ШАЛҒАЙ ШӘКЕНДЕГІ ШАТТЫҚ

АҚПАРАТ | 26 октябрь 2013 ж. - 00:11 | Көрудің саны: 417
Шағыл төбеден асып түскенімізде әсем көрініске куә болдық. Бұрын бұл маңда «Шөлқұм» аталатын елді мекен қоныстанған-ды. Баршаға салмағын салған оңтайландыру саясаты шағын ауылды да айналып өтпеді. Тұрғындары үдере көшкен жұртта санаулы адам қалған еді. Қазір мұндағы ағайынның тіршілігіне қайтадан нәр жүгіріпті. Қыстау төңірегінде түліктің бар түрін кездестірдік. Бас-аяғы бірнеше үйдің жанында түрлі үлгідегі техникалар тұр. 
Жанымдағы жолсерігім Мұхтар Жұбандықов «Бұрынғының қазағының белдеуінде арғымағы болса, енді темір тұлпарды тізгіндепті» деп сүйсінгенін жасырмады. Көз жетер тұстағы айдынды «көл шығар» дегенбіз. Қателесіппіз. Ағыны көкке шапшыған бұлақтан жиналған су екен. Желмен тербелген толқынды кешіп сусынын қандырған үйір-үйір жылқылар тым қоңды көрінді. Дөңнің баурайында нар-қоспағы аралас түйелердің келесі, желіндері жер сызған сиыр табынын да көзіміз шалды.
Күн түске таласқанда Шәкен ауылына табан тіредік. Ауыл орталығындағы жаңадан басталған құрылыстың жанында қарақұрым шоғыр жүр. Ақсақал – қарасақал, үлкен-кіші түгелдей жиналған тәрізді. Округ әкімі Болат Әміреевтен мәнісін сұрағанымызда асар тәсілімен клуб салынып жатқанын естідік. Нысанның жанында шырқалған әсем әуен кеудеңе қуаныш ұялатады. Келбетті өңді Марияш Ниетәлиева өзге де ауыл аналары бірнеше қазанда ас дайындап жатыр. Бұл сурет даланың дархан пейілі әлі де қаз-қалпында сақталғанын жадымызға салды. 
 Аудан әкімі Бақыт Жаханов, орынбасары Сұлтан Махашов, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, мәслихат депутаты Мінәжадин Өтеевті осында жолықтырдық. Демалыс күні қиырдағы Шәкеннен аудан басшыларын кездестіреміз деп күтпеген едік. Қашан да байсалды қалпынан танбайтын Бақыт Дүйсенұлы ауылдың ахуалын білуге аралап шыққандарын жеткізді. 
Қалыптасқан дағдымен Шәкеннің тыныс-тіршілігімен танысуға кірістік. Алғашқы аялдағанымыз Анар Тілеубергенова жетекшілік жасайтын амбулатория болды. Ұжым аудандық диогностикалық емхананың бөлімшесі есептеледі. Тәжірибелі де білікті дәрігер Анар бастаған мұндағы ақжелеңділер қауымына жүктелер міндет салмақты. Ұзын-ырғасы 240 шақырым аумақты қамту оңайға соқпайды. Биылғы жартыжылдықта 12 нәресте дүние есігін ашыпты, ана өлімі тіркелмеген. Жедел жәрдем көлігі жарамды. 
«Алайда, бейімделген ескі ғимаратта кабинеттер тапшылық етеді. Күндізгі стационар он бір төсекке арналғанымен одан әлдеқайда аз. Себебі бөлме жетіспейді. Тұрғындарды флюрографиядан өткізудің де өзіндік қиындығы бар. Шилідегі трансформатордың қуаты аз. Тапа, Қожақазған, Шөлқұмда электр желісі жоқ» дейді өзімізбен тілдескендер. Сондай-ақ, Тапада фельдшер болмауы да кедергінің бірі. Шалғай ауылға жас мамандардың келе бермейтіні жалған емес. Нысан күтімнің күшімен тұр. Шарбақтың іші жал-жал құмға толы. Компьютер болғанымен, интернетке қосылмаған. Порталға салу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр. Нормативке сәйкес ауру, сау балаларды, ересектерді қабылдау бөлмесі бөлек болуға тиісті. Шәкенде әзірше ондай жағдай жоқ. Десе де, тығырықтан шығар сәт қашық емес. Елді мекенде типтік үлгідегі дәрігерлік амбулатория бой көтеруде. Жыл аяғына дейін іске қосылмақшы. 
«Қарты бар үйдің-қазынасы бар». Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Махамбетжановпен әңгімеміз салғаннан үйлесті. Бастауыш ұйымда қырық алты ардагер есепте тұрады. Ауылда Әлмахов Әбжәми есімді жалғыз соғыс ардагері бар. Тоқсан жастағы атамыз әлі тың. Ауылдағы қоғам өміріне ардагерлер белсене араласады. Төрт түлік өсіретін елді мекенде шаруа жайы жылдан жылға оңалуда. Ауданмен байланыстыратын қара жолды тым құрыса грейдерлеп берсе деген Жаңбырбай жұртшылықты мал суғаруға арналған бұлақтың тозығы жетуі қинайтынын да жасырмады. Көнетоз «КАВЗ» маркалы автобус кентке аптасына екі мәрте қатынайды. Бірақ конкурс талабына сай келмегендіктен тендерге қатысуға дәрменсіз. Салоны қыста өте салқын болатындықтан адам аз мінеді. Шәкендіктер көтерген бұлақ мәселесі көп ұзамай шешілетін сыңайлы. Сапар барысында аудан әкімі Бақыт Жаханов бұлақ қазуға қаржы бөлінгенін, келешекте үй-үйге тарту межеленгенін жеткізді. 
«Сыбаға» бағдарламасымен округте бірнеше шаруа қожалығы несие сұрап өтініш беріпті. Қолға тиген 25 млн. теңгеге мүйізді ірі қара алынған. Ет бағытындағы сиырлар, асыл тұқымды бұқалар жеткізілген. «Сыбағаның» сыйын көргеннің бірі – Айнагүл Мұратова. Ол еңбегінің жемісін татып, кәсібін дөңгелентуде. Елді мекендегі №134 орта мектеп үйі де ескі ғимаратқа қоныстанған. Өткен оқу жылында 109 оқушы, биыл 86 шәкірт білім нәрін бойға сіңіруде. Мектеп жанындағы интернат апатты жағдайда екен, іргетасы жемірілген, құрал-жабдықтардың да тозығы жетіпті. Мектеп директоры Марат Кеулімжайдан білгеніміз интернатта теледидар жоқ. Аудан әкімі жуырда жаңа құрал-жабдықтар бергізуге уәде беріпті. Ал келесі жылы интернат мектеп ғимаратымен қоса салынбақшы. 
Алыс ауылдағы біз көрген ақиқат міне осындай.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.

