САЙЛАУШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Мәдениет орталығында облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов, облыстық мәслихат депутаттары Ибадулла Тілеп және Құлпыбай Ысқақпен  өткен жүздесуге жұртшылық көп жиналды. Есепті мерзімде атқарылған жұмыстарды, келешекте шешімін табуға тиісті түйіндерді сайлаушыларға бүкпесіз жеткізген Бекмырза Қайыпұлы жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды. Алқалы жиынды Қазалы аудандық мәслихатының хатшысы Талайлы  Бөріқұлақов ашып, жүргізіп отырды. 
Өзінің баяндамасын көпшілікті алда келе жатқан Тұңғыш Президент күні, Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаудан бастаған Бекмырза Еламанов  Халық қалаулыларының есепті кезінде атқарған жұмыстарын жан-жақты әңгімелеп берді. Депутаттық корпустың түгелдей  "НұрОтан” мүшелерінен жасақталғанын айтып, осы аралықта 156 шешім қабылданғанына тоқталды. Бір сессияда ауыл шаруашылығы саласын жандандыру қаралса, келесіде медицинаны дамыту күн тәртібіне қойылыпты. Нәтижесінде елді мекендерде жабылып қалған ауруханалар қайтадан ашылыпты. Оған қоса, тәулік бойы жұмыс жасайтын тіс емханасы ел игілігіне беріліпті. Ауылдағы ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаржы бөлініпті. Облыстық мәслихат депутаттары елді мекендерді аралап тұрғындармен кездескен.
Бекмырза Қайыпұлы келесі кезекте автомобиль жолдарының ахуалын шолып өтті. Әсіресе Арал, Қазалы аудандарында мәселе күрделі. Алайда, тығырықтан шығар жол қашық емес тәрізді. Кейінгі кезеңде облыс көлемінде бой көтерген құрылыс нысандары арта түсуде. Тек 2012-2013 жылдары ғана ондаған мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулаторияның салынуы осының айғағы. Ауыл шаруашылығын субсидиялау ұлғайды. "Сыбаға” бағдарламасының сыйын көріп отырғандар жеткілікті.  Бөлінген қаржылардың тиімді жұмсалуын қадағалау тексеру комиссиясының құзырында. Облыстық мәслихат хатшысы аудан жұртшылығының ынтымақпен еңбек ететініне сенім білдірді. 
Өз сөзінде облыстық мәслихат депутаты Ибадулла Тілеп жол қиындығын, күзгі-көктемгі су тасқыны кезінде халықтың әбігерге түсетіндігін, ауылдағы ауруханалардың қайтадан ашылуына әріптесі Құлпыбай Ысқақтың зор үлес қосқанын, апатты жағдайдағы білім ошақтарын жаңалау тұрақты назарда екендігін жеткізді. Депутат Құлпыбай Ысқақ облыста атқарылып жатқан жұмыстарға халық қалаулылары зор қолдау білдіретінін айта келе, Қазалыға жасалған қамқорлықтың мол екендігіне ризашылық білдірді. 
Залдан түскен сауалдарға Бекмырза Еламанов пен облыстық мәслихат депутаттары толыққанды жауап қайтарды. Жиынға қатысушылар облыстық мәслихаттың есепті мерзімде атқарған жұмыстарын "жақсы” деп бағалады.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.

АҚПАРАТ 28 қараша 2013 г. 462 0