КЕШІРІМ

ӘДЕБИЕТ | 04 ақпан 2017 ж. - 09:44 | Көрудің саны: 236
КЕШІРІМАқ пен қарасы алмакезек өмірде біреуді ренжітіп алу деген оп-оңай. Бірақ кешіру неге соншалықты қиын?
– Кешірмеймін, – деді қыз. – Өмір бойы ұмытпаспын.
– Кешір,– деді періштесі сыбырлап, – өзің жеңілдеп қаласың.
– Ешқашан кешпеймін, – деді ол тістеніп. – Ешқашан.
– Кек қайтарасың ба?
– Жоқ, олайша төмендемек ойым жоқ.
– Қатаң жазаға тартылғанын қалайсың ғой?
– Оларға қандай жаза лайық екенін білмеймін.
– Ерте ме, кеш пе әркім өз шешімдері үшін жауап береді, – деді періште. 
– Білемін.
– Онда кешір, иығыңдағы ауыр жүктен арыл. Сен өзіңді ренжіткен адамдардан алыстасың ғой.
– Жоқ, кешіре алмаймын, кешіргім келмейді. Оларға кешірім жоқ.
– Жарайды, өзің біл. Сонда өкпеңді қайда сақтамақсың?
– Мында. Қыз басы мен жүрегін көрсетті.
– Өтінем, абай бол. Реніштің уы өте қауіпті. Ол қара тасқа айналып, төменге қарай тартуы мүмкін. Кейде жолындағының барлығын жайпап өтетін алапат өртке айналады. 
Реніш пен өкпе қыздың өзі көрсеткен басы мен жүрегіне орналасып алды. Ол денсаулығы мықты жас қыз еді. Өмірі өзі қалағандай өрілді. Тұрмысқа шықты, балалы болды, достар тапты. Әрине, оларға да ара-тұра ренжитін еді. Бірақ тез ұмытатын. Тіршіліктің ұсақ-түйегіне мән бермеді. 
«Кешіру» деген сөзді қайтара естігенде арада ұзақ жылдар өткен еді. 
– Мені күйеуім сатып кетті, балаларыммен арамыз дұрыс емес, тапқанымның берекесі жоқ. Не істесем болады? – деп сұрады ол психологтан. 
Психолог оның барлық айтқанын байыппен тыңдады да, соңынан  балалық шағы туралы сұрақтар қойды. Оның жадының түкпір-түкпірін аралап, шерменде болып қатып қалған ренішті жарыққа шығарғысы келетіндей.  Бұл қарсыласып бақты. 
– Сіздің өкпе-ренішіңіз ұлғайып кеткен. Оған теңіз түбіндегі маржан рифке жабысқан жабысқақ секілді ескі реніштеріңіз қосылған. Бұл өмір ағысының жолына  тосқауыл болады. Әлгі жабысқақтың өткір тұстары сіздің нәзік жаныңызды жаралайды. Сізге тазалану керек. 
– Иә, кейде өзімді қоярға жер таппаймын. Күйзеліс еңсемді езіп барады. Тазалану керек дейсіз бе? Қалай?
– Әу бастағы, ең басты ренішіңізді ұмытыңыз.
– Жоқ, кешіре алмаймын, менің ренжуге құқым бар!
– Сіз бақытты болғыңыз келе ме? 
Әйел жауап қатпастан кетті де қалды. Барлық өкпе-ренішін өзімен бірге алып кетті.
Тағы бірнеше жыл жылжып өтті.  Әйел тағы да қабылдауда отыр. Бұл жолы дәрігердің қабылдауында. Дәрігер барлық талдамаларды қарап, қабағын түйді. 
– Дәрігер, неге үндемейсіз?
– Сіздің туысқандарыңыз бар ма?
– Ата-анам қайтыс болған, күйеуіммен ажырасып кеткенбіз, балаларым мен немерелерім бар. Сізге оның не керегі бар?
– Сізде ісік пайда болған. Міне, мында. Дәрігер бас сүйектің кескінін оның алдына тартты. – Талдамаларға қарағанда осы ісіктің кесірінен сізде бас ауруы, ұйқысыздық бар. Тез шаршайсыз. Ең қиыны ісік өсіп барады. 
– Сонда маған ота жасай ма? – деген оның бойы мұздап кетті. 
– Жоооқ, – деп дәрігер қабағын түйе түсті. Соңғы жылдардағы кардиограммаңызға қарағанда, сіздің жүрегіңіз өте әлсіз. Отаны көтере алмауыңыз мүмкін. Сондықтан алдымен жүректі емдеу керек. Сонан соң ...
Дәрігер сөзін аяқтамай-ақ, әйел «сосынның» ешқашан болмайтынын түсінді. Алдында екі жол бар, жүректен немесе ісіктен...
– Айтпақшы   қан талдамаңыз да көңіл көншітпейді. Гемоглобин төмен, лейкоцитіңіз жоғары. Сізге дәрі жазып берейін. Бірақ сіз өзіңізге көмектесіңіз. Ағзаңызды тәртіпке келтіріп, отаға дайындалыңыз.    
– Қалай?
– Жақындарыңыздың арасында болып, көңіл-күйіңізді көтеріңіз. Қолыңызға альбомды алып, балалық шақтың бақытты күндерін еске түсіріңіз. 
Әйел мырс етіп күлді. 
– Барлығын кешіруге, әсіресе ата-анаңызды кешіруге тырысыңыз. Бұл жан тыныштығын сыйлайтынын тәжірибемде кездестіргенмін. 
– Рас па? – деп, бұл жолы кекесінін жасыра алмады. 
– Иә, медицинада дәріден басқа да көмекші құралдар бар. Қамқорлық, жақсы күтім... Ал, кешірім – рецептсіз әрі тегін дәру. 
Кешіру ме, өлу ме? Таңдау керек. Өмір мен өлім арасындағы таңдау. Басы ауырды, жүрегі сыздап қоя берді. Баяғы «Ренішті басым мен жүрегіме сақтаймын» дегені есіне түсті. Шамасы өкпе-реніші өсе келе бүкіл ағзасын жайлаған сияқты.  
Ол балалық шағын, өзін ренжіткен ата-анасын еске алды. Әке-шешесі өмір бақи жұмыстан бас алмайтын. Үйде ұрыс-керістен көз ашпады. Олар мұны өзі қалағандай бағаламады. Үздік баға да, мақтау грамоталары да, тіпті қарсылығы мен қырсықтығы да әсер етпеді. Кейін екеуі ажырасып, бөтен отбасын құрды. Ол отбасыларда бұған орын болмады.  Жасы 16-ға толғанда мұны басқа қалаға техникумға жіберді. Бір шабадан, азын-аулақ ақшамен жолға шыққан. Өзді-өзі қалған соң ата-анасын «кешірмеймін» деп серт берді. Өмір бақи өкпесін ұмытпады, тіпті өле-өлгенше кешірмеуге дайын. 
Бірақ балалары, немерелері бар. «Сондықтан кешіру керек, тым құрығанда тырысып көру керек» деп ойлады. 
– Ата-анам, мен сендерді кешірдім, – деді. Даусы тым баяу шықты. Өзіне сенімсіз адамның үні. Қолына қалам мен қағаз алып жаза бастады. «Қымбатты ата-ана. Мен бұдан былай ренжімеймін. Барлығы үшін де кешірдім». Аузына кермек дәм келді. Жүрегі қысылды, басы бұрынғыдан да бетер ауырып барады. Сонда да бар қайратын жиып, «Сіздерді кешірдім!» деп жазды. Жеңілдемек түгілі, одан сайын қысылды. 
– Олай емес, – деп сыбырлады періште. – Өзен үнемі бір бағытқа ағады. Олар үлкен, сен кішісің. Сен олардың баласысың. Сені олар туған. Өмірге әкелген. Алғыс білдірсеңші...
– Рахмет, мен шынымен де оларды кешіргім келеді. 
– Балалардың ата-анасын қаралауға қақысы жоқ. Ата-ананы кешірмейді. Олардан кешірім сұрайды. 
– Не үшін? Менің жазығым не?
– Сен өзіңе қысастық жасадың. Ренішіңді сақтап келдің. 
– Осының бәрі ата-анама кек сақтағаннан ба? 
– Саған ескерткенмін. Жан дүниеңді кекпен былғама, ауыр жүкті сақтама. Өкпе-реніш жан-жағын бүлдіріп, мүжіп жеп қояды. 
– Бірақ ата-анам қайтыс болғалы қанша жыл болды. Енді кімнен кешірім сұрамақпын?
– Бастысы, сен кешірім сұрай біл, олар естиді. Сайып келгенде, сен мұны олар үшін емес, өзің үшін жасағалы отырсың. 
Ол тағы да ата-анасынан кешірім сұрамақ болып тырысып көрді. Әдеттегідей басы мен жүрегі шыдатпай кетті. 
– Оларға балалық шақтағыдай тізеңді бүгіп, «әке, ана» деп көргін, – деді періште.
Ол сәл абдырап тұрды да, «әке, ана, мен сіздердің қыздарыңызбын. Мені кешіріңіздер» деп егіл-тегіл жылады. Көкірегіне толған өксік көз жасымен сыртқа шықты. «Мені кешіре көріңіздер, сіздерді кінәлауға қақым жоқ еді». 
Әл-дәрмені құрып, отырған жерінен қозғала алмады. Жан сарайы ашылған секілді бір түсініксіз сезім бойын билеп алған. 
– Қалайсың? – деді періште.
– Білмеймін, ішім босап қалғандай.
– Дәл осылай 40 күн қайтала. Емдік курс, химиятерапия сияқты  40 күн бойы кешірім сұра. 
Кеудесін жарып шығатындай ерекше бұлқынысты сезінді. Бәлкім, бұл теңіздегі маржанда жылдар бойы тұрған жабысқақтың үйренген жерінен кете алмай соңғы рет бұлқынуы шығар.

М.МЕРЕЙ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

МӨЛДІР МҰҢ

МӨЛДІР МҰҢ

–  Балалар, сабақтың аяқталуына қанша минут қалды? –  Әлі он минуттай...
Ата-ананың қадірі

Ата-ананың қадірі

Оның анасының бір көзінде кемістік бар еді. Бала кезінде сол үшін шешесін ...
ШЫБЫН

ШЫБЫН

Зуылдаған көлік, шиқылдаған құс, терезенің әйнегін тесіп жіберетіндей жарқылдаған...
ҮЗІЛГЕН ҮМІТ – ЖАЛҒАНҒАН АРМАН

ҮЗІЛГЕН ҮМІТ – ЖАЛҒАНҒАН АРМАН

«Тастама мені, апатай! Мені кімге қалдырып барасың?&nbs...
ТАСТАНДЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

ТАСТАНДЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ

Бір ғана ой. Санаға тыным бермейді. Екі көзін бір нүктеден айырмай, жол тосады....
МҰҢ МЕН ДОСТЫҚ

МҰҢ МЕН ДОСТЫҚ

Біз екеуміздің достығымыз қызық. Жас кезімізде, біреулер «мен досымды ешкімге...
Пікір: