Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Гүлнәр Салықбайдың өлеңдері

Мен бақытты бола салам бір күні
Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі –
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!

Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам...
Көресің!

Кешіріңдер келгенімді өмірге


Кешіріңдер кең пейілді пішінде:
жүргенімді осы байтақ өңірде!
Кешіріңдер
дәл осылай болғандығым үшін де,
келгенімді өмірге...

Кешіріңдер
сүйгенімді өртеніп,
Күтіп желдің өкпегін.
Түкке тұрмас бір істерге тер төгіп,
өмірімнің өткенін...

Кешіріңдер
жақсы көрсем бәріңді,
көргім келіп биіктен.
Содан кейін өртеп алып барымды,
Жер тырнасам күйіктен.

Кешіріңдер
сенгенімді себепсіз,
жарқыраған бағымды.
Тозып біткен заттарыңдай, керексіз
лақтырылған шағымды.

Кешіріңдер
құрметсіздің қулығын
дер кезінде ұқпасам.
Қырық тесік болса дағы сулығым,
қабағымды шытпасам.

Кешіріңдер
түсінбесем біріңді,
көңілімнің қалғанын.
Кешіріңдер
жүрегімді, жырымды
және олардың арманын...

Кешіріңдер
өзгешелеу түсінік,
өңге айналмас түсімді.
Оңып кеткен көйлегімді – түсі ұмыт,
мағынасыз ісімді...

Кешіріңдер
күткенімді үгіліп,
Кездерімді жаңылған.
Көз жасымды –
шыға алмаған тығылып,
жүрегіме ағылған...

Кешіріңдер
жасырылған жарамды –
ешқашан да таңбаған.
Кешіріңдер қолымдағы қаламды –
құмары бір қанбаған.

Кешіріңдер кітабымды бітетін –
айта алмастан бір шынын.
Кешіріңдер кереметтер күтетін
жүрегімнің дүрсілін...

Кешіріңдер
осынау бір адамды –
жағдайы жоқ белсенер.
Кешіріңдер иен қалған жағамды
қолдарыңнан келсе егер...

Кешіріңдер
жазылмаған сөзімді,
өзімді де әлі аман.
Кешіріңдер менің ғашық көзімді –
өздеріңе қараған...

***
Білмесем де өзіңе жат па азабым,
Ғашық болып ғажайып баққа жаным,
Ұлпа қарды кеудеме жиып алып,
Ұлпа қардай қағазға хат жазамын.


Хат жазамын,
Басқадай жоқ амалым,
Думанды да сол күні доғарамын.
Білсем болды тек сенің барлығыңды,
Сен жоғалсаң,
Мен дағы жоғаламын.

Білмесем де қара ма, ақ па жаның,
Жиып қойып тағдырдың бақ, тозағын.
Ұлпа қардай сұп-суық тұрағымда
Жүрегіме жылынып, хат жазамын.

***
Сенен қашып қайда барам, белгісіз,
Сенен кетсем... өзімнен де кеткенім.
Сенсіз күннен – беті адам көргісіз
Безе қояр батылдығым жоқ менің.

Барлығыңды көрген де емен,
Ол қандай?
Мүмкін мүлдем дүниеде жоқ құдай.
Менің әсем өмірімді – сормаңдай
Мекендейсің әдемі бір соққыдай.

Алданыштың аяғында сұр нүкте,
Жан-жағымда жанталасқан жарыс бір.
Иесімен – икемдірек тірлікке
Менің салған суретімді салыстыр.

Өңі кеткен өмірімді сүйретіп,
Сенен қашып қайда барам?
Қай тауға?
Нағыз шындық нанымымды күйретіп,
Тұралатып, тұнығымды шайқауда.

***
Сен тау сияқтысың –
ығы жоқ.
Сен жау сияқтысың –
Қорғайтын.
Сен ой сияқтысың –
түбі жоқ,
Сен той сияқтысың –
болмайтын.

Сен тот сияқтысың –
басатын,
Сен от сияқтысың –
жанбаған.
Сен көп сияқтысың –
шашатын,
Сен жоқ сияқтысың –
таңғалам...

***
Кездесуге қалса үлгірмей,
Ашық күнді аңсап, бұлты жоқ.
Жылағанын қыздың білдірмей,
Жауа берші, жаңбыр, сіркіреп.

Ғашықтарды қатал жазалап,
Ауа райы қалай айырсын?!
Жауа берші, жаңбыр, тазалап,
Жүректердің көзі шайылсын!

Тырс-тырс, тырс-тырс...
Тереземді жаңбыр қағады.
Көк аспаннан ерке моншақ тамады.
Мың тамшылар әуен болып ағады,
Сол әуеннен жаным рақат табады.

Кел, далаға күліп шығайық!
Жыламасын ешкім мұңайып.
Қолшатырдың барын ұмытып,
Қолымызды тосып тұрайық!

Жаңбыр өтіп жұқа көйлектен,
Жапырақтың жайын ұғасың.
Көлік күткен сұлу бойжеткен
Қуаныштан ғана жыласын...
ӘДЕБИЕТ 26 маусым 2017 г. 98 0