ҚЫСҚА ӘҢГІМЕЛЕР

• Таңертең үйге келе жатсам, кіреберісте жазу ілініпті: «Құрметті, көршілер! Бүгін шамамен 9.20 үйге кіретін есіктің маңында 120 сом жоғалды. Тапқан адам 76-пәтердегі жалғызбасты анаға апарып бере салыңыздаршы! Зейнетақысы – 15 мың ғана екен». Әмиянымды ашып 120 сомды ыңғайлап қолыма алып, әлгі пәтерге барып, қоңырауын бастым. Ақша ұстаған қолымды соза беріп едім, есік ашқан кісі бас салып құшақтай алды. Сасып қалдым. Бірдеңелерді айтып, көзінің жасын сүртіп жатыр. Не болғанын түсінбей қалдым. «Ұн әкелуге шығып едім. Келгенде қалтамнан кілтімді алдым, сол кезде түсіріп алған шығармын». Бірақ! Ақшаны алмады. Бүгіндікке оның ақшасын тапқан алтыншы адам екенмін! Адамдар! Мен сендерді жақсы көрем! 

• Базарға бара жатсам, маңайындағы тар жолда шашы аппақ қудай қария кісі құтыдағы гүлін сатып тұр екен. Сұрағанынан да артық қылып беріп кеттім. Көзіне жас алған апам, «шалға ет алайын» деп аяғын жылдам басып кетіп барады. Құтыны ұстап үйге әкелдім. Таңертең оянсам, гүл ашып, құлпырып тұр екен. 

• Өзімді ешқашан сүйкімді деп те санаған емеспін. Бір күні сөз байласқан жігітім екеуміз сөйлескен соң ол телефон тұтқасын дұрыс қоймай қалды. Ар жағынан бөлмелес досына мен туралы айтып жатты. Бүгін қандай сұлу болғанымды, мен қасында жүргенде жаны жадырайтынын жеткізді. Мені қатты сүйетінін мойындап жатты. Естіп алып, есімнен танып, бақырып жыладым. Өмірімде бірінші рет өзімді сұлу сезіндім. 

• Сауда орталығында құрбым екеуміз қыдырып жүрген едік. Жарнаманың викториналық ойынына қатысып, жұмсақ ойыншық ұтып алдық. Жанымызда ақыл-есі кемдеу баласын жетектеп жүрген бір әке болды. Біз ойыншықты сол балаға беріп кеттік. Ол бізге «рақмет» деді. Әкесі соны естіп жылай жаздады. Баласы көптен бері сөйлемей кеткен екен. 

• Бірнеше ай бұрын шашым түгел түсіп қалды. Терапия көмектеспеді. Қыз балаға шашсыз сабаққа бару сұмдық қой деп қорықтым. Жұрттың бәрі маған тесіліп қарайтын болады. Бүгін сабаққа барам деген күні есік алдында он досым күтіп алды. Бәрі шаштарын алдырып тастапты. Онның екеуі қыз. 

• Асханада жұмыс істеймін. Бүгін таңертең бір азамат келді. Кассадағы кезегі жеткен соң «Менің артымда тұрған қыздың кофесін мен төлеп кетейін. Менен оған «Қайырлы күн!» тілей салыңызшы» деді. Ол кеткен соң қыз оның қылығына таң қалды. Көп ойланбастан өзінен кейін тұрған адамға ол да солай жасады. Осылай бес адам бірінен соң бірінің кофесін төледі! Жақсы күн болды! 

• Жұмыстан келе жатсам, метроның жанында бір ақсақал отыр. Алдындағы жаймада күллі орден-медалі жатыр. Сатып, күн көрісін айырып отырған түрі. Жанына келдім де, қалтамдағы бар ақшамды жаймасының үстіне төге салдым. «Менің ақшамды алыңыз. Бірақ арыңыз бен ерлігіңіздің қадіріне жетпейтін адамдарға орденді сатпаңызшы!» дедім. Ардагер көзіне жас алды. Ақшамды қалтасына салды да, ордендерін жинады. «Рақмет, қызым!» деді. Осындай сәтте бүкіл әлемді өзгертіп жіберетіндей боп кетем. 

• Ертең туған күнім болатын кезде тоғыз жасар қарындасым маған сыйлық дайындап, оны бергісі кеп әбден тыпыршыды. Таңертең оны өзім ояттым да: "Енді сыйлығыңды бере берсең болады" дедім. Көзі ашылмастан қолын созып, құшақтады. Сосын жастығының астынан «Ардақты ағама, туған күніне!» деген жазуы бар конверт алып, маған ұстатты. Ашсам ішінде 500 теңгелік бір қағаз ақша, 100 теңгелік және 50 теңгелік тиын ақша бар екен. Өзінің жинап жүрген бар ақшасы. Көзімнен шығып кеткен жасымды көрмесін деп оны қатты құшақтап, жанында ұзақ жаттым. 

• Бүгін үй жинап жүріп, бірнеше ай бұрын қайтыс болған күйеуімнің ұялы телефонын тауып алдым. Тоққа қостым. Жаңадан хабарламалар келіпті. Қызым жазыпты. Көп қылып. Ол кеткелі біздің отбасыдағы барлық жаңалықты жіпке тізген екен... 

• Дүкенде кішкентай қыз жаныма келді де, «мені құшақташы» деді. Мен оны құшақтап, қолыма көтердім. Бала жоғалып қалды ма екен деген ой келді басыма. Ол да мені мойнымнан қысып, қатты құшақтады да, сосын қолымнан ытырылып шықты да, жерге түсті. Оның бетіне тесіліп қарадым. «Сен күлсінші деп едім» дейді. Күн қарбалас болып еді. Қабағым қату болса керек. Жаныма нұр құйылды. Күліп жібердім. Тапқыр балақан! 

Аударған: Шынар Әбілдә
ӘДЕБИЕТ 26 маусым 2017 г. 798 0