ДОСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН ДИДАРЫ

АҚПАРАТ | 26 ноябрь 2013 ж. - 08:51 | Көрудің саны: 703
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Байқоңыр қаласында болды. Аймақ басшысы ғарышты шаһардағы «Байқоңыр» қонақ үйінің мәжіліс залында Астаналық және Қазақстандық митрополит Александр Могилевпен кездесті.
Жылышырайлы кездесу барысында аймақ жетекшісі еліміздің православие шіркеуінің басшысын бүгінгі таңдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қысқаша таныстырып, Сыр еліне тұңғыш рет сапарлап келіп отырған қадірлі мейманға Байқоңыр ғарыш кешені туралы кең мағлұмат берді. 
Құрылысы осыдан үш жыл бұрын басталған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының 812 шақырымы облыс аумағынан өтеді.  «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының  құрылысы да аяқталуға жақын. Ең тиімдісі аймақтағы елді мекендердің 85 пайызы осы автобан мен газ құбырының, бұған қоса, темір жол мен Сырдария өзенінің бойына орналасқан. Мұның бәрі облыс орталығы мен Байқоңыр қаласының және барлық жеті ауданның экономикалық дамуына оң әсерін тигізетінін атап өткен облыс әкімі Сыр елінде ванадий кенінің мол қоры барын, өңірде металлургия кластерін қалыптастыру бағытында жұмыстар қолға алынғанын жеткізді. 
Екеуара әңгіме барысында Қ.Көшербаев Байқоңыр қаласын жалға алып отырған Ресей Федерациясы Үкіметімен бірлесіп «Жол картасы» бағдарламасы дайындалып жатқанын, аталған бағдарлама қабылданған жағдайда ғарышты қала мен оның іргесіндегі Төретам, Ақай елді мекендерінің инфрақұрылымын жаңғыртуды бірлесіп қолға алу жоспарланып отырғанына тоқталды. Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған тірліктердің бір парасын баян еткен аймақ басшысы 2017 жылы Астана қаласында өтетін халықаралық «ЭКСПО» көрмесі нысандарының қатарына біздің облыстан Байқоңыр ғарыш айлағы мен қаладан 34 шақырым жерде орналасқан түркі тілдес халықтардың ортақ абызы, ойшыл данасы Қорқыт ата мемориалдық кешені кіргенін қуанышпен атап өтті. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың қазірден қолға алынғанына тоқталды. Мәселен, төрткүл әлемдегі түркі тілдес халықтардың абыз атасы атанған Қорқыт ата ескерткіш кешенін қайта жаңғырту жұмыстары алдағы жылы басталмақшы. Оған қомақты қаражат бөлініп отыр.Бұған қоса, біздің аймақта ескіден жеткен көне шаһарлар көптеп саналады. Сақтардың астанасы Шірік-Рабат қаласының 2,5 мың жылдық тарихы бар. Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкент, қыпшақтардың астанасы – Сығанақ секілді орта ғасырлық  қалалар халықаралық автобанның бойына орын тепкен. Бұл бізде тарихи-мәдени туризмді дамытуға мол мүмкіндік береді.
– Осылайша біз әлемде теңдесі жоқ Байқоңыр ғарыш айлағында туризм ісін дамытып, Байқоңыр брендін қалыптастыруға қазірден бастап жұмыс жасап жатырмыз. Мұның бәрі біздің алдағы уақытта жүзеге асырар жоспарларымыз,– деді облыс әкімі Қ.Көшербаев. 
Астаналық және Қазақстандық митрополит Александр Могилев өз кезегінде жылы шыраймен қабылдап, облыстың дамуындағы басты бағыттармен таныстырғаны үшін аймақ басшысына ризашылығын білдіріп, облыс әкімі Қ.Көшербаевті бүкіл елдегі православие шіркеуінің ең жоғары наградасы – «Благодарность» («Алғыс») орденімен марапаттады. 
Кездесу соңында православие шіркеуінің басшысы Александр Байқоңыр қаласында 2005 жылы ашылған Георгий Победоносец атындағы шіркеуде салтанатты литургия шарасына қатысқанын, сейсенбіде «Роскомос» ғарыш агенттігінің басшысы Олег Остапенкомен кездесу жоспарланып отырғанын және зымыранның ұшырылым сәтін тамашалайтынын атап өтті. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


Сондай-ақ... оқыңыз:

БАЙҚОҢЫР БИЗНЕСКЕ ДЕ ЖОЛ АШАДЫ

БАЙҚОҢЫР БИЗНЕСКЕ ДЕ ЖОЛ АШАДЫ

Екі күнге созылған екінші «Байқоңыр» инвестициялық форумының алғашқы бөлігі облыс...
ДІНАРАЛЫҚ ӨЗАРА КЕЛІСІМ ҮЛГІСІ

ДІНАРАЛЫҚ ӨЗАРА КЕЛІСІМ ҮЛГІСІ

Өңірімізге ҚР Орыс православие шіркеуі митрополиттік округінің басшысы, Астана және...
КӨНЕ ШАҺАРЛАРДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ АШЫЛАДЫ

КӨНЕ ШАҺАРЛАРДА АШЫҚ АСПАН АСТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ АШЫЛАДЫ

Ежелгі Жанкент қалашығынан арнаулы тілшіміз Дәуіржан Елубаев хабарлайды...
ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАР

ӨНЕРІНДЕ ҒАРЫШТЫҢ СЫРЛАРЫ БАР

Аймақ басшысы ғарышты қаладан келген меймандар алдында өңірдің...
ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІН БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БАСТАЙДЫ

ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІН БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БАСТАЙДЫ

Облыс әкімі қыркүйек айында өткен тұрақтың кеңестің отырысында биылғы қала күні...
БАЙҚОҢЫРДЫҢ БОЛАШАҒЫ

БАЙҚОҢЫРДЫҢ БОЛАШАҒЫ

Елбасы тапсырмасына сәйкес «Байқоңыр» ғарыш кешені «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік...
Пікір: