ҚҰБА БИ

Құба би Өтебайұлы (1700 ж. – 1796 ж.) – би. Кіші жүз ішінде Шөмекейден шыққан. Сыр, Торғай, Ырғыз өзендері аралығын мекендеген қазақтар арасында әділ билігімен аты қалған. Құба би айтты деген аңыз әңгімелер ел ішінде көп айтылады. Құба би мен оның ағайын, замандастары Бәйтік, Тоғанас, Зарқұм батырлар жөніндегі деректер Қазан төңкерісіне дейінгі жазбаларда жиі кездеседі.
Сондай-ақ, Құба би жөніндегі бірқатар деректер этнограф зерттеуші Тынышбек Дайрабайдың 1995 жылы «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Кете-Шөмекей шежіресі», Тұрлыбек Деменұлының «Шартарап» баспасынан 1996 жылы жарық көрген «Келте тонды Келменбет» кітаптарында келтірілген. 
 
 
БИ АТА
Жаза алмай бодандықтан белімізді,
Ұмыттық ата-баба, тегімізді.
Сан ғасыр дұрыс айтып, жаза алмадық,
Әуелі өз атымыз, жөнімізді.
Кетпеді бойымызға құт та дарып,
Бұғындық, бұйығы боп, бұқпаладық.
Келгелі тәуелсіздік тәубе дейміз,
Біздерді осы жайдан шыққан алып.
Алдық та бостандықтың жолын ізгі,
Жазғандай болдық жаңа бойымызды.
Енді еркін жаза да алдық, айта да алдық,
Ойлаған мақсат, пікір, ойымызды.
Сан ғасыр өктемсіген бөтенге еріп,
Ұмытып тіл мен дінді кетер ме едік.
Ес жиып еркіндіктен енді ғана,
Бекітіп, белімізді бекемдедік.
Көмескі тартқан көрмей көп ізіңді,
Ұрпақтар жалғастығы неге үзілді.
Еске алып, енді ғана білгендейміз,
Аяулы ата-баба, негізіңді.
Кіші жүз тарағанбыз Бекарыстан,
Шөмекей, Бозғұл содан болар ұшқан.
Олардың бір ұрпағы ер Келменбет,
Жарақты жауларменен көп алысқан.
Келменбет осы менің батыр бабам,
Жауына жауар бұлттай шатырлаған.
Сары қасқа астындағы тұлпарымен,
Жайпаған жау біткенді жақындаған.
Ұрпағы одан қалған Әлдеберді,
Көбейіп өсіп қанат жайған еді.
Төрт ұлы Есбол, Метей, Өтебайы,
Құдайқұл және артында қалған еді.
Өтебай батыр әрі би де болған,
Алты ұлы ерте алты үй де болған.
Кейіннен өсіп, өніп алты ел болды,
Жайлауда қанат керіп бірге қонған.
Алты ұлы бірінен кем бар ма бірі,
Оразбай, Құба менен Жанғабылы.
Сұлтаны, Тойқожасы, Адамбайы,
Бірінің бірі туыс, жан бауыры.
Осынау алтауымен бір қанымыз,
Шығатын белес, төбе, бір тауымыз.
Біз соның ішіндегі Құба бидің,
Бүгінгі өсіп өнген ұрпағымыз.
Арттырып көптен пайым, парасатын,
Құба би жақсылармен жанасатын.
Би болды Өтебайдай қалың елде,
Сөзіне жан болмады таласатын.
Саралап әрбір істің жайын көрді,
Қақ жарған қара қылды әділ болды.
Жасынан адалдықтан айнымайтын,
Жақсы ісі жалпақ елге мәлім болды.
Кім адал, кім айыпты, кім кінәлі,
Анықтап, аз сөзбен-ақ тындырады.
Тек қана әділдікке жығылатын,
Бас шұлғып би сөзіне тұрды бәрі.
Кешпейтін адамға адам қиянатын,
Елмен бір қуанатын, мұңаятын.
Қалмақтар ақтабанда алып кеткен,
Есіне көп алатын шұбар атын.
Шұбар ат жуас еді, сүрінбейтін,
Жайлы еді, шапқаны да білінбейтін.
Жанына жақын болған серігі еді,
Кезі аз кеңестерде мінілмейтін.
Тағы бір қарбаласы мол күн еді,
Дау, талас тағы қызу өрбіп еді.
Есітіп оқыранған жылқы үнін,
Би кенет «Шұбар атым келді» деді.
Елеңдеп қалды бұған жұрт құлағы,
Еріксіз шапшаң сыртқа шықты бәрі.
Сымбатты шұбар аттан сұлба қалған,
Әйтеуір жер басып тұр тік тұяғы.
Кім көрген аттың мұндай арығанын,
Жеткен-ау елге соңғы салып әлін.
Құба би құшақтап тек мойынынан,
Дей берді «Жануар-ай, жануарым!
Сегіз жыл сергелдең боп өткенінде,
Мәлім ғой ауыр азап шеккенің де.
Жығылып жат өңірде қалмайын деп,
Жеріңе өзің өскен жеткенің бе».
Көңілді бір азырақ басты мұң да,
Балады би мұны тек жақсы ырымға.
Жануар жауда қалмай жеткен екен,
Сүйегін туған жерге тапсыруға.
Қадірі болмайды ғой қолдағының,
Қашанда қарамасын сорға күнің.
Би айтты: «Бәріңе де білу парыз,
Осылай туып-өскен жер қадірін».
...Қанша іс биді күтіп тосуда әлі,
Ел дауы, жердің дауы, жесір дауы.
Бәрінен қиын болды бір туыстың,
Баласы ұры болды осындағы.
Ақылға, жазаға да қарамады,
Түн болса көрші елден мал алады.
Өзімен сөйлеспекке бекінді би,
Басқаша қалмаған соң бар амалы.
Айтқан жоқ оған тура кінәні әлі,
Асықпай отыр іштей сынағалы.
– Бересің, бермейсің бе, әуелі айт,
Бір нәрсе, – деді – отырмын сұрағалы.
Ұрының іші енді қылпылдады,
Көп жайы мәлім елдің сыртындағы.
Талабын бидің бірақ орындамау,
Елінің болған емес ғұрпында әлі.
Кей жайдың мүмкін емес еленбеуі,
Бұдан да бәлкім алда тереңдеуі.
Алдымен ұры енді осыны ойлап,
– Сұраңыз, қолдан келсе берем, – деді.
– Сұраймын сенен, шырақ, басқа нені,
Алдымен ұрлығыңды таста, – деді, –
Ұрлықтың түбі қорлық, азап, күнә,
Тозақтың ерте есігін ашпа, – деді.
Көп нәрсе еңбек етсең шешіледі,
Адамды адал кәсіп өсіреді.
Шын көшсең адалдыққа арды сақтап,
Алла да өткеніңді кешіреді.
Би сөзі, сұрары да айқын болды,
Ұрының алдындағы қалпын көрді.
Ұры да «Ұрлықты енді қоямын» деп,
Қолына құран ұстап, антын берді.
Ойына қалмасын деп күдік кіріп,
Араға уақыт салып, ұмыттырып.
Көрші елден ұры тағы мал ұрлады,
Түнімен көзге түспей суыт жүріп.
Шулатып жатқан тыныш қалың елді,
Артынан қуғыншылар тағы келді.
Бұл жолы би оларды бос қайтарды,
– Ие бол, – деді дағы, – малыңа енді.
Би алғаш қарсы жақты қолдамады,
Айтпады кесімін де сол баяғы.
Құранды көз алдында ұстап берген,
Ұрыны ант бұзар деп ойламады.
Құраннан құрметтейміз өңге нені,
Ұры антын құран ұстап берген еді.
Арылар енді жаман әдеттен деп,
Би оған жан-тәнімен сенген еді.
Өмір ғой, өкініші, сұрағы көп,
Кім білген антын бұзып, бұрады деп.
Адамға шын көңілден сенгені үшін,
Билігін бұзған екен бір-ақ рет.
...Би бірде жатты ауырып қалды-дағы,
Абыржып ағайынның қалды бәрі.
Ұрыны осы кез би есіне алып,
Шақыртып қайта тағы алдырады.
Би көзі ашылмаған жұмулы еді,
Білінді сәл қабағы түйілгені.
Тоңдырып жібергендей отырғанды,
Ызғарлы бір суық леп үніндегі.
– Шырағым, қандасымсың сен де менің,
Қайтейін, тірлігіңді жөндемедің.
Құранды ұстап қолға ант бергенсің,
Ұрлықты қойды ғой деп сенген едім.
Сол үшін бұздым әділ бұйрығымды,
Әлі де түземепсің тірлігіңді.
Келтіріп көз алдыма жатыр Алла,
Сондағы сен жасаған ұрлығыңды.
Болды осы қателігім кеткен алғаш,
Сол үшін ұрпақтарым көп те болмас.
Алдағы екі, үш қана атадан соң,
Тоқтайды билігім де көпке бармас.
Өзіне алғандай би бар кінәні,
Ойланып отырғанның қалды бәрі.
Содан соң тыншып ұзақ жатты үнсіз,
Белгісіз көз ілгені, қалғығаны.
Көп ісі аңыз болған ел жадына,
Дәл шыққан талай жерде болжамы да.
Туысы Тойқожа мен Адамбайдың,
Қос ұлын алған оң мен сол жағына.
Алыпты Тойқожадан Бәйімбетті,
Осы ертең жанатын от, жалын депті.
Баласы Адамбайдың Байдәулетті,
Көп іске қазірден-ақ дайын депті.
Би айтқан сөз еліне нұсқа бопты,
Тұжырым, ойы ашық, қысқа бопты.
Ұрпағын Бәйімбеттің жау жағыңа,
Дау жаққа Байдәулетті ұста депті.
Қырандай сыпырылған томағасы,
Топ жарды Бәйімбеттің Тоғанасы,
Атақты Байдәулеттен шыққан Зарқұм,
Бітірді бұзылғанда ел арасы.
Ер болды Бәйімбеттің Бәйтігі де,
Жапырып жеткен талай жау түбіне.
Қабағы қатуланып қақарланса,
Қаймығып қарамайтын жан түріне.
Құба би Байдәулеттен қасына алған,
Айрықша болды Зарқұм асыл адам.
Байлардың малын сұрап, тартып алып,
Бар кедей, жетімдерді асыраған.
Ұрпағы Бәйімбеттің бәрі батыр,
Бір Зарқұм Байдәулетте мыңға татыр.
Екеуін алып екі қанатына,
Өсірген тура биде тұнған ақыл.
Бір көрді оларды өз баласымен,
Көзінің ағы және қарасымен.
Қалдырмай екеуін де хабар етті,
Билігін айтар кеңес, шарасымен.
Қызықтап әрбір ісін қолдады да,
Қамқоры болды олардың қорғаны да.
Ұстаңдар деп еліне өсиет айтты,
Бірін оң, енді бірін сол жағыңа.
Таңдантқан әр шешімі тамам елді,
Құба би дана да әрі дара болды.
Ту еткен адалдықты, әділдікті,
Өзіне сан ұрпағы қарап өрді.
Өзіне қарап қанат жайды бәрі,
Қалмады қатарынан, қалғымады.
Өтсе де қанша ғасыр, қанша жылдар,
Атаның ақ жолынан айнымады.
Көп болды қатал тағдыр зобалаңы,
Қалайша тағдырдан тыс бола алады.
Зұлымдық, зорлық заман тепкісінен,
Талай бас доптай болып домалады.
Бірде жәй заман желі бірде қатты,
Қуанған халық бірде мұңға батты.
Солармен би ұрпағы сенім отын,
Сөндірмей жүректерде бірге жақты.
Бір көрді Тәуелсіздік таңы атқанын,
Жарылқап, қолдап ұлы Жаратқаным.
Солармен бірге өсіп, келеді өрлеп,
Бетке алып алдындағы талап тауын.
Кеңейді өсіп-өніп керегесі,
Теңелді өзгелермен терезесі.
Өрбіді өркендеп өн бойларында,
Үлгісі, би атаның өнегесі.
Ұрпақтан ұрпақ өсіп, алмастырды,
Талабы талай белес, тауды астырды.
Бір кезде тоқтап қалған би атаның,
Билігін бүгінгі ұрпақ жалғастырды.
Құба би қасиетті ұлы атаның,
Шығарып талай ұрпақ жүр атағын.
Мені де ата өмірі толғандырып,
Өзіне арнадым бір жыр отауын.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ.
ӘДЕБИЕТ 05 қазан 2013 г. 1 040 0