ЕҢБЕГІ ЕЛГЕ ЕЛЕУЛІ

АҚПАРАТ | 13 октябрь 2013 ж. - 17:46 | Көрудің саны: 870
Сырдария аудандық әйелдер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Социалистік Еңбек Ері Балдырған Мұстафаеваны еске алуға арналған «Егін бағын бағындырған Балдырған» атты кеш болып өтті.
Еске алу кеші «Сыр сұлуы» ән шашуымен басталды. Мұнан соң Алмагүл Божанова Балдырған апа жайлы жүрекжарды лебізін толқыныспен баян етті.
Есімі Сыр аймағына ғана емес, елімізге танымал тұлға Балдырған Мұстафаеваның еңбек жолы 1963 жылы кезіндегі Қазақстанның 50 жылдығы атты шаруашылықта күріш егуден бастау алады. 1970 жылы «Шіркейлі» ауылына келіп, өмірінің соңына дейін осы шаруашылықта диқаншылық кәсібімен айналысты. 1971-1988 жылдары егілген Сыр маржанының әр гектарынан 70-100 центнер аралығында өнім жинап, көш бастады.
Бар ғұмырын диқаншылыққа бағыштаған Балдырған апаның ересен еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол 1974 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 1976 жылы Ленин орденімен марапатталады. Ал, 1987 жылы Социалистік Еңбек Ері атанды. Б.Мұстафаева кезіндегі Қазақстан Коммунистік партиясының ХІV, ХV съездеріне делегат болып қатысса, орталық партия комитетінің пленум мүшесі, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болған.
– Балдырған апамыздың, – дейді Алмагүл Божанова, – мен-мендігі жоқ болатын. Біздің бір өкінішіміз, есімі елімізге танымал аяулы апамыздың атын мәңгілікке қалдырудан қағажу қалып келеміз. Өмір жолы өрендерге өнеге болар Балдырған апа атына не бір көше, не бір нысан атауының берілмеуі көптің көкейлерінде жүрген сауал. Ойланайық, ағайын.
Еске алу кешінде сөз алған кезіндегі ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бүгінде еңбек ардагері Бексұлу Синаева: 
– Балдырған ересен еңбек иегері ғана емес, мінезге бай адам еді. Қиындықтан қаймықпай күле жүретін. Иығынан кетпенін түсірмей жүрсе де, өмірге бес ұл-қыз сыйлады. Бүгінде Балдырғанның балалары аналарының жолынан адаспай жүріп, ел-халықтың несібесі үшін елеулі еңбек етіп жүр.
Еңбек Ерін еске алу кешінде ардагерлер Рысты Өкшебаева, Райкүл Жалғасбаевалар да сөз алды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Батырбек Маншарипов еңбек ардагерлерінің ұсыныстарын толық қолдайтындығын жеткізіп, Балдырған апасы жайлы лебізін білдірді.
Салтанатты шарада жергілікті ақындар Замадин Ибадуллаев, Мұхтар Сақтапов арнау өлеңдерін оқып, өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.
Кеш соңында Балдырғанның туған ағасы, еңбек ардагері Алпамысов Алтынбек, немересі Эльмира сөз алып, еліміздің ертеңі үшін елеулі еңбек еткен ардақты есім жайлы алғаусыз тілектерін жеткізді.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.


Сондай-ақ... оқыңыз:

БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ

БАЛА ЖАНЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ

Білім негізі – бастауыштан. Ендеше балабақша қызметкерлерінің білім саласындағы алар...
ЕҢБЕК – АСЫЛ МҰРАТ

ЕҢБЕК – АСЫЛ МҰРАТ

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Жалпыға бірдей еңбек қоғамы» туралы мақаласында еңбекке...
ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

Кеше Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында...
2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

1. Озат бағбан номинациясы бойынша Қызылорда қаласының бағбаны, Юзеев Ринат...
АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

Сейсенбінің кешінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында...
МАРЖАН ДӘН МОЛШЫЛЫҒЫ

МАРЖАН ДӘН МОЛШЫЛЫҒЫ

Берекелі күз келіп, ел несібесі – егін-терінді ысырапсыз жинап алу жұмысы қарбалас...
Пікір: