МӨЛДІР МҰҢ

ӘДЕБИЕТ | 21 қаңтар 2017 ж. - 09:40 | Көрудің саны: 524
–  Балалар, сабақтың аяқталуына қанша минут қалды?
–  Әлі он минуттай уақыт бар, апай.
–  Олай болса, сендерге сабақтан тыс сұрақ қояйын. Үй тапсырмасы түсінікті ғой?
–  Иә, түсінікті, апай. Қандай сұрақ қояйын деп едіңіз?
–  Мен көптен бері адамдардың бөтен жанның сыртынан қарап, әртүрлі ой ойлайтынын байқап жүрмін. Неге десеңдер, жақында қоғамдық көлікте бір қызықты жағдай болды. Автобус іші жолаушыларға толы еді. Орындықтарда отырған егде жастағы адамдар. Сол үлкендердің арасында бір жас қыз да отырды. Жүзі өте мұңды еді. Қыздың жанында үлкен жастағы бірнеше әйелдер тұрды. Балалар, қалай ойлайсыңдар, ол қыз неге апаларға орын бермей отыр?
–  Апай, мен айтайыншы?
–  Айта ғой.
–  Ол қызға мүмкін ата-аналары үлкенге орын беру ке¬рек¬тігін үйретпеген болар.
–  Ал, жақсы. Тағы кімнің ойы бар?
–  Ол қыз жай мұңайып отырған секілді түр жасап, қалғандар аясын деп отыр. Апай, білесіз ғой, қазіргі кезде ешкімге сенуге болмайды.
–  Жоқ, апай, ол қыз мүмкін ұйықтап қалған шығар.
–  Апай, ол қыз надан болған. Әйтпесе, кез-келген ұяты бар адам тұрып, үлкенге орын берер еді ғой.
Сынып ішінде қызу талқы басталды. Тек бір бала ғана үндемей барлығын тыңдап отырды. Сонда мұғалім:
–  Сәкен, сен неге үндемейсің?
–  Апай, мен балалардың жауаптарына қарап, таңғалып отырмын. Біз ол қызды мүлде танымаймыз ғой. Соған қарамастан, ол туралы жағымсыз пікір қалыптастырып жатырмыз. Апай, адамдардың сыртынан сөйлеу дұрыс емес. Мүмкін ол қыздың аяғы ауырып отырған болар.
Мұғалім Сәкеннің жауабына риза кейіпте жымиды да:
–  Дұрыс айтасың. Балалар, мен бұл сұрақты сендерге не үшін қойдым, білесіңдер ме? Адамдар туралы алғашқы пікір әркез қате қалыптасады. Әрбір адамның жан-дүниесіне үңілмей, өзіңді сол жанның орнына қойып көрмей, ешқашан да ол адам туралы жағымсыз ойлауға болмайды. Кім біледі, мүмкін сол адам ертең тағдырдың қалауымен, сендер үшін баға жетпес дос болып кетер...
–  Кім біледі, бәрі мүмкін...

* * *
Жүйткіп келіп аялдамаға тоқтаған автобустың іші лық толы еді. Асыққан адамдарға мән бермегенсіп, қол¬тықтасқан екі әйел әңгімелерін үзбеген күйі автобусқа мұ¬рындарын шүйіре кірді. Бірі ішіндегі адамдарды көзімен бір шолып шықты да, қасындағысына:
–  Әй, мына автобус қарттар үйінен келе жатқандай, кілең шал-кемпірлерді толтырып алыпты ғой, – деп артқы жаққа жылжи бастады. Екіншісі де басын изеп:
–  Соны айтам-ау, – деп қостап қойды.
Аялдамадан аялдамаға асыққан автобустар секілді, өмір де асығып, жүйткіп жатыр. Көлікке кірген жанның көзінде мұң бар. Жүзі шаршаңқы адамға қарап: «Е, жұмыстан шаршап келе жатыр-ау. Үйінде бала-шағасы күтіп отырған болар» деп ойлайсың. Кейде бір-бірін ұзақ көрмей, осы автобуста кезіккен жандардың құшақтаса амандасқанын көргенде, көптен көріспеген доста¬рыңды еске аласың. Осы¬лайша өз аялдамаңа жетесің.
–  Күннің суығын-ай. Аяғым талып кетті. Әлі біраз жү¬ре¬міз бе? Қарашы, мына қызды айтамын, жап-жас болып, отырысын. Әй, екеуміздің бірімізге орын берсе қай¬теді?
–  Қазіргі жастар сондай. Тәрбие көрмеген. Құрысын, күнімізді бұларға қаратпасын.
Терезеге қарап, мұңайып отырған қыздың көзінен бір тамшы мөлдір жас тамды. Бөгде жанның сөзі жүрегін ауыртса да терезеден көз алмады. 
Жылдамдығын баяулатқан көлік кезекті аялдамаға келіп тоқтады. Автобус басынан жүгіріп келген жіңішке дауыс асыға:
–  Аяулым, жүрсеңші, – деді.
Қиялын қимаған қыз кейінгі орындықтағы қартқа бұрылды:
–  Рахмет сізге, ата! Алланың нұры жаусын, – деді де, қарияның қолындағы таяқты алып, автобустан ақсаңдап шығып кетті. Аяулымның соңына үңілген жолаушылар манағы екі әйелге қарап, басын шайқады, бірақ үндемеді. Олар орынсыз айтылған айып сөздің Аяулымның жанына жара салып үлгергенін байыптаған еді. 
Автобус орнынан қозғалып, келесі аялдамаға беттеді. Аяулымның отырған орындығы бос қалды...

Әсел БЕГМАН,
ҚазМУ-дың 4-курс студенті.



Сондай-ақ... оқыңыз:

Көліктегі әңгіме

Көліктегі әңгіме

Аялдамада тұрғаныма көп болған. Суық ызғар табанымнан өтіп барады. Асығыс алға қарай...
АҚ ЖОЛЫҢНАН АДАСПА

АҚ ЖОЛЫҢНАН АДАСПА

Күндегі шалшуағымызға ақсақал ағамен екеуміз келіп жайғасқан соң, бір-біріміздің...
АҚ БАЛАПАНДАРДЫҢ АНАСЫ

АҚ БАЛАПАНДАРДЫҢ АНАСЫ

"Жақсы адамға соза берем қолымды, Жақсы адамдар оңғартады жолыңды”. Осы бір өлең...
ШАБАРМАННЫҢ ШАҒЫМЫ

ШАБАРМАННЫҢ ШАҒЫМЫ

Елшекен  байдың екі шабарманы бар еді. Бірі – Ақан, екіншісі –Жақып-ты. Сол...
МҰҢ МЕН ДОСТЫҚ

МҰҢ МЕН ДОСТЫҚ

Біз екеуміздің достығымыз қызық. Жас кезімізде, біреулер «мен досымды ешкімге...
ТОҒЫСҚАН ЖҮРЕКТЕР

ТОҒЫСҚАН ЖҮРЕКТЕР

Оқырман! Осы бір екі жастың тойы өткеніне бірер айдың жүзі болып қалды. Жұптары...
Пікір: