АЛДА АТҚАРЫЛАР ІСТЕР АУҚЫМДЫ

Елбасы Жолдауы әлемдік өркениетте өзіндік орны бар еліміздің ертеңі үшін ерекше серпіліс туғызуда. Ел еңсесін тіктеп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуда Сыр аймағында да серпіліс бары байқалады.
Жақында жұмыс сапарымен Қармақшы ауданына барғанымызда аумақ халқының әл-ауқатын арттыру мен аудан экономикасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, макроэкономикалық көрсеткіштердің өсуіне көз жеткіздік.
Қармақшы ауданының басты саласы – ауыл шаруашылығы. Биылғы жылы осы сала бойынша 20555 гектар жерге егіс дақылдары егілсе, осының 12359 гектар жеріне Сыр салысы себілген. Ала жаздай күтімге алынған егіс шығымы жақсы. Өйткені, көктемгі дала жұмыстарына арзандатылған дизель отынын алуға «Қызылорда-Нефтьтранс» ЖШС бекітіліп, шаруашылықтарды арзан отынмен уақытылы қамтамасыз етіп отырған. Сондай-ақ, күріш дақылдары тыңайтқыштармен қоректендіріліп, арам шөптерге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүйелі жүргізілген. Биылғы жылы Yкімет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, яғни егіс дақылдарына, суға, минералды тыңайтқышқа, барлығы 293 млн. 55 мың теңге көлемінде субсидия беріліпті. Бүгінде егіс даласы еңбек дүбіріне бөленген.
Ауданда төрт түлік мал басын өсіру, оның өнімділігін арттыру бағытында да игілікті істер қолға алынып жатыр. Бір құптарлығы, мал саны жылма-жыл өсіп келеді екен. Сондай-ақ, оның өнімдерін өңдеуде де бетбұрыс бары байқалады. Нақтылай айтар болсақ, биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 1396 тонна ет, 2252 тонна сүт өнімдері өндіріліп, ел несібесіне ұсынылған.
Бір құптарлығы, көптеген жеке кәсіпкерлер «Сыбаға» бағдарламасы негізінде несие алып, асыл тұқымды мал басын көбейтуге бетбұрыс жасауда. Аудан аймағындағы 9 жеке кәсіпкер 60,6 млн. теңгеге 316 бас аналық, 19 бас асыл тұқымды бұқа алу үшін «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» АҚ-на қажетті құжаттарын өткізсе, Ақжар, Ақтөбе, Дауылкөл, Қуаңдария, Көмекбаев ауылдарының кәсіпкерлері жер телімдерін рәсімдеу үстінде екен. Бұл кәсіпкерлердің 141 бас аналық, 8 бас бұқа алуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, биылғы жылы Жосалы кенті мен Ақай ауылындағы екі шаруа қожалығы 15 млн. теңге көлеміндегі несиеге 86 бас аналық, 5 бас асыл тұқымды бұқа алып, зоотехникалық талаптарға сай күтімге алған. Жергілікті мал тұқымын асылдандыру, өнімділігін арттыру мақсатында мүйізді ірі қараларды қолдан ұрықтандыру да жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жоспарланған 37500 тонна мал азығын дайындау жұмыстары да жүйелі жүргізілуде.
Тағы бір құптарлығы, соңғы жылдары ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіруге деген құлшыныс байқалады. Қараңыз, ауданның өнеркәсіп кәсіпорындары биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында 1 млрд. 514 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 154,4 пайызға өскен. Ауданда «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның мұнай терминалы жұмыс жасауда. Мұнда сыйымдылығы 900 мың текше метр резервуарлар бар. Жалпы ұзындығы 174,14 шақырым болатын мұнай құбыры Қызылқия, Арысқұм, Майбұлақ кеніш орындарына тартылған. Сонымен қатар ауданда «ППС Ойл Трейд» ЖШС-ның «Вагон жуу станциясы» жұмыс жасауда. Бүгінде осы компанияда 140-қа жуық жергілікті тұрғындар тұрақты жұмысқа тартылған. Орташа есеппен 80-90 мың теңгені құрайтын жергілікті жұмысшылар жалақысы уақытылы төленіп отырылады.
Жосалы кентінен 12 шақырым жерде орналасқан «Жосалы-2» кенішінде құрылыс құмы мен құмды гравий өндірумен «АНК-Дәулет» ЖШС (директоры Қанатбай Абзалұлы) айналысып келеді. «Жосалы-2» кеніш өнімдері асфальт және гидротехникалық бетондар дайындауға, силикат кірпіштерін шығаруға және басқа да құрылыс жұмыстарына пайдалануға жарамды. Содан да серіктестік өнімдерін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралі құрылысындағы кәсіпорындар, «Дорстрой» ЖШС, Шиелідегі «Қазатомпром» АҚ өндірістік қажеттіліктеріне орай тапсырыспен алуда екен. Сондай-ақ, Төретам кентіндегі «Мир-2001» ЖШС жанар-жағар май сатумен ғана емес, тротуарлық плитка, бордюр, тағы басқа құрылыс материалдарын шығарумен айналысуда.
Ауданда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында аймақтық индустрияландыру картасына енген құны 450 млн. теңге тұратын «Қорқыт ата зиярат етушілер орталығы» жобасының құрылысы 2011 жылы басталған болса, жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек. Сонымен бірге биылғы жылы облыстық өңірлік индустрияландыру картасына енгізуге аудан тарапынан екі жоба ұсынылып, облыстық үйлестіру кеңесінде мақұлданған. Бұлар: «АНК-Дәулет» ЖШС-ның құны 51 млн. теңге тұратын «Бетон бұйымдары цехын ашу» және «Мир-2011» ЖШС-ның «Бетон цехына заманауи технология енгізу арқылы жаңғырту» (құны 64 млн. теңге) жобалары. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша да аймақтық үйлестіру кеңесіне екі жоба ұсынылып, қолдау тапқан. Аудан бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 млрд. 345 млн. теңгеге жеткізіліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда он бір есеге артқан.
Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз етуде де құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде екен. Биылғы жылы тұрғын үй бағдарламасы негізінде жалпы алаңы 6856 шаршы метр болатын тұрғын үй кілті тұрғындарға табысталып, қоныс тойлары болған. Ал, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы аясында 16 млн. 904 мың теңге қаржы қаралып, Жосалы кентінде 2 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмек.
Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 6 млрд. 33 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,7 есеге артқан. Көмекбаев ауылында 300 орындық мектеп пен Төретам кентінде ауысымына 100 келушіге бейімделген емхана, 600 орындық мектеп пайдалануға берілген. Сондай-ақ үстіміздегі жылы Төретам кентіндегі 280 орындық балабақша мен Жосалы кентіндегі 250 келушіге жасақталатын емхана құрылысы бастандырылған. Ақай, Ақжар, Тұрмағанбет елді мекендеріндегі 150 орындық ауылдық клуб ғимараттары таяу арада пайдалануға берілмек.
«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясының І бағыты бойынша 165 жұмыссыздарды оқумен қамту жоспарланса, ІІ бағыты бойынша республикалық бюджет есебінен 160 млн. теңге қаржы қаралыпты. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қортындысымен «Нұр-Рай ШНҰ» ЖШС мен «Несібе-А НС» ЖШС жеңімпаз болып танылып, 20-81 млн. теңге аралығында несие алмақ. Ал, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы 59 млн. теңге шағын несие тарату жоспарланса, бүгінде несие алуға ниет білдірген 8 кәсіпкер қаржыландырылған.
Сөз соңында айтарымыз, ауданда атқарылып жатқан жұмыстар ел игілігі үшін. Елбасы тапсырмаларының нақты орындалуы – ел-халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы саясатының жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі деп білуіміз қажет. Аудан экономикасын көтеру үшін алда ауқымды істер күтіп тұр.
Еркін ӘБІЛ.
Қармақшы аудан.

АҚПАРАТ 14 қыркүйек 2013 г. 776 0