КІСІЛІК КЕЛБЕТ

Әсілі, бір адамның ғұмыры бір тарих десек, оның елге тигізген пайдалы қасиеті, ұрпақпен мың жасайтын өнегесі, тәрбие-тағылымы ұзақ әңгімеге желі болады. Сейтқасым көкемнің бойындағы асыл қасиеттері, абырой-беделі, елдік мақсаттарға араласуы, үлкендік ізгі жолы тарам-тарам тәрбие, ұрпаққа мұра боларлық. Әсіресе, әке құдіреті, қоғамдағы орны, отбасындағы бас болған берекесі туралы кеңірек ой қозғауға түрткі жайт көп.
Шамалы сырқаттанып жүргені болмаса, өзі тік, сөзі нық. Жетпіске келді дейтіндей жігерсіз емес, үлкендік жолынан жаңылмай, Ерден немересін ойнатып отыр.
Ұлт даналығында «уақыт керуен, адам көш» деген сөз бар. Текті әулеттің қазіргі үлкені – Қазақстанның құрметті журналисі, елдің сыйлы ақсақалы Өтеген Жаппархан. Сейітқасым сол ақсақалдың артынан ерген інісі.
Ия, жер беті қанша кең болғанмен, адам өзіне ыңғайлы, жайлы орын іздейді. Сейтқасым үшін туған жерінен артық жер жоқ. Коммунизм колхозында туған еді, сол ауылдан алыстаған емес. Қазір қаланың орталығына айналған сол ауыл арманшыл баланың болашағын біліммен байланыстырды. Жамбыл су шаруашылығы құрылыс институтын бітірген бойда Шиелідегі №31 жылжымалы мехколоннаға қызметке келді. Алдымен шебер, сосын прораб, тәжірибесі толысқанда бас инженер, соңынан мекеме басшысы болды. Сатылап өскен баспалдақ Сейтқасым Қаратайұлының еңбеккеш, білікті, ұтымды ұйымдастырушы қабілетін таныта түсті.
Су маманы үшін жайлы қабинетке жайғасып отыру болмайды. Тірліктің басым бөлігі түзде, елден тысқары кетеді. Әсіресе, Шиелі-Жаңақорған массивін қайта құру жобасын жүзеге асыруда оның еңбегі ерекше. Алдымен бірінші, кейін екінші, тіпті үшінші кезеңін толық атқаруды маңдайына жазған екен, соны шаңдақ даланың май топырағын кешіп жүріп жасады. Жетпісінші жылдардың басында басталған жұмыс 1983 жылға дейін созылды. Сол кездердің қиын көрінісі көз алдында. Намысқа жеңдіріп, қайратқа мініп, қарамағындағыларға қамқорлықпен қарап, күндік, апталық, айлық жоспарды арты¬ғымен орындау дағдылы еді.
Қазақтың даласы дархан ғой. Бірауық жата жастана жан-жағыңа зер салсаң, керемет көрініске көз тояттайды. Көктем шықса, табиғаттың уыз көркін сүйсіне тамашалауға болады. Гүл шешек атып, жиденің жұпар иісі мұрынды қытықтайды. Қыр¬ғауыл қоразының қора-қопсының түбінен қыт-қыттап қиқу салатын әдеті әсерлі. Қызылдан киіктер құлап, үйір-үйірімен ауыл маңынан өтетін жолы да жақын. Тілін тапсаң, табиғат жарықтық мейірімді, атымтай жомарт ғой. Осындай уақыттың да қызығы артта қалып барады.
Кім жас болмады дейсің?! Бүгінгі ақсақалың кешегі жігіт еді ғой. Тепсе, темір үзетін. Олар да ойнады, күлді, қызды ауылға қарай қыдырды. Тоқтаусыз уақыттың алмасқан сабақтастығы енді кезегін өзінен кішіге берді. Міне, өмір!
Тағдыр Ақнұр апама жолықтырды. Ол даңғайыр диқан Ыбырайдың ауылынан. М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін бітірген ару Шиелінің №149, 144, 152 мектептерінде бастауыш сыныпта сабақ берді. Осылай табысқан жастар жаңа отаудың берік қалыптасуына бірлесе күш салды. Бір-біріне деген сыйластық сезімі, отбасылық өмірдің қадамы құтты болып, ел құрметтеген әулетке айналды. Ақнұр Қалдыбекова Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтын тәмамдап, балабақшада, сосын №235 мектепте ұстаз болып, қаншама шәкірттің тілін сындырды, әріп үйретті, көзін ашты.
– Ұлттық педагогикада әйел адам еріне қарайды. Жолдасы жақсы болса, жұбайы да жақсы деймін. Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі десек, артық емес, жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам болып есептеледі. Сондықтан мен мейлінше отбасыға көп көңіл бөлуіме тура келді. Күйеу түздің адамы, шаршап келеді, кірлеп келеді, соның қас-қабағына қарап келдік. Міне, қазір 44 жыл бірге ғұмыр кешіп, тату тіршілікті жалғап жүрміз, – дейді Ақнұр апа.
«Ата-ананың қадірін білмеген –халық қадірін білмес» депті бір данышпан. Ендігі бірі «Әкеге бағыну – тәңірге бағыну» деп әкені дәріптеген. Мұны мегзеп отырғанымның мәні бар, асқар тау әкеге құрмет жасаудың мәртебесі биік тұрады. Сейтқасым көке жаны жомарт, пейілі кең, жүрегінде қылаудай кіршік жоқ, балаға деген пейілі бір бөлек. Содан болар, ұл-қыздары Дидар, Жайдар, Бағланға ата-анасы  ардақты. Бүгінде 10 немере сүйдірген ұрпағының да ұлағатты жолы көп.  
Сейтқасым Қаратаев 1983-1985 жылдарда «Главриссовхозстрой» мекемесіне қарасты «Қызылордасуқұрылыс» тресінің бөлім бастығы болды. Ал, араға бір жыл салып, ЖМК-66 мекемесіне, сосын «Бурводстрой» серіктестігінде бас инженер, кейін директоры болып өсті. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуде серіктестіктің серпінді істері аз емес. Қаншама скважина қазылды, тұтынушыға таза су жеткізуге көп күш салынды. Осынша еңбек еш кеткен жоқ. Оған «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағы берілді. Онан бөлек грамота, медаль марапаттары тағы бар.
– Бесжылдықтың жоспары бойынша социалистік жарыс өтеді. Жеңімпаз тиісті бағасын алады. Сыр бойының жер жағдайы құмшауыт, жерасты тұщы суы тереңде жатады. Алып техниканың тісі сол суға жеткенше ұзақ процесс жүреді. Біз осындай ауыр міндетті арқаладық, халыққа барынша қызмет етуге талаптандық. Соның жемісі жетерлік. Ең бастысы, зейнетке адал еңбектің нанымен шықтық, – дейді Сейтқасым көке.
Біз өзара әңгімеден соң сыртқа шықтық. Балдаққа сүйеніп тұрып, терең ой, мағына пікір білдірген зердесін білдірді. «Мен той тойлауды емес, балалардың талабын шет қақпауды жөн санадым. Үйде бос жатқым келмейді, газет оқып, оның көтерген тағылымды мақалаларын ұрпағыма айтып отырамын» деп қалды.
Мінезі жердей ауыр, тұйық кісінің үнемі ат үстінде жүріп, ел-жер деп еңбектен ерінбеген, бейнеттен таса кетпеген табиғатын танып қайттым. Ол – қайсар жан.

Қаныбек ӘБДУОВ.
ӘДЕБИЕТ 03 тамыз 2017 г. 82 0