«КӨЖЕДЕ БАСЫҢ ҚАЛҒЫР»

Театр артисі Омар Қиқымның үйіндегі жеңгей жазды күндері бидай көже ашытатын көрінеді. Оны Омар ағамыз үнемі театрдағыларға тасып, шөлін басып, рахметін алып жүреді екен. Ай бойы тасымалданып келе жатқан көже бір күні аяқ астынан кілт тиылады.
«Омеке, көже…»,– дейді ашымалдың дәмін алып қалған інісі Бекжан Тұрыс. «Ой, сол көже ашымай қалыпты».
Күндер өтеді, аунап апта да кетеді. Көже әлі жоқ. «Омеке, осы күнге дейін неғып ашымайтын көже ол?» «Ашымай жатыр, сол…» . Шыдамай кеткен Бекжан: «Маған бәрібір, Омеке. Күн бе, түн бе, ерте ме, кеш пе, үйіңізге звандаймын да ашыған көже сұраймын»,– дейді. Бірде Талдықорған жаққа тойға барып, түнгі 3-терде үйіне оралған Бекжанның жуынып жатқанда сап етіп әлгі сөздің есіне түсе қалмасы бар ма? Түн ортасы үш жарымда Омар ағасының үйіне телефон соғады. Тұтқаны жеңгесі алады. Беймезгіл уақыттағы қоңыраудан шошынып, ұйқылы-ояу күйде тұтқаны күйеуіне  береді.
«Омар, Омар, мә, Бекжан ғой»,– дейді жеңгесі тұтқаны беріп жатып. «Алло, алло, Бекетай, не болды?» «Аға, көже ашыды ма?» «А-а-а…» «Көже ашыды ма деймін». Пауза…  
«Әй, енеңнің… адам емес екен ғой мынау» деп тұтқаны тарс еткізеді. «Қатырдым» деп мырс-мырс күлген Бекжан шомылып алып, ұйықтап кеткен екен, есікті біреу аяусыз дүрс-дүрс еткізіп қос қолдап тұрып ұрғанынан шошып оянады. Қараса, таң әлі атпаған, мөлшері 5-тің шамасы.
«Кім?»  «Мен!» Ашса, Омар ағасы. «Әкеңнің аузы… дерт! Мә, мынаны іш те, өл!» дейді де, екі қолындағы екі пакетті дүрс еткізіп жерге қояды…
Айгүл Аханбайқызы
ӘДЕБИЕТ 08 қыркүйек 2017 г. 109 0