ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛҒА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Сыр бойындағы шығармашылық өкілдерінің басын қосқан Қазақстан Жазушылар одағы филиалының жұмысы біршама уақыттан бері тоқтап тұрған болатын. Құрамында 23 ақын-жазушы бар ұйым қоғамда болып жатқан барлық жаңалықтарға өз үндерін қосуға ынталы. 
Біздің өңірге арнайы сапармен келген ҚЖО хатшысы, драматург Сұлтанәлі Балғабаев одақ басшысының бұйрығымен тағайындалған филиал жетекшісін таныстырды. Алдағы уақытта Жазушылар одағының аймақтық өкілдігін ақын, ҚЖО мүшесі Қаршыға Есімсейітова басқаратын болады. Басқосуға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиев филиал жұмысын ұйымдастыру, ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығару жайындағы ұсыныстарға ден қойды. 
Осы мәселелер төңірегінде сөз қозғаған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Махмұтбай Әміреев қаламгерлерге стипендия тағайындау туралы өзге өңірлердегі бастамаларға қатысты ойларын айтты. Жазушы Айжарық Сәдібекұлы кітап шығарудағы түйткілдерге тоқталды. Ақын Қатира Жәленова жастар шығармашылығына қолдау көрсету, форумдар ұйымдастырудың маңызын атап өтті. 
Қаламгерлер ұрпақ тәрбиесімен ұштасатын шараларды өткізуді көздейтін мемлекеттік сатып алуларға қатысып, осы жұмысқа өз үлестерін қосуға дайын. Сонымен қатар құрамындағы ақын-жазушыларды рухани тұрғыдан қолдауды жүзеге асырмақ. 
М.МЕРЕЙ.  
АҚПАРАТ 05 қазан 2013 г. 550 0