ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАН СОҢ ЖАРЫҚ КӨРГЕН КІТАП

Бұл күнде қаржы болса, кітап шығару қиын шаруа емес. Оған автордың да, оқырманның да бойы үйренген десе болғандай. Жақында баспадан шыққан «Көп күттім көктемімді» атты кітапты оқи отырып, ойға қалғандай едік. Қайран қаларлығы сол, кітаптың авторы небәрі 32 жасында дүниеден өткен. Ал оның тұңғыш та, соңғы да кітабы арада 40 жыл өткен соң жарық көріп отыр. Неге олай?
Оқырманға түсініктірек болу үшін кітап авторы, ақын Қоржынбай Кемелбеков туралы мағлұмат бере кетейік.
Қоржынбай Кемелбеков 1945 жылы Жаңақорған ауданында, қазіргі «Сүттіқұдық» ауылында дүниеге келген. Ауылдық орта мектепті бітірген соң ол 1964 жылы Қызылордадағы педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түседі. Өлең жазуды мектепте жүргенде бастаған ол мұнда келген соң жас ақындардың ортасына түсіп, шеберлігін шыңдайды. Жоғары курста оқитын Базарбай Исаев, Зордан Салықбаев, Серік Сейітмағанбетов және группаластары Тынымбай Нұрмағамбетов, Ділдахан Торғаева секілді ақын-жазушылармен өлең өрісіне өрлей береді. Осы тұста облыстық «Ленин жолы» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қомшабай Сүйенішов жас ақын Қоржынбай Кемелбековтің бір топ өлеңін жариялап, жас ақынға сәт сапар тілейді. Бұл, әрине, оны шабыттандыра, ширата түскендей еді.
Оқып жүргенде курстасы Маржан Жармахашқызына үйленген ол 1968 жылы институтты тәмамдаған соң, «Бірлік» кеңшарындағы орта мектепке оқытушы болып орналасады. Қоржынбай мектепте әдеби-драмалық үйірме ашып, әдебиет пен өнерге құштар шәкірттердің талабын ұштайды. Осы үйірменің мүшелері Ертай Бекқұлов, Жолтай Әлмашев, Іскендір Ертаев, Құдайберген Ертасовтар кейін белгілі журналист, жазушы болып шығады.
Қоржынбайдың ұйымдастырушылық қабілетін, жұмысқа деген құлшынысын, жеке басының үлгісін бағалаған мектеп басшылығы оның келешегінен үлкен үміт күтіп, оны мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды.
Осылайша жалындап жүрген жас ұстаз ақынды айықпас дерт айналдырып, ақырында алып тынады. Сөйтіп сүйіп қосылған жан жары Маржан, ұлы Үсейін, қызы Бағжанды және жүрегін жарып шыққан жырларын қалдырып, небәрі 32 жасында ана дүниеге аттанады.
Ақынның құдай қосқан қосағы Маржан Жармахашқызына ел-жұрт дән риза. Ол ақынның ұрпағын жетілдіріп, абыройлы азаматтардың қатарына қосты. Ең бастысы, Қоржынбай ақынның жырларын 70 жылдай көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізді. Ол Қоржынбайдың тұстас әріптестерімен, басқа да жанашырларымен ақылдаса отырып, «Көп күттім көктемімді» атты жинақты жарыққа шығарды. Кітаптың аты айтып тұрғанындай, ол Қоржынбай Кемелбеков ақын жырларының көптен күткен көктемі еді. Өлең кітап 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім «Балалық шақ», екінші бөлім «Арғымақ арман» деп аталады. Ал үшінші бөлімде ақынның балладалары мен поэмалары топтастырылған. Бұған қосымша төртінші бөлім «Көз көргендер сөйлейдіге» ақынның әріптестерінің, жолдас-жораларының, жақын-жуық ағайын-туыстарының естеліктері енгізілген.
Төртінші бөлімге енген материалдардың ішінде кезінде Қоржынбайдан бір курс төмен оқыған, бұл күнде белгілі сыншы Бақыт Сарбалаевтың көлемді мақаласында ақынның өлеңдері мен поэмаларына жан-жақты, терең талдау жасалады. Ал заманында Қоржынбайдың шәкіртіндей болған, бұл күнде қазақтың белгілі ақыны Есенғали Раушановтың естелігі елең еткізеді. Сол естеліктен үзінді ұсынғанды жөн көрдік.
…Сондай күндердің бірінде көктен түскендей мынадай өлең есімде қалыпты.
Жоқ мұнда әсем талдар көк тіреген,
Өзен жоқ жарқабақты тепкілеген.
Жұп-жұмсақ топырағын белден кешіп,
Қайнаған ыстығынан от күрегем.
Балалық өтіпті ыстық құм кешумен,
Жарысып бірде желмен, бірде сумен.
Кеудемде жанға жайлы әуен қапты,
Самалмен даладағы тілдесумен.
Өлеңнің авторы Қоржынбай Кемелбеков екенін кейін білдім. Бұрынғыдан қалған сөз «Қанша жасап өлсе-дағы ақынды жас еді деп еске алыңдар, туғандар!». Қоржынбай аға шынында да жас кетті.
Әлбетте, Қоржекең тірі болғанда өлеңдері бұдан да нұрлана түсері анық. Жап-жас кезінде жазған балауса жырларының өзінен үлкен болашақ күтіп тұрған қарымды қаламгерді көресіз. Ол кәдімгі атақты шайырлардың біріне айналар еді…
Естуімше, есіл ақын сол дерттен айыға алмаған күйі көз жұмыпты. Жұбайы Маржан жеңгейге үлкен рахмет, ол кісі болмаса жинақтың жарық көруі екіталай еді. «Орында бар оңалар» деген осы, Маржан жеңгей баласы мен қызын азамат етіп тәрбиелеп, ел қатарына қосты, оны аз десеңіз, ағамыздың соңында қалған мұраларын тірнектеп жинап, құрастырып, жарыққа шығарып отыр. Ақынның жары деген осындай-ақ болсын!
Есенғали ақынның сөзіне қос қолды көтеріп қосыламыз.
Ал енді Қоржынбай Кемелбеков ақын¬ның «Көп күттім көктемімді» атты жыр-жинағының тұсаукесерін өткізіп, оның аясында ақынның аруағына ас берілмекші.

С.РАХАНОВ.
ӘДЕБИЕТ 26 қыркүйек 2017 г. 97 0