Есенғали Раушанов Ақын

«Мен кеше «халық жауының» баласы едім,
Бетегеден биік, жусаннан аласа едім.
Өкпелесе, біздейлер өкпелесін,
Сталинге не өкпең бар, аға, сенің.

Біздей де ғаріп аз ба екен,
Өкпе де ме екен, наз ба екен?
«Беломорканалды» сен шектің,
Беломор каналды қазды әкем.

Түтін де ме екен, өрт пе екен,
Біздейлер әлде жоқ па екен?
Айналып сахна, орындар
Ауысып қалай кетті екен?

Өкініш пе екен, кек пе екен,
Біздейлер әлде көп пе екен?
Тісіңді басып сен жүрдің,
Tic жармай саған өтті әкем.

Tic жармай өтті неліктен,
Ойланам бүгін келіп мен.
Ол үшін өлік едің ғой,
Кек алып қайтсін өліктен.

Заманның желі өкпек-ті,
Көмусіз қалды көп текті.
«Халықтың жауы» — сары шал
«Халық аман болсын» деп кетті.

Ғаріп пен ғасыр бағына,
Сірескен көк мұз жарыла,
Айналып уақыт сахнасы,
Ауысты орындар тағы да.

Қайтеміз наз деп, өкпе деп,
Өкпеден, аға, жоқ көмек.
Сахнадан түсіп барасың,
Жолықсам деп ем бетпе-бет.

Жас ұрпақ мынау — жаңа әлем,
Жалқы емес екем, аға, мен.
Ұзайсың үнсіз сахнадан,
Ұзайды үнсіз қара мең.

Көкіректерді от қарып,
Тұрамыз біздер топтанып.
Қайтамыз сосын баяғы
Сахна жақты бетке алып.

***
Жан-жағымнан қап-қара тасқын қамап,
Жандәрмен күн қаша алмай бас бұрмалап,
Мен Ташкентте өлер ем,
Саламатхан,
Сенің нөпір шашыңның астында қап.

«Мен қазақпын!
Алматы,
ар ма!» - дедім.
Жылытпады ол мұз болып қалған өңін.
Қапа шығар қазаққа... дедім іштей
Қарындасы секілді хан Кененің.

Тұлдана да қарайды, сұрлана да
Нөкеріндей көк найза шыңдар ана.
Қатал,
қайсар,
қызғаншақ,
өр көкірек,
Бір нәзіктік бар бірақ бұл қалада.

Бір нәзіктік бар онда... тіксінбелік,
Қайсар қыздың жанын ел ұқсын делік.
Сұлу жүзін жас жуып кетеді әр кез,
Бірақ кірпік қақпайды ол сұп-сұр болып.

Мәйін бұлақ алдымда жорғалады,
...Мешіттерді аралап жол барады.
Мен Ташкентте өлер ем,
Алматы бар,
Тек мен ғана түсінем ол қаланы.

***
Мына шалдар кетеді ертең, дау бар ма?
Біз өзіміз айналамыз «тауларға».
Мейірхандар қартаяды қудай боп,
Есенқұлға ақсақалдық ауғанда.

Мүлде бөлек ұлысы да ұраны,
Ойхой, шіркін, ел боламыз мұралы.
Өтежандар шығады ертең бізден де,
Енді, әрине, өзгелер де шығады.

Шығады өрге жүйріктер мен жабылар
Бүркіті бар,
Жапекеңі тағы бар,
Өзіміздің Олжасымыз болады,
Бір Олжасқа бір тәржіман табылар.

Бүгінгі күн Қадекеңде тұрған бақ
Ауысайын қайсыңа деп жүр барлап.
Н. Рубцов болам дейді Аманхан,
Сонда біздің Тоқашымыз кім болмақ?

Қазірден-ақ шаруасына тас, мығым,
Сейтқұлдар шығар, бәлкім, бастығым.
Байбота шал отырады балконда,
Қай пәтерде калды екен деп жас күнім.

Өрекпімей, байқай шабар ма екенбіз,
Өрге қарай шайқай салар ма екенбіз?
Қырық жастан асқаннан соң біздер де
«Атақ бер» деп айкай салар ма екенбіз?

Ұсақ емес, сақалар ма екенбіз,
Атан бермей, ат алар ма екенбіз?
Қазақ үшін жан қинамай жүріп-ақ,
Қазақ жазушысы атанар ма екенбіз?

Мұрагерің біз боламыз, жарық күн,
Сен де бізге басқа емессің, ғаріп түн.
Қасиетің де, қасіретің де – еншімде,
Қара өлеңі қазақ деген халықтың.

Әңгіме ме, болмас, бәлкім, болар шен,
Туады өлең – сене бергін, оған сен.
Жұлдыздардай самсап өлі тұрамыз,
Жұлдыздардай сирейміз біз содан соң…

Содан соң ба?
Күледі жел жындана,
Күрсінеді жасыл қала, гүл қала.
Содан кейін… отырады ойланып,
Біздер жайлы өлең жазып бір бала…

***
ИНТЕРВЬЮДЕН СОҢ

Несiн қазбаладың,
Өшкем де жоқ, жоқ және маздағаным,
Қателердi жасауға мен жасаған
Бiр кiсiнiң ғұмыры аз, қарағым.

Ақталам не деп бүгiн,
Бақа уайымым көп болды, бөлек мұңым.
Жаңсағым мен мiнiмдi түзетерге,
Мен бiлмеймiн қанша өмiр керектiгiн.

Сатпаған құстар ғана,
Әсiресе, бозторғай ұшқан дара.
Менiң ессiздiктерiмдi қайталауды
Тiлемеймiн дос түгiл дұшпанға да.

Көлден өтiп, көлденең шөлден өтiп,
Өлмегенмен өзiңдi өлмелi етiп,
Ел жадынан тезiрек ұмытылсаң,
Ешкiм бiлмес, танымас жерге кетiп.

Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,
Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.
Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,
Қонып ұшар қанаты талған құстар.

***
1974 жыл, Алматы
Абай даңғылымен,
Жуынып сәуiрдiң жаңбырымен
Келе жаттық жыр оқып жiгiт пен қыз
Таза едiк қой күнәдан, күдiктен бiз
Тұманбайды сүйемiз екеумiз де,
Екеумiз де үкiлi үмiттермiз.
Әсем әнi, қылығы неге тұрады?!
Ару едi ол, жолында өлетiн-ақ.
Көп ұзамай тұрмысқа шығып кеттi,
Тұманбайды аяппын мен ақымақ.
Аяғам жоқ өзiмдi, жырды аядым
О, не деген қатал ед, гүл баяным.
Бiр бәйбiше жүр бүгiн Алматыда,
Сыры кетпес сынса да сырлы аяғым.
Бар мiнiмен, бар сәуле, бар мұңымен
Жастық бiзден алыста қалды бiлем.
Гүл шоғы, тал бүрiмен,
Таза ауа, таң нұрымен.
Сәуiрдiң жаңбырымен
Жуынып баяғыдай
Сендер қыдырыңдар ендi 
Абай даңғылымен
Мен демаламын.

***
ЕСЕНТАЙ ӨЗЕНІ

Қыз кетті, басқа жігіт ұнады да,
Күз еді, ит үреді тым арыда.
Ол күнде сен де Есентай, мен де Есентай,
Қосылып екі Есентай жыладық, ә?!

Сол сурет өшпейді де, өлмейді де,
Сол бір от келе жатыр сөнбей, міне.
Қосылып екі Есентай жылағанын
Содан соң көрмеді ешкім, көрмейді де.

Содан соң өзім көрдім не көрсем де,
Өшсем де, кенелсем де, теңелсем де.
Тақырды тастай қашқан ақ киіктей,
Алыстап кете бардың менен сен де.

Жарасын зекетіңе мал, дияр, бақ,
Шаршадым ән-күй арнап, сан қиялдап.
Аттас-ай, сол дәуренге бір апаршы,
Алдыңа жығылайын алдиярлап.

Өр едің - сағасы өткел бермес мүлде,
Бүгінде лай сумен теңдестің бе?
Менің де өткен жолым өзіме аян,
Бірақ мен кештім бәрін, сен кештің бе?

Өмірдің басы қайда, қайда-ау соңы,
Ескі жұрт дегеніміз - жайлау соны.
Барамыз күзге кіріп, байқаймысың,
Аулақта ит үреді... әй, қойшы оны.

* * * 
Бірінші қаңтар жаңа жыл емес,
Жаңа жыл емес наурыз да.
Жаңа жыл күзден басталу керек меніңше...
Несі таң екен аспаннан ақ қар төгілсе,
Несі таң және қылтиып көк шөп көрінсе?..
Жаңа жыл күзден басталу керек меніңше...
Күл мейлің...
Бұзылып кенет нілдей күн,
Еңсеңді басса зілдей мұң.
Жаңа жыл күзден басталу керек меніңше...
Неге екенін білмеймін...

***
Осы ауылда бір құдаша бар-ды,
Құдаша бар-ды қылығы балдай.
Тарақ қып,
айхай, бұла самалды,
Тарқатылатын бұрымы қандай.

Сүйеді тауды,
сүйеді желді,
Шырқайды кілең «қағынған» әнді.
Күміс пияламен жиегі зерлі
Боза ұсынғаны жадымда қалды.

Шолпан еді өзі,
Үркер еді өзі,
Қиялдап соны кешкен ем елес.
Екі-үш жас менен үлкен еді өзі,
Екі-үш жас не ол?
Ештеңе де емес.

Оянам ылғи
...түс көріп тәтті,
«Айгөлек» ойнап періштелермен.
Құдағи біздің тістеніп бақты,
Салқын бас изеп көріскен елмен.

Алағайлы шақ,
бұлағайлы шақ,
Күрсінем,
Іштей күлемін дағы.
Тау біздің кәрі Құдағиға ұқсап
Түнеріп алған,
Бұ неғылғаны?

Айнала жым-жырт.
Қараңғы мүлде.
Ай тұр ілініп тыныш қияда.
Тынған болды ғой самал бүгінде,
Сынған болды ғой күміс пияла.
  
ӘДЕБИЕТ 26 маусым 2017 г. 158 0