«ҚЫС – 2013» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ

Қаһарлы қыста орын алуы мүмкін табиғи немесе өндірістік апаттардың алдын алу мақсаты бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайлар салдарын жою кезінде құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды дайындау және жүргізу» тақырыбында «Қыс-2013» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізді. Осыған орай Қызылорда облыстық ТЖ департаменті кешенді оқу-жаттығу жұмысын жүргізді. 
Алдағы қыс «Қазгидромет» болжамы бойынша қатты суық болады деп күтілуде. Азаматтық қорғаныстың апаттық-құтқару қызметі мен құрылымдары белгіленген бағытқа әзірлігін, материалдық қорлардың жағдайын, энергиямен жабдықтаудың резервтік көздерін тексеру жасалды. Облыстық ТЖ комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев аталмыш іс-шаралардың өз деңгейінде өтуіне бақылау жасады.
Астана даңғылында қысқы мезгілге АҚ және ТЖ құрылымдарының даярлығын қарау сәті өткізілді. Құрылымдарды саптық  қарау барысына  18 АҚ (азаматтық қорғаныс) және ТЖ (төтенше жағдай)  құрылымдары, құрамында  219 адам мен 56 техника қатысты. 
«Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінде жылу қазандығының апатқа ұшырауы бойынша дабыл түсті. Нәтижесінде өрт болды, зардап шеккендер бар. Оқу-жаттығуға қалалық ТЖК өкілдері, «Қызылорда жылу-электр орталығы» МКК-ның авариялық-техникалық командасы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның базасындағы газ бойынша  авариялық-техникалық командасы, жедел дәрігерлік көмек бригадасы, өртке қарсы қызмет құрылымдары, қоғамдық тәртіпті сақтау тобы, ҚР ТЖМ «ОӨАЖҚЖ» ММ құтқару тобы, «КЭТК» АҚ-ның базасындағы электр желісі бойынша авариялық-техникалық тобы қатысты. 
Сондай-ақ, оқу-жаттығу «Белкөл» стансасында жаңадан берілген – «Еврокоптер-145» тікұшағын тарта отырып, өткізілді. Аталмыш шараға  98 адам мен 17 техника қатыстырылды. Шара барысында инженерлік, медициналық, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, энергия, газ, жылу, сумен қамтамасыз ету мекемелері қызметкерлерінің дайындығы тексерілді. Осылайша оқу-жаттығу жұмыстары сәтті аяқталды деп баға берілді.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 26 қараша 2013 г. 538 0