БАҚ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ

Кеше облыстық баспасөз клубында «Қазконтент» акционерлік қоғамының BAQ.KZ ақпараттық порталы өткізген «Аймақтық БАҚ-ты интернетке көшірудің маңыздылығы» тақырыбында семинар болып өтті. Оны BAQ.KZ ақпараттық порталының қызметкері Нұрлыбек Досыбай жүргізді. Семинарды облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
Қазіргі таңда интернет ресурстар қарқынды дамып келеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, осыдан үш жылдай бұрын елімізде 4,5 млн. адам интернетті пайдаланушылар қатарын толықтырған еді. Бүгінгі күні олардың саны 10 млн. адамға жуықтады. Біздің елімізде интернет-ресурстарға деген сұраныс жылдам артып, жыл өткен сайын ол маңызды мәселелер қатарына қосыла бастады. 
Қазнет қарқынды дамып жатқанымен, қазақ тілді интернет-ресурстардың саны әлі аздық етіп отырған жайы бар. Осы мақсатта «Қазконтент» акционерлік қоғамының BAQ.KZ ақпараттық порталының тұсауын кесті. Онда өз интернет-ресурсы жоқ баспасөз құралдарына жеке интернет-парақша қызметін ұсынып, бұл бағытта тиімді жұмыстар қолға алынды. Сыр өңірінде бұл бағытта нақты жұмыстар жүзеге асты. Бүгінгі таңда аталмыш ақпараттық порталда 30-ға жуық мерзімді басылым өзінің интернет-парақшасын ашты.
Семинар барысында аталған тақырыпқа байланысты сан алуан сауалдар қойылды. Бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды. 
Әділжан ҮМБЕТ.  

АҚПАРАТ 26 қазан 2013 г. 533 0