ЖОҒАРЫ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢЕС

МИНСК. 25 қазан. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.
Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ қызметін қамтамасыз ету қажеттігіне тағы да назар аударды.
 – Бұл үшін алда әлі де орасан зор жұмыстар атқарып, 2014 жылғы мамырға қарай Одақ туралы шартты әзірлеуді аяқтау міндеті тұр. Елдеріміздің парламенттері бұл құжатты ратификациялауы қажет. Сондай-ақ, біз елдеріміз арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды дамытуға кедергі келтіретін түрлі шектеулерді жою жөнінде шаралар қабылдау туралы келістік. Еуразиялық экономикалық комиссия бұл бағыттағы өз жұмысын жалғастырады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы қазіргі кезде өзара тиімді сауда үшін барлық кедергіні жою туралы, атап айтқанда, түрлі тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету жайлы келісімге қол жеткізілгенін айтты.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті интеграциялық бірлестікке жаңа мүшелерді қабылдауда экономикасы Кеден одағы елдерінің даму деңгейімен сәйкес келуге тиістігі жөнінде жіті көзқарас болу қажеттігін атап өтті.
 Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үшін бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.
 Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды.
 Сондай-ақ, «Кеден одағының кедендік аумағы бойынша есірткі заттарының, психотроптық заттарының және олардың прекурсорлары қозғалысының тәртібі жөніндегі келісімге» қол қойылды және Армения Республикасының еуразиялық интеграциялық процеске қатысу туралы Өтініші қабылданды.

АҚПАРАТ 26 қазан 2013 г. 599 0