"ӘЙ БАЛА, АЙЛЫҒЫМДЫ ӘКЕЛ"

Асылбек Боранбайдың оқу бітірмей тұрып, театрға жаңадан келіп ойнап, жалақы ала бастаған кезі. Ол кезде айлықтың мөлшері аз. Оның үстіне өзі студент. Артистер жалақысын жалғыз көзді кассадан алады. Телміріп, әлгі тесікке үңіліп, кассир қол қоюға ұсынған қағазды алып қараса, «А.Боранбаев» деген фамилия қатар-қатар екі жолда жазулы тұр екен. Асылбек ойланбастан бірінші тұрған Боранбаевтың тұсына ойқастатып тұрып қолын қойып, айлығын қалтасына салып, былай шыға беріп санайды. Қалай санаса да, бұрқыраған көп ақша.
«Мен студент едім ғой, бұл не деген көп ақша, оны маған неге берді?» деп он ойланып, мың толғанып, басы қатып келе жатса, дәліздің арғы басынан «Ә-ә-ә-й, иттің баласы, бері кел» деген дауыс шығады. Қараса, Халық артисі Әнуар Боранбаев. «Не болды, аға?» «Әй, ит-ау, менің айлығымды алып кетіпсің ғой, әкел бері, мә, өзіңдікін ал» деп, төрт-бес түйір қағаз ақшаны қолына ұстата беріпті. 
Айгүл Аханбайқызы
ӘДЕБИЕТ 08 қыркүйек 2017 г. 1 020 0