МАҢЫЗДЫ МЕРЕКЕЛЕРДІҢ МӘНІ АРТАДЫ

Баспасөз орталығында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиевпен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бұқаралық ақпаратқұралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді.  Онда желтоқсан айында аталып өтілетін мерекелер аясында ұйымдастырылатын шаралар  таныстырылды. 
Басқосуда облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрхан Бұқарбайұлы желтоқсан айында аталып өтілетін мерекелердің маңыздылығына тоқталып, айтулы күндерді мерекелеу аясында ұйымдастырылатын шаралардың жас ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудегі тағылымдық мәні туралы айтып өтті. 
Өз кезегінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бүгінгі таңда қала келбеті мерекеге сай безендірілгенін жеткізді. Мәселен, қала көшелері, орталық алаң маңайындағы ағаштар ұлттық нақыштағы түрлі-түсті өрнекпен безендіріліп, жарқырап тұр. 
2011 жылы Елбасының жарлығымен бекітілген 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мен 16- желтоқсан –Тәуелсіздік күні  мерекелері аясында жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, туған елін, туған жерін сүйіп, құрметтеуге бағытталған көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, түрлі спорттық шаралар, акциялар, конференциялар өтеді деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл күндері спорттық-сауықтыру орындарында қала тұрғындары мен балаларға арналып ашық есік күнін өткізу көзделуде. Мәселен, ашық есік күндері мұз айдынына келушілер тегін демала алады.  Сонымен қатар оқушылар арасында тақырыпқа сай эссе, шығарма жазудан байқаулар өтсе, балалар үйлері мен интернаттарда кәсіпкерлердің қатысуымен қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарлануда.  Сондай-ақ, жастардың қаладағы интеллигент өкілдерімен кездесуіне жағдай жасау да қарастырылған. Елбасы жайында деректі фильмдер көрсетіліп, көрмелер ұйымдастыру да ойластырылған.  Мереке аясында сонымен бірге түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады және бірқатар әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру көзделген. Бәрімізге белгілі, жылда дәстүр бойынша «Тәуелсіздік күні» Жаңажылдық шырша жағу рәсімі өткізілетін. Биылғы жаңалықтың бірі– шырша жағу рәсімі ұлық мерекеден кейін өтетін болды. Бұған себеп, көпшіліктің пікірі екен. – Жылда Тәуелсіздік күнін мерекелеу аясында орталық алаңда Жаңажылдық шырша жағу рәсімін өткізетінбіз. Бұған түрлі пікірлер айтылып жүрген. Биыл көпшіліктің пікірін, яғни, қоғамдық пікірлерді ескере отырып, шырша шамын мерекеден кейін жағуды көздеп отырмыз,– деді қала әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов. Сонымен қатар, мереке аясында облыстың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталмақ.
Айнұр БАТТАЛОВА.

АҚПАРАТ 23 қараша 2013 г. 624 0