Әдебиет бойынша Нобель сыйлығын биыл кім алуы мүмкін?

Бүгін Швед академиясы Нобель сыйлығының 2017 жылғы жүлдегерінің есімін жария етеді деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Нобель қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 
Жазушылар үшін ең беделді әлемдік сыйлықты биыл кім алуы мүмкін?
Нобель кандидаттары кімдер болғаны тек 50 жылдан кейін жария етіледі. Әйтсе де, журналистер, баспагерлер, әдеби сыншылар өз жорамалдарын жасайды. Соған қарай үміткер ретінде көптеген есімдер аталады.
Швед басылымдарының болжауы бойынша, биыл Нобель сыйлығы Кения жазушысы Нгуги Ва Тхингоға берілуі мүмкін. Негізгі кандидаттар ретінде сонымен қатар американ әншісі әрі ақыны Патти Смит, оның отандасы, жазушы Джойс Кэол Оутс те аталады. Үміткерлер қатарында австриялық Петер Хандке, венгр жазушысы Петер Надаш, оңтүстіккореялық қаламгер Ко Ын, француз Нина Брауи және әйгілі жапон Харуки Муракамиді көруге болады.
Бірнеше букмекерлік компанияның тізімінде ең мүмкіндігі жоғары кандидаттар ретінде Нгуги Ва Тхинго, Харуки Мураками, канадалық Маргарет Этвуд, Израиль жазушысы Амос Оз, қытай Иан Ланке, сириялық ақын Адонис, итальян Клаудио Магрис бар. Нобель сыйлығын биыл иеленуі мүмкін қаламгерлер жалпы бірнеше ондап саналады.
Әдебиет бойынша Нобель сыйлығы XIX ғасыр соңында швед өнеркәсіпші және өнертапқышы Альфред Нобель өсиет еткен бес сала бойынша берілетін сыйлықтың бірі. Марапат рәсімі дәстүр бойынша Нобель қайтыс болған 10 желтоқсан күні Стокгольмде өтеді. Әдетте жылдың басында сыйлыққа үміткер ретінде 300 кандидат таңдап алынады.
Күзге қарай олардан 15-20 адамның аты-жөні қалады. Сосын олар беске дейін азаяды да, қазан айында академия мүшелері көпшілік дауыспен бір адамды таңдайды. Швед академиясының тұрақты хатшысы Сара Даниус бүгін осы адамның аты-жөнін жариялайды.
Нобельдің әр сыйлығы үшін 2017 жылы 9 миллион швед кроны (бір миллион доллар) беріледі. Былтыр әдебиет бойынша сыйлықты американ ақыны, композиторы және орындаушысы Боб Дилан иеленді.

Дереккөз: РИА Новости
ӘДЕБИЕТ 05 қазан 2017 г. 94 0