КҮРЕ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ

Сәрсенбі күні «Қазавтожол» АҚ Қызылорда облыстық филиалының мәжіліс залында басқосу өтіп, онда «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық күре жол жобасының аймақта жүзеге асырылуы талқыланды. Басқосуға құрылыс компанияларының өкілдері, құрылысты қадағалаушы мамандар және «Азаматтық құрылтай - Азаматтық қозғалыс» үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Еуропадан Қытайдың батысына дейін жалғасатын транзиттік дәліздің еліміз бойынша жалпы ұзындығы 2787 шақырым болса, оның 812 шақырымы Қызылорда облысы аумағынан өтеді. Аймақта жоба құрылысын 4 бас мердігер және қазақстандық 12 қосалқы мердігер жүзеге асырып келеді. Қазіргі кезде жолды қайта жаңарту барысында 48 көпір, 336 құбыр, 74 мал өтетін орын, 14 жол айрығы, 2 темір жол өткелі жасалуда.
 Құрылыс жұмыстарын бақылаумен «Исан» (Корея), Роугтон/ДБЮК (Англия), «Донгсунг» (Корея) және қазақстандық «Каздорпроект» ЖШС компаниялары айналысуда. Жалпы облыс бойынша күре жол құрылысына 3902 адам жұмысқа тартылған. 
Осы басқосуда жарты әлемді жалғастыратын жол сапасын бақылауды одан әрі жақсарта түсу үшін «Қазавтожол» АҚ Қызылорда облыстық филиалы, ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті, жол құрылысын қадағалаушы компаниялар мен «Азаматтық құрылтай - Азаматтық қозғалыс» ассоциациясы өкілдері көпжақты меморандумға қол қойды. Меморандумға сәйкес, «Айқын және тұрақты даму сараптамалық кеңесі (АТДСК)» құрылып, жол құрылысы жұмыстарына мониторинг жүргізу жұмыстарына ұдайы баға берілетін болады. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
АҚПАРАТ 26 қазан 2013 г. 548 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031