БАРЛЫҒЫ ДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Кеше «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті Асхат Акчурин «Қамқор» ЖШС-да орын алған жағдайға байланысты қысқарған жұмысшылардың қазіргі таңда жұмыспен қамтылуы жайында журналистерге мәлімдеме жасады.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын «Қамқор» корпорациясындағы құрылымдық өзгерістер және өндірісті модернизациялауға байланысты 300-дей жұмысшы қысқартылған болатын. Осыған орай, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың шақыртуымен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті Асхат Акчурин келіп, жұмысшылармен жүздесіп, олардың ешқайсысының жұмыссыз қалмайтындығын жеткізген еді. Осы ретте құрамында облыс әкімдігінің өкілдері мен «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ бар арнайы жұмыс тобы құрылды.
Кешегі өткен брифингте А.Акчурин бүгінгі күні осы қысқарған үш жүз жұмысшының 160-ның өз мамандықтары бойынша жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Мәселен, зейнет жасына шығуға бір жыл қалған 13 адамға әр ай сайын бір айлық көрсеткіштегі еңбекақы төлеуге шешім қабылданған.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта «Шағын мұнай өңдеу зауыты» ЖШС 24 адамды жұмысқа алатындықтарын айтса, «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолына жұмысқа баруға да мүмкіндіктер қарастырылуда. «Бүгінгі күні қалған теміржолшыларды еңбекке тарту мәселесі жалғасын табуда» деген ҚТЖ-ның вице-президенті ешкімнің жұмыссыз қалмайтынын тағы да мәлімдеді.
М.ОТАРАЛЫ.

АҚПАРАТ 01 қазан 2013 г. 469 0