ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР ӘҢГІМЕ БОЛДЫ

Сейсенбі күні М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Өңірлерді этноәлеуметтік және этноконфессиялық үдерістерді тиімді басқару» тақырыбындағы көшпелі семинар-тренинг өз жұмысын бастады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен өтіп жатқан семинардың мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Cтратегиясы: қалыптасқан мемлекеттік жаңа саяси бағыты» Жолдауы аясында этноәлеуметтік және этноконфессиялық үдерістерді тиімді басқару бойынша тыңдаушылардың кәсіби білімі мен біліктік деңгейін арттыру.
Семинарға этносаралық және конфессияаралық қатынастар мәселесімен айналысатын қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту басқармалары мен қалалық және аудандық бөлімдерінің басшылары мен мамандары, ассамблеяның облыстық хатшылығы мен ғылыми-сарапшылық тобының мамандары, этномәдени, жастар және басқа қоғамдық бірлестіктер жетекшілері, құқық қорғау органдары мен жоғары оқу орындары өкілдері қатысуда.
Семинар-тренинг жұмысын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Сәдуақасова сөз сөйлеп ашып, ҚР Президенті әкімшілігі Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай және облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова семинарға сәттілік тіледі.
Семинар барысында сарапшылар мен ғалымдар елдегі және оның өңірлеріндегі өзекті мәселелерді талқылап, этноәлеуметтік және этноконфессиялық үдерістерді тиімді басқарудың теориялық және тәжірибелік құрамдас бөліктеріне сипаттама берді.
Семинар бүгін жұмысын одан әрі жалғастырып, пікірлесу мен тәжірибелік сабақтарға жалғасты. Семинар соңында оған қатысушыларға арнайы сертификат табысталатын болады.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

АҚПАРАТ 07 қараша 2013 г. 978 0