ЕУРАЗИЯЛЫҚ БАНК ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Кеше облыс орталығынан Еуразиялық банктің филиалы ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев қатысты. 
Жаңадан ашылып отырған банк филиалы облыстың ірі кәсіпорындарына, мұнай және газ секторы ұйымдарына, шағын және орта бизнес компанияларына, жеке тұлғаларға кешенді қызмет көрсете алады. Яғни, облыста жұмыс істейтін банк бөлімшелері аймақтағы шағын және орта кәсіпкерлікке несиелік және лизингтік бағдарламалар арқылы көмек көрсету ісіне қатысуда. Сонымен қатар, барша қазақстандықтармен бірге Қызылорда филиалының клиенттеріне де Еуразиялық банк ұсынатын барлық қызмет түрлері көрсетіледі. Атап айтқанда, интернет-банкингтен бастап дәстүрлі ақша аудару, валюта айырбастау, несие алу, депозитке салу, карточкалық өнімдермен жұмыс жүргізу және тағы басқа. «Болашақ» деп аталатын бұл филиал 75 қызылордалықты жұмыспен қамтып отыр. «Болашақ» филиалы – Еуразиялық банкінің бөлшек жүйесін дамытудағы кең көлемді жобасының бірі. Филиал дизайнын жобалауда клиенттерге жайлы болу үшін барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, балаларға арналған ойын аймағы бар және өзіне-өзі қызмет көрсету аймағында карточкадан тәулік бойы ақша алу немесе шотты толтыру мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Болашақ» филиалында екі банкомат және екі терминал бар. Жаңа жылға дейін тағы үш банкомат, үш терминал орнату көзделген.  
Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев банк қызметкерлері мен барша қызылордалықтарды банк филиалының ашылуымен құттықтап, банк қызметіне сәттілік, табыс тіледі. Еңбек ардагері Жарылқасын Шәріпов аталық ақ батасын берді. 
Өз кезегінде «Еуразиялық банк» АҚ-ның басқарма төрағасы Майкл Эгглтон сөз алып, қызылордалықтарға, салтанатты рәсімге қатысушыларға құтты болсын айтып, қолдау танытқан облыс әкіміне, әріптестеріне алғысын жеткізді. – Құрметті қызылордалықтар, жиынға қатысушылар, банк филиалының ашылғаны баршаңызға құтты болсын! Бұл осындағы облыс әкімінің қолдауымен ашылып отыр. Сондықтан аймақ басшысына және бізге қолдау білдірген барша әріптестерімізге қөп рахмет айтамыз. Біздің банк аз уақыт аралығында жан-жақты жылдам дамып келеді. Еуразиялық банкте заманауи технологиялар және тармақталған филиалдық жүйелер бар. Банк шағын және орта бизнесті, өндірістік, фермерлік кәсіпкерлікті қаражаттық жағынан ұзақмерзімді жобаларын жүзеге асырудың ресурстарына ие,– деп банк қызметінен хабардар етті. 
Жалпы, «Еуразиялық банк» АҚ 1994 жылы құрылған. Бүгінгі таңда банктің Қазақстан бойынша 20 филиалы және 121 бөлімшесі бар. Банктің жемісті қызметі 2012 және 2013 жылдардың нәтижесі бойынша «Қазақстанның үздік бөлшек банкі», 2012 жылы «Қазақстанның үздік банкі» және «Қазақстандағы жыл банкі» номинациялары бойынша марапаттармен расталған.
Салтанатты шарада банк филиалының лентасы қиылып, шашу шашылды, күй күмбірлеп, әдемі әндер әуеледі.
Айнұр БАТТАЛОВА.  
АҚПАРАТ 03 қазан 2013 г. 666 0