі ол кісінің ерлігінің куәсі деп білемін. Ағаның демалысқа келгенін бірінші менің көргенім әлі күнге есімде.
Алтынбек аға соғыс аяқталғаннан кейін Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің (КГБ-ның) ерекше бөлімінде қызмет атқарған. Соғыста алған жарақатының салдарынан елге қайтарылды.
Халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. 1950 жылы Орал қаласында партия, совет қызметкерлерінің білімін жетілдіру курсында оқып келді. «Құмсуат», «Айдарлы», «Бірлестік» колхоздарында колхоз төрағасы, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін 1962 жылға дейін абыроймен атқарды. Қай жерде жұмыс атқарса да біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен, өмірге көзқарасы, дүниетанымы терең, төзімді, қайсар, әділ, елінің болашағы үшін барын беретін, өте қарапайым мінезге бай, ақылды адам, басшы ретінде елдің есінде қалды. Ерлігі мен еңбегінің арқасында ағамыз соғыс және еңбек ардагері болды.
Омырауы толған орден, медальдармен елге келген ағаның алдында, жан-жағында отырып, біз, балалар, үлкен кісілер, әйелдер неше неміс өлтіргенін сұрайтынбыз. Аға ешқашан айтпайтын. Адам өлтіру оңай емес. Олардың басқыншылық соғысы әділетсіз еді, басшылардың бұйрығын орындаған әскерлері ғой, бастарын қорғауға да шамалары келмей қалды.
Бізді жігерлендірген елді сүюіміз, үкімет пен партияның Отанды қорғау. Жаудан азат ету тапсырмасы болды. Елімізді, жерімізді, ата-аналарымыз бен бала-шағамызды қорғау үшін көзсіз ерлік жасадық. Отан үшін жан пида деген сезім ғана жеңіске жеткізді дейтін. Қанша адам елге оралмады. Соғыс болмасын деп тілеңдер деп отыратын. Сондағы ойы біздің жас миымызды бөтен халыққа қарсы уламау, жек көру сезімін оятпау екенін түсіндік.
Ағадан алған өнегеміздің бірі үлкенді, әке-шешені құрметтеу, әйел баласына деген сыйласу. Колхоз жұмысына ерте кететін аға, әуелі әке-шешесіне барып амандасып, хал-жағдайын сұрап, қандай тапсырмалары барын білетін. Бізге бір үйде тұрып, қолын алып амандасқаны ерсі көрінетін. Әке-шешесінің күтіміне ерекше назар аударып, қатты қадағалайтын еді. Біздер ер жетіп оқу үшін қалаға көштік. Әліқұл ағалар да балаларымен қоныс аударды. Бірлестік пен қаланың арасында көліктер өте сирек болғанмен аға айына екі рет Әліқұл ағасының қолын алуға біздің үйдегі жеңгесінің амандығын білуге келетін. Аға өте мейірімді, жұмысқа талап қойғыш, әр істің көзін білетін, қиналған жанға қол үшін беретін. Ағайынның бірлігін ауызбіршілігіне қатты назар аударатын. Келеңсіз кикілжіңдерге бақылау жасап араласып, оң шешімін шығаратын. Асан аға соғыста қайтыс болып, алты, тоғыз жасар балалары Балғабай мен Қыдырбай ағаның қарамағында тәрбиеленіп, үйлендіріп бір-бір отау етті. Қазір Аманкүл, Әшен жеңгелеріміз «Батыр ана» иегерлері бәйтеректей жайқалып, немере мен шөберелердің қызығын қызықтап отыр. Белгібай аға, Алтынкүл апам басқа ағайындардың да балаларының оқуына, азамат болуына көмектесті.
Таңның атысы, түннің батысы колхоз жұмысында еңбек еткен колхозшылардың еңбек кітапшалары болмағандықтан, зейнетке шыға алмай жүрген ауыл тұрғындарының зейнетақы алуларына көмектесіп, анықтамалар жинап, 100 деген қариялардың батасын алды.
