СЫРДАН ШЫҚҚАН ЗАҢҒАР ЗАҢГЕР

АҚПАРАТ | 05 октябрь 2013 ж. - 10:36 | Көрудің саны: 953
Кеше облыс орталығында Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры Сүлеймен Есқараевтың туғанына 115 жыл толуына арналған мерекелік шара кеңінен атап өтілді.
Сүлеймен Есқараев 1897 жылы Сырдария губерниясының Қазалы уезіндегі Қуаңдария болысы, қазіргі Қармақшы ауданында шаруа шаңырағында өмірге келген. Бесіктен белі шықпай жатып он екі жасынан қаланың кірпіш зауытында қалып құюшы боп жұмыс істей бастаған ол үш жылдан соң темір жол стансасында жұмысшы, 1916 жылдан Перовск депосында балғашы болған. Белсенді жасты 1918 жылдың қазан айында Перовск уездік комитеті большевиктер қатарына қабылдаған.
1919-1925 жылдар аралығында РКП (б) Сырдария облысы комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, Ташкент облысы төтенше комиссиясы бастығының орынбасары, Ақмешіт уездік-қалалық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Түркістан ОК бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары, Сырдария облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1925-1928 жылдары Қазақ АКСР ішкі істер халық комиссары, 1928 жылдан Орынбор өлкелік милиция мектебінің бастығы болса, 1930-1933 жылдары Мәскеуде Бүкілодақтық жоспарлау академиясында оқыған.
1933 жылдан Қарағанды облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1936-1937 жылдары Қазақ КСР Заң халық комиссары және республика прокуроры қызметін атқарған Сүлеймен Есқараев 1937 жылы жалған айыппен тұтқындалып, 1938 жылы Алматы қаласында атылған. Ал, 1957 жылы 5-қарашада ақталды.
Мерекелік шара шеңберінде алдымен облыстық прокуратура ауласында Сүлеймен Есқараев ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіш авторы – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Мұратбай Үмбетов.
«Ұлттық рух тұлғасы» атты театрландырылған қойылымнан соң, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов Сырдан шыққан заңғар заңгер рухына тағзым етіп, ескерткішті ашты.
Аталған шара аясында облыстық прокуратура ғимаратында Сүлеймен Есқараев атындағы ведомстволық мұражай ашылды. Облыстық прокуратураның бастамасымен ашылған мұражайға тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі мен Қызылорда облысының және прокуратура органдарының даму тарихы, тұңғыш прокурордың өмірі мен қызметіне қатысты деректер қойылған.
Мерейтойлық шара Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Сүлеймен Есқараев: Тәуелсіз Қазақстан прокуратурасының қалыптасуы мен дамуы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Конференцияны облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.
Мінберге алғашқы боп көтерілген аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев конференция жұмысына сәттілік тілеп, Сүлеймен Есқараев құрметіне шығарылған естелік медальді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, прокуратура органдарының генералы Иманғали Сейітов, соғыс және еңбек ардагері Кеңесбай Қалиевтің кеуделеріне тақты.
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Нұрмаханбет Исаев Сенат төрағасы Қайрат Мәмидің құттықтау хатын оқып берді.
Бұдан соң баяндамашыларға кезек беріліп, ҚР Бас прокуратурасының С.Есқараев атындағы институт директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов «Сүлеймен Есқараевтың заң саласындағы көзқарасы», Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бауыржан Еңсепов «Сүлеймен Есқараев: тарих пен тағылым», Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Ерлан Алтаев «Ақпараттық қоғамдағы прокуратураның рөлі», «Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4 курс студенті Ақерке Алматқызы «Азаматтар құқықтарының сақталуындағы қылмыстық процесс қағидаларының рөлі» тақырыбында мазмұнды баяндамалар жасады.
Конференция соңында Сүлеймен Есқараевтың өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм мен «Тарланбоз» кітабының тұсаукесері болды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

ТҰҢҒЫШ ПРОКУРОР ҚҰРМЕТІНЕ

ТҰҢҒЫШ ПРОКУРОР ҚҰРМЕТІНЕ

Өткен сенбіде «Евразия» мәдени-спорт кешенінде облыстық құқық қорғау органдары...
ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ ТАҒЫЛЫМ

ТЕҢІЗ ТӨСКЕЙІНДЕГІ ТАҒЫЛЫМ

Бүгінгі күннің ертеңгі тарих екендігі ақиқат. Ал, өткенге көз тастап ғибрат алу...
КҮРІШ ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ КЕЛІСІМДЕРГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

КҮРІШ ЖӘРМЕҢКЕСІНДЕ КЕЛІСІМДЕРГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Кеше облыстық «Алтын күз-2013» іс-шарасының соңында Қорқыт ата атындағы мемлекеттік...
ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

ЖАҚСЫНЫҢ ІСІ ЖАҢҒЫРА БЕРЕР

Кеше Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында...
АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

АЛАШТЫҢ АРДАҚ ТҰТҚАН АЗАМАТЫ

Сейсенбінің кешінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында...
«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫ

«НҰР ОТАННЫҢ» – ЖАҢА ҒИМАРАТТАРЫ

Бейсенбіде облыс әкімі, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының төрағасы Қырымбек...
Пікір: