АҚША

Келіншегімнен жасырып, сары майдай сақтап жүрген біраз теңгем бар еді. Өткенде мерекеде біраз қолым жүрген... Қанша дегенмен ер адамның қалтасында артық ақша жүргені əжептеуір абырой емес пе? Конвертке ұқыптап салынған сол ақша шалбардың терең қалтасында жатқан болатын.
Одан беріде Оразаның соңғы күндері өтті. Айт мерекесі өтті. Əлгі ақшаны жұмсай қоятындай себеп болмады. Тіпті ұмыта да бастадым ба?..
Қайбір күні "Ойбай, Гүлнар, сағат он бірде брифинг екен. Бармасам болмайды... Тез шалбарымды үтіктеп бере қалшы" деп дігірлегенде аяқ астынан ұрлығым ашылды ғой.
Қалтам толы үйдің кілті, көліктің кілті, партмоне, орбит сағыз, жұмыстың куəлігі, екі беторамал, тарақ, ұсақ тиындар... Келіншегім бəрі-бəрін рет-ретімен алып жатқанда мыж-мыж болған конверт те шықты. Əрине, келіншегім конвертті ашпады. Маған бір қарады, оған бір қарады. Бірақ ақ қағаздың ішінде ақша бар екені анық білініп тұр.
Амал жоқ, өтірікті аяқ астынан құрастырып жібердім. Олжа ақшадан айырылу оңай ма енді?.. "Ойбүй, өткенде мерекеде бір кəсіпкер ағамыз осы конвертті пəлен деген журналистке жеткізіп берші" деп беріп еді... Сол күйі қол тимей, ұмытып кетіппін ғой... Ойбүй, ұят болды-ау..." деп, қинала басымды шайқадым.
-- Орал, апарып бер деген ақшаны дер кезінде жеткізбесең жұмсалып кетеді. Білемін ғой сені... Саған вабще ақша ұстатуға болмайды. Лəкілдеп жұмсап қоясың... Одан да бұл ақшаны əзірге үйге қоя сал. Сосын апарып бересің, -- деп, келіншегім конвертке қолын соза берген.
-- Жоқ, -- деп шыр ете қалдым. -- Как раз осы брифингке сол журналист те келеді. Құрысын, шынында жұмсап қоймай тұрғанда беріп құтылайын...
-- Сөйтсең сөйт... Апарып бер де құтыл...
Брифингке бара жатқан жолда ақ конвертті қиқымдап жыртып, көзін құртып, ішіндегісін партмонемнің түкпір бұрышына салып алдым. Басқа-басқа Гүлнар партмонемді тексермейтіні анық.
Содан "Брифингке қатыстым, как раз əлгі журналист те келді, ақшаны бердім" деп мəз болып түсте үйге келдім.
Келіншегім екеуіміз шүйіркелесіп шай іштік. Арасында əзіл айттық па... Əйтеуір бəрі керемет, екеуміздің даусымыз жарқын-жарқын шығады.
-- Айтпақшы ком услугалардың ақшасын төледің бе? Төлесең, квитанцияларды бере салшы, -- деді бір кезде келіншегім кесе-шəйнекті жинап жатып.
-- Төледім ғой... Міне, квитанциялар, -- деп, партмонеме қолымды сала бергем...
Негізі Гүлнар қасымда тікесінен тік тұрған. Мен орындықта жайғасқанмын. Неғып жалпиып төмендеу отырып қалдым десеңізші... Менен биік тұрғандықтан қотунум партмонедегі сытырлаған ақшаларды байқап қалды.
"О-о, ақшаң көп екен ғой..." деді қасын керіп...
"Иə" деп, ары қарай үндемей-ақ қойсам да болар еді.
Өзім бүлдірдім бəрін... Қайдан ғана аузыма түскенін.... "Ешкімге айтпай тығып жинап жүрген ақшам еді..." деп міңгірлесем бола ма?!.
Сөйтіп ем Гүлнар өз əңгімесін бастады:
-- Орал, мен сені білемін ғой... Саған вабще ақша ұстатуға болмайды. Қалтаңда жүрсе лəкілдеп жұмсап қоясың. Одан да бұл ақшаны үйге қойып қой. Сөйтіп-ақ жинала береді...
Бұл жолы шырылдауға, бұлтаруға еш мүмкіндік болмай қалды. Бұрышқа тақап тұрып ұстады ғой. Аузым ашылып, амал жоқ, "Сенің де айтқаның дұрыс шығар" деп, бар теңгемді келіншегімнің қолына сала бердім. Сонымен жетпіс мың теңгем жылай-жылай кете барды... Азанда ғана келіншегімнен алып қашып кеткен ақшамды түс қайта өз еркіммен санап беруге тура келді.
Қайтем енді, балаларымызға бұйырсын! Енді жұбайымнан жасырып ақша жинаймын ба, жоқ па, бір құдай біледі...
Оралхан Дәуіттің Фейсбук парақшасынан.
ӘДЕБИЕТ 08 тамыз 2017 г. 160 0