27 жасында жоғалып кеткен қызылордалық ақын Әділ Ботпановтың өлеңдері

 
Түн жамылып тәңіріммен тілдестім

Тәңірім-ау!
Сор басымды салдың-дағы жолға сан,
Таба қылдың жақынға һәм жатыма.
Бір ақынды бақытты ете алмасаң,
Ұяттау ғой Құдай деген атыңа.

Дедім, міне, көкіректі тырналап,
Көлгірсіген өгей мұң.
Жырта берсең жүрегімді жұлмалап,
Мұнан басқа не деймін?!

Зор күнімді сәт ішінде қор қылып,
Күн берердей кіл кещеге қаратқан,
Бақ құсыңа тор құрып,
Құзырыңа қол сұғып па ем, Жаратқан?!

Мен не жаздым?
Білетұғын аямды,
Аталардың тұяғы ем ғой, өр, текті.
Дұшпанкөз ғып бақыт бер де баянды,
Құдайлығың рас болса, көрсетші.

Ием болсаң көкірекке салған жан,
Жатырқамай жылытсаңшы боп пана.
…Өз-өзіңе тең таппаған жалғаннан
Сен емес қой тек қана…
Тәңірім-ау…

Әумин деңіз


Мынау өлең —
Бұйырып Хақ жазаға,
Қойыны толып азаға,
Шәһит болған шаһарларға — жаназа…

Мынау өлең —
Ада болып арманы,
Арам өліп ардағы,
Ақшелденген аларып
Жанарлардың маржаны.

Мынау өлең —
Алмас тіліп гүл-өңін,
Арқан қиып білегін,
Дұшпан елге күң болған
Арулардың айтсам дейді тілегін.

Мынау өлең —
Болмай сол тұс тоқтауы,
Жалмап кеткен от-жауы,
Мешіттердің,
Мешіттердің жоқтауы.

Мынау өлең —
Емдеп елдің жүрегін,
Серпіп тастап түнегін,
Шәһит болған шаһарларды түлетер
Ұл туса дер тілегім…

Көңіліңізге орнар болса жырым нық,
Санаңызға артар болса сырым жүк,
Осы өлеңді оқып болып, ағайын,
Әумин деңіз ырым қып.

Жолданбайтын хат

Тағы да ұйқысыз түн,
Сағынышты,
Тәтті қайғы,
Жүректі тағы құшты,
Елесіңе
Тәу еттім, аймалаған,
Құлақ кесті құлыңмын бағынышты.

Тағы да мұңаямын,
Мына түннің
Салған әнін лебінен ұғатынмын.
Енді, міне, сүлде боп қалдым сенсіз,
Бәрін, бәрін жоғалтып мұратымның.

Тағы да жұлдыз ақты,
Алақаның…
Жұлдызды қондырғанын жаратамын.
Себебі: мына жұлдыз — менің жаным,
Сені іздеген қорғансыз балапаным.

Тағы да түн сөйлейді,
Менен көне…
Сыр тартып жол шегеді өлең-кеме.
Бір ұқса сол ұғады тағдырымның
Мені зар ғып қойғанын көлеңкеңе.

Тағы да жел ұлиды,
Қараңғылық,
Ойымда — ерке мінез, балаң қылық.
Қара қайғы кеудемді тырналайды,
Басыламын қасқыр боп алам да ұлып.

Тағы да қайғы оралды,
Қара қайғы,
Жүрегімді кескілеп жаралайды.
Құл болсам да өзіңе… тірі жанмын,
Тірі жанды азаптау жарамайды.

Тағы да бұлт көшеді,
Парақтағы
Жазылған жыр-жанардан қан аққалы,
Сен кеткелі бақытым өлді менің,
Мен үшін таң атпады, таң атпады,
Сен кеткелі мен үшін таң атпады.

Тағы да ұйқысыз түн,
Хаты мына,
Құлыңның әр түнінің аты — шүбә.
Өзіңе жетер болса бір қайырылып,
Құран оқып кетсеңші бақытыңа.

Диуана шығармын…

Тектіден тексіз тумас деп,
Сыйласаң мені, сұм тағдыр, қайғымды емес,
Қуанышымды жумас па ек?
Менің атамды орысқа сатқан опасыз
Өмірден өткен қу бас боп.

Қайтесің, тағдыр, ұлы болсаңшы тоқтамның
Менде бір күш бар, бар жасап берем жоқтан мың.
Шалдар айтады: «Анау Ақсақал-Тәуіптің маңында
Мешіті тұр, — деп, — Ботпанның».

Қарақұм іші, мешітке барар жол кесіп,
Сәуегейлерім отыратын-ды гөйлесіп.
Қайда жүрсем де қанаты болып атамның
Қорғайды мені сол мешіт.

Кешегі өткен алтын шалдардың құймасы,
Мен бір ботаңмын үзіліп кеткен бұйдасы.
Жауласар болсаң, тағдыр-ау,
Мені сыйлама, шалдың мешітін сыйлашы.

Шашымды сипап, жұбатады күз кейуана,
Ботасын жалғыз тастауға ол да қимады, ә?..
Мінәжат қылар бір кезде
Өлеңнен мешіт тұрғызып жүрген диуана…
Диуана шығармын…

Аралдағы кемелер


Көңілден мұң-жыр үзіп ем,
Қара жел жұлқып жағамды,
Аралдың ару қызымен,
Аралап үнсіз гаваньды.

Көктен бір қарап нұрлана,
Күлген-ді сол түн керім ай.
Жыр құшқан портта мұңдана,
Елім-ай, қайран жерім-ай!

Кеудесін бүре шаншылып,
Мұржалар — мерген жебелер.
Төстері құмда жаншылып,
Кемелер жатты, кемелер…

Тартылды көңіл теңіздей,
Дариға, неге теңедім?!
Қырылған жұт жыл өгіздей
Мысалы сансыз кеменің.

Жатыр-ау шағым ете алмай,
Бермепті тағдыр не тілді.
Теңізін қуып жете алмай,
Өкпелері өшкен секілді…

Кемелер, қайран кемелер.

Күз. 
Сырдың жағасы
Жағаға
Келгенде сұр күз,
Толқынға үнсіз,
Қараған мұңсыз
Ғажап, ә?..

Балаша
Тілдесіп сырмен,
Үндесіп жырмен,
Сыңғырлай күлген
Тамаша.

Самғаған,
Телміріп құсқа,
Кеудеден ұшса,
Әлемді құшса
Арман ән...

Не керек,
Жағада шулы,
Әлемге дулы,
Айтсаң бар сырды
Керемет...

ӨМІР


Мен сені сүйемін, өмір,
Шуақты күндерің үшін.
Қос бұрым ерке қыз болып,
Сыңғырлай күлгенің үшін.

Мен сені сүйемін, өмір,
Сыйлаған жырларың үшін.
Елжірей досыма айтқан
Ең қымбат сырларым үшін.

Мен сені сүйемін, өмір,
Арайлы арманым үшін.
Алдымнан алаулап атқан,
Ақ нұрлы тағдарым үшін.

Мен сені сүйемін, өмір.
Өзіңе келгенім үшін.
Көзіме жас ала жүріп,
Қиынды жеңгенім үшін.

Мен сені сүйемін, өмір,
Тым қысқа болғаның үшін.
Жүрекке бермеген тыным
Өлеңнің толғағы үшін.
Мен сені сүйемін, өмір!

ӘДЕБИЕТ 26 маусым 2017 г. 1 312 0