Қыр мен сыр

Белгілі сатирик Көпен Әмірбек аға­мыз ара-тұра басылымға бас сұ­ғады. Ол кісі негізі көп жерде жұмыс іс­теген. Жазушылар одағы, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Ара», «Білім және еңбек» басылым­дары, тіп­ті Бас про­куратура, Жоғарғы сот,­ театр...
Бірақ соған қарамастан Шер­ағаңның кезін­де өзі сатира бөлі­мін басқарған «Еге­меніне» ат басын тірегенде көңілі шат­танып, алабөтен күйге енеді. Арғы-бер­гіні қозғап, тарихи тағдырлар туралы ағыл-тегіл тол­ғағанда, бұрын-соңды естімеген небір керемет деректер алды­ңызға көлбей қалықтап, сағатқа қарамай тыңдай бергіңіз келеді, тыңдай бер­гіңіз келеді. Сондайда сатирик ағамыз қозғаған мынадай бір тұшымды әңгімені көп­ші­лікпен бөлісуді жөн көрдік. Қалам­гердің айтуынша, жапондар біз сияқты бір кәсіпке өле-өлгенше жабысып өтетін халық емес екен. Оларда «анау мен туралы не айтады?», «мынау не деп қояды?» деп айналасындағы жұртқа жалтақтау, қалың нөпір пікіріне тәуелділік, болмаса жазатыны таусылып, сарқылып, халыққа беретін түгі қалмаса да өмірінің ақырына дейін ақын, жазушы атын жамылып жүре беру сияқты жадағай жағдайлар аты­мен жоқ көрінеді. Мұнда өзі туралы халықтың не ойлайтыны, не айтатыны маңызды емес. Сондықтан ол елде өмір сүре­тін адамдардың ішінде әртүрлі жас­тағы, әсіресе, 40-тан ас­қан­дардың ара­сында басқа кәсіпті мең­геру, ма­ман­дығын ауыстыру жиі кездесетін құбы­лыс, тіпті қоғамда қалыптасқан үйреншікті жайт саналады.  
– Сондықтан бір мамандыққа тас кенеше қатып байланып қалған дұрыс емес. Бұл ретте жапондардан үлгі алуымыз керек, – дейді сықақшы. Жапондардың озық технологиясын бүкіл дүниежүзінің халқы мойындап отыр. Бұл халық неге мұншама өсіп кет­кен? Өткенде ақпарат көздерінің бірі­нен Күншығыс елінде жастары 100-ден асқан адамдардың көптігін көзіміз шалып қалды. Сонда мұн­да­ғылардың ұзақ өмір сүруінің, ғасыр жа­сауының сыры неде? Және мұндай дерек жер бетіндегі басқа ешбір елде тіркел­меген.  Кей ғалымдар ұзақ өмір сүрудің бас­ты себебі олардың теңіз өнімдері мен бал­дырларды пайдалануынан деп ой қо­рытса, енді бір зерттеуші маман­дар оның сыры жапондардың қалып­тас­қан менталитетіне келіп тіреледі деп есептейді, яғни бұл халық бірінші кезекте, бір-бірінің көңіл-күйін түсіре­тін жағымсыз әрекеттерге бой алдыр­мау­ға барынша тырысып бағады. Ал енді өз тарапымыздан олардың ұзақ ғұ­мыр кешуіне байланысты әңгімеге қосары­мыз – жүз жасаудың тағы бір­ құпиясы бір кәсіппен шектеліп қал­май, өз мүм­кіндігін өмір бойы іздеп табудан қаш­пауында, «жас ке­зім­де жинаған атақ-даңқымның ар­қа­сын­да әрі қарай да тыныштықта өмір сү­ре беремін» деген масыл пиғыл­дан мүлдем аулақ болуында деп топ­шы­лауға толық негіз бар. Отыз бес-қырық жасқа дейін бір са­лаға адал тер төгіп, енді одан ке­йін басында мардымды тың ойлары қалмағанын, түбегейлі сарқылып біт­кенін мойындап, бұрынғы мансабын малданып өмір кеше беруден саналы түрде бас тартқан жұрт дүниежүзінің алдына технология­сымен, мәдениетімен озбағанда, енді басқаша сипатта өркендеуі мүмкін бе, әрине? Маған десеңіз небір жауһар туындылардың авторы болыңыз, айтулы жоғары марапаттарды иеленіңіз, тіпті атағыңыз жер жарып тұрса да халқыңызға мұнан әрі қарай пайдалы ешнәрсе жаза алмайтыныңызға анық көз жеткізсеңіз, онда бұл саланың есігі оған әрі қарай жабық. Және бұған заңмен шектеу қойып отырған ешкім жоқ екен. Яғни салиқалы қоғам салты солай құрылған. 
Біздің қазақ үшін 40-50 жастағы адам қай жағынан алып қарағанда да өмірлік ұстанымы мен дүниетанымы әбден қалыптасып, белгілі бір деңгейге жетіп үлгерген тұлға болып саналады. Сондай жастағы шығармашылығы тоқырап, түк жазбай жүрген бір қаламгерге: «Енді сізге кәсібіңізді ауыстыруға тура келеді» деңізші, өліп бара жатса да ешкім мұндай көзсіз «ерлікке» бара қоймайды. Яғни ішімізге дәә-әу тежегіш орнатып алғанбыз. Өмі­рінде бір-ақ рет сәтті ойнаған бір рөлі­нің, болмаса жас кезінде жазған 2-3 кіта­бының буына ғұмырының соңына дейін масаттанып дүниеден өтіп кететін пен­делердің біздің қоғамымыздан кө­бірек төбе көрсетіп қалып жататыны содан. Ал орта жастан асқанына қа­рамас­тан өмір жолын жазылмаған ақ парақ­тан бастап кетуден қаймықпайтын, өз бойынан беймәлім басқа қырларды ашып табудан талмайтын, мына теңіз өнімдерін көп тұтынатын елдің адамдары неткен қайсар еді? Ақындарының жыры таусылған тұстан жаңа қыры бас­талып кете баратын мұндай елде сосын қартайып, қайғы ойлауға уақыт жоқ-ау... Қазақ: «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөзді бекер айтпаған. Біз сол сан түрлі қырымыздың қаншауын таба алдық? Тұ­тынбағандықтан тұңғиықта тот басып тағы қаншасы бос тұр?..  

ӘДЕБИЕТ 08 қараша 2017 г. 51 0