АЛАШТЫҢ АҚЫНЫСЫҢ

Тентексің,

Ешкімге қол көтермедің.

Кішіні інім, үлкенді,

Көкем дедің.

Әділдіктің батпанын ауырсынбай,

Жылпостардың жеңілін

көтермедің.

Дауылсың,

Борандатпай басылмайсың.

Жарқ етіп жайдан түскен

жасындайсың.

Жырлайсың «жының» қозса

Махамбетше,

Әндеткен Ақсауле деп

Қасымдайсың.

Асаусың,

Кейде басың ала қашып,

Кетесің жалғандықпен

жағаласып.

Келгенде жеме-жемге бәсің жеңіп,

Төрге шығып келесің

бағаң асып.

Биіксің,

Аспантаумен таласасың.

Кішіксің – ұлықтардан

аласасың.

Көсеуін көлгірлердің шарт сындырып,

Шындықтың жайлауына жарасасың.

Ақынсың,

Ел-халқыңа берерің – көп,

аласың – мың.

Жырлай бер арман мұңын

Алашыңның.

Тарихта қалсын, інім, ат-есімің,

Ұлы боп ер Әбітай нағашымның!

Өтеген ЖАППАРХАН.

ӘДЕБИЕТ 21 қараша 2017 г. 69 0