ЖЕРАСТЫ СУЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ МОЛ

Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының мәжіліс залында Қазақстан Коммунистік халық партиясы облыстық комитетінің ұйымдастыруымен «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуының жаңа индикаторлары» тақырыбында қоғамдық тыңдау өткізілді. Оған ҚР Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың және мемлекеттік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Қоғамдық тыңдауды ашқан ҚКХП Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Талғат Телеубаев халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Осы орайда Үкімет 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» салалық бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл жолда бүгінгі күнге дейін қандай жетістіктерге жеттік? Әрі алдағы уақытта нендей тірліктер қолға алынуы тиіс? Партия жетекшісі қоғамдық тыңдауға осындай мәселелердің шығарылып отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде ҚР Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова тұтынушыны таза әрі сапалы сумен қамтамасыз ететін «Ақбұлақ» бағдарламасының маңызы да, мәні де бөлек екенін атап өтті. Оның пікірінше бүгінде тұтынушыға беріліп жүрген судың 80 пайызға жуығының сапасы төмен. Ал ондай жерлерде экологиялық талаптар сақтала бермейді. Негізі халықты сапалы ауыз сумен толыққанды түрде қамтамасыз етеміз десек, онда жерасты суын пайдалану керек. Депутат осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігіне жерасты суын пайдаланудың бағдарламасын қабылдау керек деген ұсыныспен де шыққан. Жалпы дамыған Еуропа елдерінің басым бөлігі осы жерасты суын пайдалануда. Сондықтан да оларда адамдардың аурушаңдыққа ұшырамауы мен экологиялық ахуалдың  бұзылуына жол беріле бермейді.
Мұнан кейін сөз алған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бастығы Ерлан Жоламанов бүгінде облыста 259 елді мекеннің 69 пайызы орталықтандырылған ауыз суды пайдаланып отырғанын жеткізді. Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасына орай, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөлінді. Соның ішінде Арал ауданындағы ашық және тасымал ауыз суын пайдаланушы сегіз елді мекенді Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырына қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс биыл аяқталады. Мұнан басқа биыл ауылдық жерлерде басталған 18 жобаның 16-сы пайдалануға беріледі. Негізі бағдарламаға орай облыста кешенді жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Жалпы қоғамдық тыңдауға қатысушылар елді мекендерді сумен жабдықтау мен су бұру жүйесін тиімді пайдалануды, сондай-ақ, жерасты суларының әлеуетін арттыру мен рентабельді тарифтер белгілеу және су ысырабына жол бермеу секілді маңызды мәселелер жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

АҚПАРАТ 21 қараша 2013 г. 528 0