ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

Қазалы ауданында облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен отбасы татулығына арналған кеш өтті. Кенттің мәдениет үйіне жиналғандар алдында бірлестік төрайымы Меруерт Аңсатова Елбасы Жолдауында қозғалған отбасын сақтау және нығайту тақырыбында дәріс оқыды. Байырғы ұстаздың отбасы құндылықтарын насихаттау, қоғамдағы беделін көтеру, әйелдердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі жайындағы байсалды пікірі көпшіліктің көңілінен шықты. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұлттық қағидамыздың астарында даналық ой жатыр деген Меруерт Нағыметқызы ұрпақ тәрбиесі, әсіресе, келешекте ана аталатын қырмызы қыздарымызға жүктелер міндеттің маңыздылығына тоқталды. 
Мұнан соң «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Зейнар Тажиева отбасы бюджетінің нақты есепті талап ететінін, отбасындағы кәсіпкерлікті дамыту, қаржыландыру, балаларды еңбекке баулу бағытындағы пікірін ортаға салды.
– Ауданда 16 мығнан астам бала туу жасындаҫы қйел бар. Соғҫы жылдары ана өлімі тіркелген жоқ. Алайда, босану жасындағы әйелдер арасында түрлі аурушаңдықтың, қыздарымыздың арасында ерте тұрмысқа шығу оқиғасының да кездесетіні жалған емес. Әрбір нәрестенің өмірге аман-сау келуіне байыппен қараған жөн. Ана сүтінің кез келген дәруменнен, жасанды сүттерден артық екенін ұмытпайық, – деген аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сара Тәжіғұлованың лебізіне көпшілік қызу қошемет көрсетті. 
Басқосу соңында бір топ қатысушыларға арнайы сертификат тапсырылды. Сондай-ақ, Мергенбай Қалданов, Құлпыбай Құрманәлі, Әмірбек Қосыбаевтың отбасыларына «Өнегелі отбасы» аталымы беріліп, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жанқожа батыр елді мекенінің тұрғыны Қ.Құрманалы бүгінгі кештің ұрпақ тәрбиесіне тигізер септігі мол екендігін айта келе, шара ұйымдастырушыларына жұртшылық атынан ризашылық білдірді. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
АҚПАРАТ 14 қыркүйек 2013 г. 1 259 0