ИЗРАИЛЬ ТӘЖІРИБЕСІНЕН ҮЙРЕНЕРІМІЗ КӨП

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев бейсенбі күні  облыс әкімшілігінің мәжіліс залында шақыртумен келген  израильдық және қазақстандық бір топ ғалымдармен кездесті. Облыстың жер жағдайымен жете танысқан олардың  негізгі мақсаты –  Арал теңізінің арнасын кеңейту, өңірдің экологиялық хал-ахуалын жақсарту шараларын  бірігіп іздестіру. Делегация жетекшісі, А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының бас директоры, биологиялық және медициналық ғылымдар бөлімшесінің төрағасы, ҚР ҰҒА  корреспондент-мүшесі Жеткерген Арзықұлов делегация құрамымен таныстырып, сапар барысын баяндады.  
Аймақ басшысы шақыртуды құп алып, өз уақыттарын бөліп  Сырға келген ғалымдарға өз ризашылығын білдіре келіп, өңірдің қазіргі жай-күйімен таныстырды. Игерусіз бос жатқан аймақты ел игілігіне айналдырып, пайдаға жаратуда, құнары кеткен жерді, жалпы табиғатты қайта түлетуде израильдық тәжірибенің көпті қызықтырары сөзсіз. Онда ауыл шаруашылығын, оның ішінде орман шаруашылығын дамыту барысы да жақсы жолға қойылған. Израильдық ғалымдардың іс-тәжірибесіне ден қойған қазақстандық оқымыстылар облыс мамандарымен бірлесе отырып, туған жерді түлетуде біршама істерді жүзеге асыруды көздеуде. Соңғы жылдары тозған табиғатты қайта түлетуде, Арал теңізінің арнасын кеңейтуде бірқатар істер атқарылып келеді. Елбасының қолдауымен Арал  теңізін сақтау мен аймақтың экологиялық әлеуетін жақсартуда атқарылатын істер жоспарланып, жүзеге асырылуда. САРАТС жобасының бірінші кезеңінде Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу және аймақтың экологиялық ахуалын қалыпты ұстау мақсатында түрлі шаралар іске асырылды. Соның нәтижесінде теңіз айдыны едәуір көтеріліп, ауланатын балық та, оның түрі де молайды. Сыр елінің САРАТС жобасының ІІ кезеңінен күтері мол. 
Кездесуге келген профессор Арон Яир бастаған израильдық ғалымдар Сыр аймағын, экологиясын жақсартудың түрлі жоспарларын ұсынды. Ұзақ жылдар бойы бірыңғай күріш егуден тозған  жерде жасыл белдеу жасауға, орман алқаптарын, көкөніс-бақша жылыжайларын орнатуға мүмкіндік мол. Сырдария өзені мен шағын көлдердің суын тиімді пайдалана білу де көп пайда әкеледі. Сонымен қатар аймақта өсетін сексеуіл, жыңғыл секілді табиғаттың төл туындыларын сақтап, оны өсіру жолдарын қарастыру керек. Әрине, бұл орайда қазақстандық  ғалымдар мен жергілікті мамандардың бірлігі мен бірлесе атқарған істері жақсы   нәтиже берері хақ.
Облыс әкімі шетелдік қонақтарға алғыс білдіріп, ескерткіш сыйлықтар тапсырды.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.  

АҚПАРАТ 23 қараша 2013 г. 515 0