ЖОЛАУШЫЛАР ПОЙЫЗЫ ЖОЛҒА ШЫҚТЫ

Сәрсенбіде облыс орталығынан «Қызылорда-Семей» және кері бағытқа қатынайтын қосымша жолаушылар пойызы жолға шықты.
Бұрын бұл бағытта №21-22 пойыздар жүретіні жұртшылыққа белгілі. Бірақ ол Қызылордадан тек жұп күндері ғана шығатын. Ал жаңадан жолға шыққан жолаушылар пойызы әр төрт күн сайын тақ күндері жүретін болады. Енді ол жыл соңына дейін осы кестемен қатынайды.
«Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы Батыс аймақтық филиалына қарасты Қызылорда өндірістік телімінің басшысы Қазыбек Жолмырзаевтың хабарланғанындай, пойыздың құрамындағы 16 вагонның төртеуі плацкарта, осыншасы СВ, қалғандары купе вагондар. Қытай өндірісінен шыққан вагондарда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. СВ және купе вагондарға теледидар, тоңазытқыш, қысқа толқынды пештер қойылған. Сондай-ақ төсек-орындар да жаңадан жабдықталған. Ал теледидар көрем деуші жолаушылардың өз дискілері болғаны артықтық етпейді.
Сонымен бірге багаж және вагон-ресторан жолаушыларға қызмет көрсетеді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

АҚПАРАТ 13 қазан 2013 г. 513 0