ЖЕҢІМПАЗ ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛДЫ

Польшаның Вроцлав қаласында өткен ауыр атлетикадан әлем біріншілігінде күміс жүлдегер атанған Алмас Өтешов осы аптаның бейсенбісінде туған жер топырағына қадам басты. Төрткүл дүниенің апайтөс ұландары бәсеке көрігін қыздырған дүбірлі додада еліміздің абыройын асқақ етіп, биік тұғырдан көрінген жампозды жерлестері үлкен қуанышпен қарсы алды. 
Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата әуежайына жергілікті жұртшылық көптеп жиналды. Олардың арасында аталмыш саланың мекеме басшылары, бапкерлер мен мамандар, спортқа енді қадам басқан жас өрендер бар. Қазақ баласының арасынан ауыр атлетика бойынша алғаш рет дүниежүзілік жарыстан қомақты жүлде алып қайтқан Алмасқа ағынан жарылып, ақжарылқап тілектерін ақтарған азаматтар аз емес. 
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Садық Мұстафаев жұртшылық алдында А.Өтешов жайында жылы лебізін білдіріп өтті. Белгілі ауыр атлет осындай толағай табысына ұзақ жылдар бойы тер төгуінің нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Ауыл баласы да әлемдік аренада мықты екенін дәлелдеуге мүмкіндік алды. Салтанатты шара барысында елімізге белгілі бапкер Вилорий Пак, Алмастың апасы Мырзайым Өтешова, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы Абылай Жалдыбаев, Жалаңтөс баһадүр атындағы облыстық спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатының басшысы Ибрагим Нұрпейісов өз тілектерін білдірді. 
– Мұндай жоғары жетістікке бірден қол жеткізу қиынға соғады, – дейді Алмас Өтешов жұртшылық алдында. – Бұдан бұрын түрлі жарыстарда топ жардым. Әрине, әлем біріншілігі – орны бөлек сайыстың бірі. Сондықтан оған тыңғылықты дайындалдым. Осының арқасында Алланың қалауымен сіздердің үміттеріңізді ақтап қайттым. Мен тек осы жетістікпен тоқтап қалуды дұрыс көрмеймін. Алдағы уақытта да елдің сенімінен шығуға күш саламын. 
Әділжан ҮМБЕТ.   
АҚПАРАТ 02 қараша 2013 г. 527 0

Едел-Жедел

Күнтізбе

«    Қаңтар 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031