Сондай-ақ... оқыңыз:

ЕЛГЕ ҮЛГІЛІ АУЫЛДА

ЕЛГЕ ҮЛГІЛІ АУЫЛДА

Қазақ елінің байтақ даласының қақ ортасына қоныс тепкен Қарағанды облысының күндері...
БАС ҚАЛАНЫҢ КӨРКІНЕ БАРШАМЫЗ YЛЕС ҚОСАМЫЗ

БАС ҚАЛАНЫҢ КӨРКІНЕ БАРШАМЫЗ YЛЕС ҚОСАМЫЗ

Осы аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласының 195...
«СЫБАҒАНЫҢ» СЫБАҒАСЫ МОЛ

«СЫБАҒАНЫҢ» СЫБАҒАСЫ МОЛ

Заманында қазағымның малсыз күні болмаған. Жаз жайлауда, қыс қыстауда төрт түлігін...
АУЫЛДЫҢ АЛТЫН КYЗІ

АУЫЛДЫҢ АЛТЫН КYЗІ

Қазалыда басты дақыл күріш жинау қарқынды жүргізілуде. Ауа райының ашықтығын...
БАЛАЛАР ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

БАЛАЛАР ҮШІН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛАДЫ

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың жұмыс сапары осы күні Қармақшы ауданының Төретам...
МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЕТБҰРЫС БАР

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНДА БЕТБҰРЫС БАР

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы» атты Жолдауында...
Пікір: