СУ ҚОРЛАРЫН ТИІМДІ БАСҚАРУ

Кеше Қызылорда қаласында Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің кезекті мәжілісі болып өтті. Оған еліміздің бірқатар өңірлері мен Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттерінен су шаруашылығы саласының өкілдері қатысты.
Аталмыш шараға Арал-Сырдария бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Әділхан Қарлыханов төрағалық жасады. Еліміздің «Су кодексіне» сәйкес кеңес 2006 жылдың маусым айында тұсау кескен еді. Оның ережесіне сәйкес оның құрамына Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті өкілдіктері мен атқарушы органдардың, аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары мен су пайдаланушылардың өкілдері енгізілген. Мүшелердің жалпы саны 40 адамды құрайды. Бассейндік кеңес консультациялық-кеңесші орган болып табылады. Бүгінгі күнге дейін кеңестің оннан астам мәжілісі өткізілді. Оларда су ресурстары саласындағы өзекті мәселелер және сол түйткілдерді шешу жолдары талқыланды. 
 Бүгінгі таңда Орта Азияда су ресурстары өзекті тақырыптың біріне айналып келеді. Тянь-Шань тауларынан бастау алатын Сырдария өзені Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның 2 мың шақырымнан асатын бөлігін басып өтеді. Бұрынғы жылдарда қысы-жазы су мәселесіне байланысты ешқандай проблема туындамайтын. Әйтсе де, кейінгі он жылдың шамасында қырғыз ағайындар энергетикалық жүйеге көшіп, жаз айларында өзен суын молынан пайдалануда. Соның салдарынан дарияның төменгі бөлігінде су тапшылығы орын алады.   
Кеңестің күн тәртібінде Жаңақорған ауданында салынып жатқан үрмелі су тоспасы құрылысының барысы талқыланды. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысындағы термалды-минералды сулар жайлы және оны пайдалану, гидрологиялық бюллетеньнің таныстырылымы, «Шардара» су қоймасының және су тоспасының қазіргі жай-күйі елдің назарына ұсынылды.
Бүгінгі таңда «Шардара» су қоймасы өзекті мәселе болып табылады. Себебі, аталмыш су қоймасы өткен жүзжылдықтың 60-шы жылдарында салынған. Сондықтан оның Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының тұрғындары үшін маңызды стратегиялық нысан болып табылады. Сондай-ақ, біздің өңірдегі көп жылдардан бері кезегін күтіп жүрген мәселе – Жаңақорған ауданында салынып жатқан үрмелі су тоспасы болатын. Өйткені, аталмыш ауданда жылма-жыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін аяқ сумен қамтамасыз етуде кездесетін түйткілдерді шешуге су тоспасы өз септігін тигізеді. Бұл жөнінде «Қызылорда су шаруашылығы» мекемесі директорының орынбасары Бегеш Жақып жан-жақты айтып берді.
Соңғы жылдарда Сырдария өзенінде түрлі жағдай орын алып келеді. Қыс айларында дария арнасымен мол су келіп, елді әбігерге түсіреді. Есесіне жаз айларында су тапшылығы орын алады. Соның салдарынан диқандар қауымы көптеген қиындықпен бетпе-бет келіп жүргені жасырын емес. Кейбір кезеңде егінге су жетпей қалу қаупі туындап жатады. Мұндай жағдай облыстың оңтүстік бөлігінде орын тепкен Жаңақорған және Шиелі аудандарында жиі байқалады. Осыған байланысты бұл аудандарда су тоспасын салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан еді. Дегенмен, біраз жылдар бойы елдің бұл өтінішін орындауға қол қысқалық етті. 
Былтыр Жаңақорған ауданында су тоспасын салу жұмысы қолға алынып, сол бағыттағы жұмыстар басталды. Жалпы алғанда, Түгіскен массивінде 30 мың гектардан астам инженерлік жүйеге келтірілген суармалы жерлер бар. Су тоспасы іске қосылғаннан кейін сол алқаптарды тиімді пайдалануға жол ашылады. Сондай-ақ, көршілес Шиелі ауданында да дәл осындай жағдайлар байқалады. Онда 32 мың гектардан астам инженерлік жүйеге келтірілген алқап есептелген. 
Дарияның жоғары бөлігіндегі «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіші су ресурстарын тиімді пайдалануға жол ашып келеді. Әйтсе де, біздің облыс аумағында да бұл бағытта біршама проблема орын алғанын жұртшылық жақсы біледі. Бұрынғы жылдарда су тапшылығы орын алған жылдарда егістікке су жеткізу мақсатында насостар пайдаланылды. Әрине, оған қаншама қаржы жұмсалады. Мұндай шығынды диқандардың қалтасы көтере бермейді. Жаңақорған ауданында салынған су тоспасы ендігі кезекте ондай олқылыққа жол берілмейді. Халықтың игілігі үшін жүзеге асырылған аталмыш шаруа алдағы уақытта өз нәтижесін көрсетеді деген үміт бар. 
Жаз айларында біздің облысқа секундына 700-800 текше метр су келгенде Жаңақорған мен Шиелі аудандарында су тапшылығы байқала бермейді. Өкінішке орай, одан төмендеп кеткенде егінге су жетпей жататын жағдай орын алып жүрді. Соның салдарынан диқандардың еңбегі еш кетіп, өнім деңгейі төмен болған жағдайы да кездесті. Алдағы күндерде Жаңақорғандағы су тоспасы іске қосылғаннан кейін секундына 500-600 текше метр су келген жағдайда да ондай келеңсіз көріністерге жол беріле бермейді. Диқандар өздеріне қажетті су мөлшеріне толықтай қол жеткізе алады. Осының нәтижесінде көп жылдан бері түйінді мәселеге айналған жағдай оңынан шешіліп, аудандағы егіс алқаптары аяқ сумен түбегейлі қамтамасыз етілетін болады. 
Оңтүстік Қазақстан облысынан келген мамандар сол өңірдегі термалды-минералды сулар мен оны пайдалану тұрғысында пікірлерін білдірді. Себебі, ол суларды пайдалану әлде де жақсартуды талап етеді.
Әділжан ҮМБЕТ.

АҚПАРАТ 07 қараша 2013 г. 743 0