КЕТБҰҒА – ҰЛТ МАҚТАНЫ

Кен тасып, түлік өрген даласынан,

Тұрады күй күмбірлеп, жарасып ән.

Мың сәлем, Кетбұғаның ұрпақтары,

Мың сәлем, Сыр – Алаштың Анасынан!


Әп-сәтте өңі өзгеріп даламыздың,

Билігі үстем тартып қара күздің.

Оң болсын талаптарың, ағайындар,

Қонысы құтты болсын бабамыздың!


Қазақтың рас мұндай ұл тапқаны,

Кетбұға – ұлт ұраны, ұлт мақтаны.

Орнатып ескерткішін қаласына,

Әспеттеп жатыр оны ұрпақтары.


Асқақтап шаттық жыры ақтарылсын,

Қуанайық бейбіт таң атқаны үшін.

Кетбұға бір рудың баласы емес,

Кетбұға – бар қазақтың мақтанышы!


Елорда – қазағымның бас қаласы,

Ғажайып жаңалыққа бастамашы.

Тұғырын Кетбұғаның құттықтайды,

Қызылорда – елдің тұңғыш Астанасы!

Өтеген ЖАППАРХАН.

ӘДЕБИЕТ 16 қараша 2017 г. 59 0