Алтынбек аға 1937 жылы жеңгеміз Жақсыгүлге үйленіп, әскерден оралғаннан кейін Оразкүл есімді қарындасымыз дүниеге келді. Кейін Айдархан, Еділғазы, Әбілхан атты інілеріміз, Сәуле, Зәуре атты қарындастарымыз туылды. Жеңгеміздің мінезі жұмсақ, мейірімді, еңбекқор, қатты сөзі жоқ кісі еді. Ағаның атын атамайтын. Тіпті қайны-қайын сіңлілерінің атын атамай, қойған есімдерімен атайтын. Ағаның үлгісі бойынша ауылға барып сәлем бергенімізде, арқа-жарқа, мәз-мейрам болып ағайындар жиналатын. Әбігер болғанына қарсылық білдірсек «ол не дегендерің, қонағым көрсін, ағайындарым жесін» деп күлетін. Балаларына, бізге көрсеткен тәрбиесі дерсің. Ағамыз өткен ата-бабаларымыз туралы Сейдахмет әкемізден естіген, білгендерін әңгімелейтін. Асыра сілтеудің кезінде аталарымыз кәмпескеге ілініп, бай-құлақ болып қудаланғанын, бабаларымыздың елдің биі болғанын, әулетіміздің текті екендігін, «Дала комиссары» атанған, халық комиссары Әліби Жанкелдин Құдайберген атамның қарындасы Батсайдан туған жиен екенін білдік. Жанкелді ұлы Тоғжанға арнайы құда түсіп, ұзатып алған екен.
Алтынбек аға тұрған жерін көгалдандыру жұмысына көңіл аударатын, канал, арық қаздырып, бау-бақша егетін. Ауылдастарына көшет таратып, жасыл желекке орануына  атсалысты. Ерінбей еңбек ететін. Аға-жеңгемнің тағы бір қасиеті бала тәрбиесіне назар аударуы еді. Сабақ оқу, кітапқа құмар болуы, үй шаруасына көмегі, колхоз жұмысына араласуына дейін бақылайтын. Інілерін, балаларын, әйелдерді колхоз жұмысына араластырды. Үлгіні біздің отбасымыздан алуы керек дейтін. Аллаға шүкір! Әулетіміздің ұл-қыздары жақсы отағасы,  отанасы болып, олардан тараған ағаның немере-шөберелері өмірден өз орындарын тауып, өсіп-өніп, үлкен әулетке айналды. Егеменді еліміздің үлгілі азаматтары. Тамыры тереңде жатқан бәйтеректің бұтақтарындай көгеріп-көктеп жапырақтарын жайып жатыр. Ер-азамат елдің, отбасының тірегі, әйел үйдің береке бірлігі. «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп», «Тәрбие от басынан басталады» деген халықпыз ғой, ағаның, үлкендердің үлгі-өнегесі жастарға сабақ болар деген үміттемін. Осындай мақтауға тұратын Алтынбек ағамды мақтан етіп, елге паш ету азаматтық борышым деп есептедім.

Мырзалы ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Қызылорда қаласының Құрметті азаматы,
облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер,
тыл және еңбек ардагері.

Сондай-ақ... оқыңыз:

Кеңесбай Қалиев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды

Кеңесбай Қалиев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Ұлы Отан соғысының ардагері, Қызылорда...
Қазалы ауданында ҰОС ардагерлеріне құрмет жалғасуда

Қазалы ауданында ҰОС ардагерлеріне құрмет жалғасуда

Әрдайым ардагерлерді назардан тыс қалдырмайтын, сәт сайын хал жағдайын біліп...
МӘҢГІ ЖАСА, МАЙДАНГЕР

МӘҢГІ ЖАСА, МАЙДАНГЕР

Екінші дүниежүзілік соғыс еліміз үшін ауыр тиді. Қаншама отбасының шаңырағы...
ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ТҰЛҒА

ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЖАРҚЫН ТҰЛҒА

Ел басынан өткен талай қиыншылықтардың ортасында болып, қанды  соғыстың...
Пікір: