ҚҰРБАН АЙТ – ҚАДІРЛІ МЕРЕКЕ

Облыс әкімшілігінің баспасөз орталығында «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Талғат Сейіткәрімұлы бастаған дін қызметкерлері БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Онда қазан айының 15-17 күндері болатын қасиетті Құрбан айт мерекесі жайында жан-жақты әңгіме өрбіді. 
– Құрбан айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі, ол күні Алла разылығы үшін мал шалынып, ақ түйенің қарны жарылады,– деді бас имам. – Хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екені айтылған. Құрбан араб тілінде «жақындау» деген мағынаны білдіреді, яғни мұсылман баласы өзі жасаған сауап істері арқылы өз жүрегін тазартып, Жасаған Аллаға бір табан жақындай түседі. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы «шарттармен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құлшылық жасаудың түп мәні – Жасаған иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен шектелмейді. Онда пенденің ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы мен басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ оның пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Құрбандық шалатын жандар негізінен мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы, ең бастысы қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы шарт. Нисап мөлшері 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін қаржыны құрайды. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанымен жағдайы келсе, шын ниетті болса құрбандық шалуына рұқсат етіледі. Құрбандыққа шалынған малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Құрбандыққа арналған қой мен ешкі бір жасқа, сиыр 2, түйе 5 жасқа толуы шарт. Егер семіз болса, тоқты жарамды болады. Қой мен ешкіні бір адам, ал сиыр мен түйені 2-7 адам бірігіп шалуына болады. Алайда, барлығының да ниеті таза, ықылас-пейілі шынайы болуы керек. Құрбандық иесі мал етін үшке бөліп, туған-туысына, көрші-көлеміне сыйға тартады, екінші бөлігін кедей, мұқтаж жандарға бөліп береді, бір бөлігін өзіне қалдыра алады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса, оның үстіне балалары көп болса онда құрбандықтың етін түгелдей өзінде қалдыруына да, болмаса солайымен тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларына бөліп беруіне де болады.
Құрбан шалу Құрбан айттың алғашқы, яғни 15 қазан күнгі Айт намазынан кейін басталады. Айт намазы жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі 8.30-да оқылады. Ал 14 қазан арапа күні Айтқа дайындық, тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бұл күні ораза ұстаған адамға оның сауабы мол. Тағы бір есте болатын нәрсе, құрбанды бауыздайтын адам мұсылман болғаны абзал және құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасаптың ақысы төленбейді. 
Орталық мешітте қасиетті мерекеге дайындық шаралары жүргізілуде. Құрбандыққа шалынған мал етінен дәмелі тұрмысы төмен отбасылардың есебі алынып, кезекке қойылды. Сонымен қатар, мешіт жанындағы барлық жағдайы жасалған қасапханада шариғат шарттарымен құрбандық шалуға толық мүмкіндік бар. 
Баспасөз мәслихатына қатысқан дін қызметкерлері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.  

АҚПАРАТ 10 қазан 2013 г. 529 0