Бесінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының атқарған жұмысы мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы

АҚПАРАТ | 28 ноябрь 2013 ж. - 08:32 | Көрудің саны: 916
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 13 маусымдағы Заңымен «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар қатарында Заңның 8-бабына енгізілген «1-1. Мәслихаттар жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді. Мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес халық алдында жауапты болады.» деген тармақты атап өтуге болады. Заңның осы тармағын жүзеге асыру мақсатында облыстық және қалалық, аудандық мәслихаттар бірлесе үйлесімді жұмыс жасап, есеп беруді өткізудің жергілікті қоғамдастықтар жұмысына тиімді болатын жағын ойластыруы қажет. Сондай-ақ, халықтың хабардар болуы үшін мәслихаттың және оның тұрақты комиссияларының жұмысы жайлы жергілікті ақпарат құралдарында арнайы мақалалар жариялаудың да артықтық етпесі анық. Міне, осы мақсатта бесінші шақырылған облыстық мәслихат өзінің атқарған жұмысы және тұрақты комиссияларының қызметі туралы осы мақаланы оқырмандар назарына ұсынады.
Бесінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының бірінші сессиясы 2012 жылғы 20 қаңтарда өтті, Заң бойынша мәслихат осы уақыттан бастап өз жұмысын бастаған болып есептеледі. Облыстық мәслихатқа 29 депутат сайланған. 1 сессияда негізінен ұйымдастыру мәселелері қаралды, атап айтқанда, Уақытша Регламент бекітілді, 1 сессия төрағасы, мәслихат хатшысы сайланды, 4 тұрақты комиссия белгіленіп, олардың төрағалары мен мүшелері сайланды, «Нұр Отан» партиясының облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы тіркелді, кезекті сессия төрағасы сайланды. 
Облыстық мәслихаттың хатшысы болып депутат Б.Қ.Еламанов сайланды. Облыстық мәслихаттың:
Экономика, қаржы және жергілікті басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Қ.Әжібеков, мүшелері болып Қ.Бисенов, И.Тілеп, А.Тайманов, Т.Шаутай, Ә.Ергешбаев, Т.Жұқашев; 
Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып А.Әлназарова, мүшелері болып А.Тоғызбаев, Р.Байназарова, Қ.Ысқақ, Ө.Жүсіпов, С.Алшынбаев, А.Оңғарбаев;
Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып С.Имандосов, мүшелері болып Қ.Әбішев, А.Шоманов, А.Ералиев, Т.Әлімқұлов, О.Қарақожаев, С.Әлішев; 
Жастар ісі, құқық қорғау, спорт және туризм мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып Н.Ерманов, мүшелері болып Қ.Дабысов, К.Үйреков, Ж.Сыздықов, С.Сейтханов, Ү.Балатаев, О.Байділдаев сайланды.  
Өткен 2 жыл ішінде депутаттық орнынан түсу туралы жеке өтініштеріне байланысты 2 депутат (облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған А.Әлназарова - 2013 жылғы 18 ақпанда, қызмет бабымен облыс аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен С.Әлішев – 2013 жылғы 21 тамызда) депутаттық өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатты, олардың орнына сәйкесінше 2 депутат (М.Кәрім – «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директоры, А.Арысбаев – «Қазақстантеміржолы» ҰК» АҚ Қызылорда филиалының бастығы) жаңадан сайланды. А.Әлназарованың орнына Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болып депутат А.Тоғызбаев сайланды.
Қазіргі бар депутаттардың жеке құрамында: 1 әйел, 28 ер адам бар, олар түгелдей «Нұр Отан» партиясына мүше және жоғары білімді, оның 1-і ғылым докторы, 3-і ғылым кандидаты. Депутаттардың барлығы дерлік мекеме, ұйым басшысы, оның 17-і жеке кәсіпкерлер.  
Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес осы уақытқа (2013 жылғы 20 қарашаға) дейін бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың 20 (2012 жылы – 13, оның 5-і кезекті, 2013 жылы – 7, оның 3-і кезекті) сессиясы өткізіліп, оларда жалпы саны 156 шешім қабылданған, оның 108-і облыс өміріне қатысты мәселелер бойынша, ал қалған 48-і облыстық мәслихаттың ішкі жұмысын ұйымдастыруға қатысты шешімдер. 
Жыл ішінде өткізілетін 4 кезекті сессияда депутаттар мен тұрақты комиссиялардың ұсыныстары негізінде бекітілетін жұмыс жоспарына сәйкес облыс өміріне қатысты күрделі мәселелердің жайы қаралады. Әдетте, төртінші тоқсандағы кезекті сессияның жұмыс жоспарына алдағы жылға арналған облыстық бюджетті бекіту мәселесі қойылады. 2 жылға жуық мерзімде өткізілген 12 (2012 жылы – 8, 2013 жылы – 4) кезектен тыс сессияның басым көпшілігінде облыстық бюджетті нақтылау мәселесі қаралған.
Облыстық мәслихаттың кезекті: 
2012 жылғы 28 наурыздағы 3 сессиясында «Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жайы және оны қолдау шаралары туралы» облыстық мәслихаттың 2010 жылғы 31 наурыздағы № 212 шешімінің орындалу барысы туралы»; 
2012 жылғы 28 маусымдағы 6 сессиясында «Облыстың денсаулық сақтау саласының жайы және оны жақсарту шаралары туралы» және «2011 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы»; 
2012 жылғы 16 тамыздағы 9 және 2013 жылғы 21 тамыздағы 19 сессияларында «Облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі туралы»; 
2012 жылғы 6 желтоқсандағы 12 сессиясында «Облыс бойынша мектеп алдындағы даярлық пен балабақшалардың жағдайы және оларды жақсарту шаралары туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2009 жылғы 2 қазандағы № 180 шешімінің орындалу барысы туралы»; 
2013 жылғы 10 сәуірдегі 16 сессиясында «Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жайы және оны жақсарту шаралары туралы» облыстық мәслихаттың 2010 жылғы 8 қазандағы № 247 шешімінің орындалу барысы туралы»; 
2013 жылғы 10 шілдедегі 18 сессиясында «Облыстағы жергілікті автомобиль жолдарының жайы және оны жақсарту шаралары туралы» және «2012 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы» мәселелер қаралды.  
Кезекті сессияда қаралатын жоспарлы мәселені әзірлеу үшін құрамында депутаттар, мәселеге қатысты атқарушы органдар, сондай-ақ тиісті мекемелер басшылары мен мамандары бар облыстық мәслихаттың Уақытша комиссиясы және қала-аудандарда жергілікті өкілді және атқарушы органдармен келісілген жұмыс топтары құрылады.  
Құрамында Уақытша комиссия мүшелері бар жұмыс топтары елді мекендерде зерттеу-зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысында қала-аудан бойынша анықтамалар дайындалады және ол облыстық мәслихат аппаратында жинақталып, депутаттарға таныстырылады. Зерттеу қорытындылары бойынша мәслихат хатшысы мен Уақытша комиссия төрағасының, сол аумақтан сайланған депутаттардың және тиісті атқарушы органдар басшы-ларының қатысуымен қала-аудандарда көпшіліктік тыңдаулар өткізіліп, талқылаулар қорытындысымен әзірленген анықтамалар қайта пысықталады. 
Сессияның күн тәртібінің жобасы және оған енгізілген мәселелер бойынша шешімдер жобалары тұрақты комиссиялардың отырыстарында, содан кейін тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында алдын-ала талқылаудан өткізіледі, талқылау қорытындысында мақұлданған мәселелер ғана сессияның күн тәртібінің жобасына енгізіліп, сессия қарауына ұсынылады.    
Сессияда қабылданған шешімдер оларды орындау үшін атқарушы органдарға жолданады және олардың орындалуы мәслихат тарапынан қадағаланып отыралады. Жоғарыда келтірілгендей, кейбір шешімдердің орындалу барысы мәслихат сессияларында, сондай-ақ тиісті тұрақты комиссиялардың отырыстарында қайта қаралуы мүмкін.
Облыстың өкілді және атқарушы органдары арасындағы келісімді жұмыстардың нәтижесінде 2012 және 2013 жылдары облыстық бюджеттен тиісті қаржылар қаралып, облыстың әлеуметтік саласы бойынша бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2012 жылы 10 мектеп, 6 балабақша, 15 емхана мен дәрігерлік амбулатория, 1 клуб, 2013 жылы 8 мектеп, 1 балабақша, 3 дәрігерлік амбулатория, 1 клуб, 8 өзге де нысандар құрылыстары салынды. 
Арал ауданында 8 мектептің, 3 балабақшаның, 1 клубтың, 3 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 3 мектеп, 1 балабақша пайдалануға берілді. Қамбаш демалыс аймағының сыртқы инженерлік желілері, 1 әкімшілік ғимараты салынды.
Қазалы ауданында  4 мектептің, 3 балабақшаның, 1 мәдениет үйінің, 1 мұражайдың, 5 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 2 мектеп, 1 балабақша, 1 мәдениет үйі пайдалануға берілді.  
 Қармақшы ауданында 3 мектептің, 1 балабақшаның, 4 ауылдық клубтың, 2 ауылдық емхананың, 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 3 мектеп, 1 балабақша, 1 клуб, 1 ауылдық емхана, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. 1 әкімшілік ғимараты, 1 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны салынды, Қорқыт ата кесенесіне сыртқы электр және су желісі салынуда. 
Жалағаш ауданында 1 мектептің, 1 ауылдық клубтың, 1 емхананың, 2 дәрігерлік амбулаторияның, 1 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 1 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 ауылдық клуб пайдалануға берілді. Сондай-ақ, аудандық орталық аурухананың кәріз-су жүйелері салынды.
Сырдария ауданында 1 мектептің, 1 ауылдық клубтың, 1 емхананың, 3 дәрігерлік амбулаторияның, 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 ауылдық клуб пайдалануға берілді. Сондай-ақ, спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.  
Шиелі ауданында 7 мектептің, 1 ауылдық клубтың, 2 емхананың, 2 дәрігерлік амбулаторияның, 1 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 3 мектеп, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді, 1 музей салынды.  
Жаңақорған ауданында 9 мектептің, 2 балабақшаның, 1 ауылдық клубтың, 8 фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы жүргізіліп, 4 мектеп, 2 балабақша, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. 1 мектептің спорт залы, асханасы, шеберханасы салынуда.
Қызылорда қаласында 7 мектептің, 6 балабақшаның, 2 ауылдық клубтың, 1 емхананың, 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің, 3 интернат үйінің құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 3 мектеп, 4 балабақша, 1 ауылдық клуб, интернат үйі пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 1 мектепті кеңейту, 1 емхананы кеңейту жұмыстары жүргізілді, шығармашылық үйі мен облыстық мекемелер үйінің құрылысы жүргізілуде, көппәтерлі бірнеше тұрғын үй салынды және салынуда.  
Сонымен қатар, облыстық бюджеттен тиісті қаржылары бөлініп, білім беру саласы бойынша алдағы уақытта құрылысы жүргізілетін: Арал ауданында 9 нысанның, Қазалы ауданында 12 нысанның, Қармақшы ауданында 11 нысанның, Жалағаш ауданында 1 нысанның, Сырдария ауданында 1 нысанның, Шиелі ауданында 4 нысанның, Жаңақорған ауданында 4 нысанның, Қызылорда қаласында 4 нысанның, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы бойынша 19 нысанның, мәдениет, спорт, туризм салалары бойынша 22 нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде.  
Төртінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының облыста салынатын әлеуметтік нысандар құрылысын келісілген кезектілікпен жүргізуді реттестіру жөніндегі ұсынысы негізінде Қызылорда облысы әкімдігінің 2010 жылғы 21 мамырдағы № 785 қаулысымен «Қызылорда облысы бойынша құрылысын салуға жататын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының кезектілік Тізбесі» бекітілген. Бесінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарының ұсынысы негізінде 2012 жылғы 19 қыркүйекте облыс әкімдігінің № 576 қаулысымен оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді және облыста әлеуметтік нысандар құрылысы осы Тізбе бойынша салынуда.
Білім саласы бойынша. Мектепке дейінгі ұйымдар саны 508-ге жетті, оның 269-ы (142 мемлекеттік, 1 ведомстволық, 126 жеке меншік) балабақша, 239-ы (231 мемлекеттік, 8 жекеменшік) шағын орталық. Оларда 33605 бала тәрбиеленуде. 1-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі ұйымға қамтылуы 2012 жылы 37,8 %, 2013 жылы 41,8 %, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 2012 жылы 75,2 %, 2013 жылы 80,9 % болды.
2013 жылы техникалық және кәсіптік білім беретін колледждерде маман-дар даярлау жүйесін оңтайландыру, олардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуетін шоғырландыру арқылы колледждерді мамандықтар бағытына қарай салаландыру жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде бірнеше оқу орындарында қатар даярланатын 9 мамандық бойынша мемлекет-тік тапсырыс қысқарып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті 13 жаңа мамандық ашылды.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы серпінді ірі өндіріс орындарының техникалық және кәсіптік білімді мамандарға сұранысының ұзақ мерзімді болжамы жасалды. 2014 жылы оқу орындарын салаландыру процесін жалғастыра отырып, мемлекеттік тапсырысты 10 пайызға дейін арттыру, облыстың еңбек ресурстарының теңгеріміне сәйкес мемлекеттік тапсырысты орналастыруда құрылыс және тау-кен өндірісі бағытындағы мамандықтарға басымдық беру, жаңадан 7 мамандық бойынша, 2015 жылы 3 мамандық бойынша мамандар даярлау көзделуде.
Денсаулық сақтау саласы бойынша. Бұрын жұмыс жасаған 32 ауылдық аурухананың оңтайландыру кезінде жабылып қалған 23-інің ішінен «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2013-2014 жылдарға арналған жол картасы» аясында қайта ашуға мүмкіндіктер жасалып, 2013 жылғы шілде айынан бастап 9-ы (Арал ауданының Қамыстыбас ауылында, Қазалы ауданының Бозкөл, Қожабақы ауылдарында, Қармақшы ауданының Көмекбаев, ІІІ Интернационал ауылдарында, Жалағаш ауданының Қаракеткен, Аққыр ауылдарында, Сырдария ауданының Аманкелді ауылында, Жаңақорған ауданының Талап ауылында) қайта ашылды, ал  4-і (Шиелі ауданының Сұлутөбе  ауылында, Жаңақорған ауданының Келінтөбе, Бірлік, Қожакент ауылдарында) 2014 жылы ашылатын болады және тәулік бойы жұмыс жасайтын ауруханаларды тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтауға жергілікті бюджеттен тиісті қаржылар қарастырылды.
Балаларға арналған сурдологиялық көмекті жетілдіру мақсатында 2013 жылдан бастап жергілікті бюджеттен тиісті қаржы қаралып, 17 штаттық бірлікпен сурдологиялық кабинет ұйымдастырылды, қазір ол жұмыс жасауда.
Халыққа түнгі, демалыс және мереке күндеріндегі жедел стоматоло-гиялық көмек 2013 жылдың қаңтар айынан бастап қаржысы қаралып, «Стомед Сервис Плюс» ЖШС арқылы көрсетілуде.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттерден 2012 жылы 3 млрд. 862 млн. теңге (оның ішінде егін шаруашылығына 2455,0 млн. теңге, мал шаруашылығына 1407,3 млн. теңге), 2013 жылы 5 млрд. 496 млн. теңге (оның ішінде егін шаруашылығына 3049,9 млн. теңге, мал шаруашылығына  2446,9 млн. теңге) бөлінді.
2012 жылы құны 304,4 млн. теңгелік 3 жоба (дәнді дақылдар тұқымын жоғары себу кондициясына жеткізетін құны 139 млн. теңгелік германиялық жабдық, Арал және Қазалы аудандарында жылдық қуаттылықтары 610 тонналық 2 балық өңдеу зауыты) іске қосылды.  
Автомобиль жолдары саласы бойынша облыстық және аудандық маңыздағы 2251 км жолдардан жақсы жағдайда 661 км (29,4 %), 690 км (30,6 %) жол қанағаттанарлық, 900 км жол (40 %) төмен жағдайда. Осы жолдардың жағдайын көтеру мақсатында жолдарға күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге бюджеттен бөлінетін қаржыны арттыру көзделуде, сонымен қатар бірқатар аудандық маңыздағы жолдарды облыстық маңыздағы жолдарға өткізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Облыста бюджет қаржысының мақсатты әрі тиімді игерілуін бақылау мақсатында құрылған облыстың тексеру комиссиясы өткен 2 жыл ішінде облыстық бюджеттің атқарылуы бойынша мәслихат сессиясында 2 рет есеп берді. Облыс бюджеті бойынша 2012 жылы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары тарапынан жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 479 мекеме мен кәсіпорынға бақылау жүргізілген. Жыл көлемінде жүргізілген бақылау іс-шаралары нәтижесінде жалпы сомасы 29032 млн. теңгенің қаржылық бұзушы-лықтары анықталған. Осыған сәйкес облыстың бірқатар басқармаларында бюджет қаржысын мақсатты пайдаланбау фактілері бойынша облыстық мәслихатқа ұсынымдар жасап, ол мәселе мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырыстарында қаралды және қаржылық бұзушылықтарды болдырмау бойынша атқарушы органдарға тиісті ұсыныстар берілді.
Мәслихаттар құзыретіне Заңмен жүктелген мәселелердің бірі – жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту болып табылады. Облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 6 желтоқсандағы 47 сессиясында бекітілген «2012-2014 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне 2012 жыл ішінде 9 (1 рет – кезекті, 8 рет – кезектен тыс сессияларда) рет, ал 2012 жылғы  6 желтоқсандағы 12 сессиясында бекітілген «2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне 2013 жылы осы уақытқа дейін 7 (2 рет – кезекті, 5 рет – кезектен тыс сессияларда) рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осы нақтылаулардың нәтижесінде 2012 жылға арналған облыстық бекітілген бюджет 78  977 749 мың теңгеден жыл соңында нақтыланған бюджетте 122 760 631,1 мың теңгеге дейін өсті, ал 2013 жылға арналған бекітілген бюджет 118 513 842 мың теңгеден бүгінгі күнге дейінгі нақтыланған бюджетте 151 085 334 мың теңгеге дейін өсті.
Алдағы жылға арналған облыстық бюджеттің жобасы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін облыстық мәслихатқа беріледі. Облыстық мәслихат аппаратына түскен облыстық бюджет жобасы дереу депутаттарға таныстырылады, содан соң  тұрақты комиссиялардың бюджет жобасын талқылау бойынша отырыстары өткізіледі. 
Алдағы жыл бюджетінің жобасын тақылауға арналған тұрақты комиссия отырыстарында әрбір басқарма басшысы тиісті бюджеттік бағдарлама бойынша қысқаша түсіндірме жасап, оның алдағы жылға межеленген қаржыландыру жобасының жайын баяндайды, депутаттардың сұрақтарына жауап береді. Депутаттардың қатысуымен осылай талдау жүргізіліп, жан-жақты талқылау өткізу барысында бюджет жобасындағы кейбір параметрлер бойынша қаржы-ландыру межесінде кейбір артық-кем тұстар назарға ілігеді. Тұрақты комиссия осындай жағдайларда тиісті бюджеттік бағдарлама әкімшісіне облыстың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен ойласа отырып оларды ретке келтіру жөнінде нақты ұсыныстар жасап, мәселені қосымша қайта қарау жөнінде келіседі. Міне, осылай талқыланып пысықталған ортақ шешім ғана өміршең болатындығын практика көрсетуде және ондай бюджетпен жыл ішінде жұмыс жасау аса қиындық тудырмасы анық. Және облыстық бюджет жобасы бойынша тұрақты комиссия отырысында талқылауды осылай ашық та жариялы түрде өткізудің түсініктілігін, тәжірибелілігін, сондықтан пайдалылығын бірқатар депутаттар да, атқарушы органдар басшылары да білдіруде.
Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістерге байланысты, сондай-ақ облыс тіршілігіндегі маңызды мәселелер бойынша бірқатар шешімдер қабылданды. Олардың қатарында:
2012 жылғы 28 наурыздағы кезекті 3 сессияда «Қызылорда қаласы бойынша жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкасын белгілеу туралы»;
2012 жылғы 6 желтоқсандағы кезекті 12 сессияса «Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын бекіту туралы», «Қызылорда облысының аудандық маңызы бар қалаларда, кенттер мен ауылдық елді мекендерде жер учаскелері жеке меншікке берілген кезде олар үшін төлемақының базалық ставкаларын белгілеу туралы»; 
2013 жылғы 25 сәуірдегі кезектен тыс 17 сессияда «Әкімшілік-аумақтық құрылыстың кейбір мәселелері туралы»;
2013 жылғы 10 шілдедегі кезекті 18 сессияда «Қызылорда облысы елді мекендерінің аумақтарын көріктендіру, елді мекендерінің аумағындағы жасыл желектерді күтіп ұстау және қорғау қағидаларын бекіту туралы», «Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды күтіп-ұстау қағидасын бекіту туралы», «Мемлекеттік орман қорында орман пайдалану үшін төлем ставкаларын бекіту туралы»; 
2013 жылғы 21 тамыздағы кезекті 19 сессияда «Жаңақорған ауданында орналасқан «Сығанақ (Сунақата) қалашығының» тарих және мәдениет ескерткішін қорғау аймақтарын және қорғалатын табиғат ландшафты аймақтарының шекарасын бекіту туралы» шешімдер. 
Сондай-ақ, «Қызылорда облысының 2013-2015 жылдарға арналған энергия үнемдеудің Кешенді жоспары» бекітіліп, жұмыс жасауда. 
Облыстық мәслихаттың қабылдаған барлық шешімдері сессия хаттамасында тігулі, ал өз құзыреті шегінде және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қабылдаған шешімдері облыстың әділет департаментінде уақытылы мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттерінде жарияланып отырылды.
Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қызметі, өкілеттігі мен жұмыс тәртібі Заңның 12-15-баптарында белгіленген. Қызылорда облыстық мәслихатындағы 4 тұрақты комиссия жыл сайын сессияларда өз қызметі туралы бір реттен мәслихатқа есеп береді және осы есептер облыстық мәслихаттың тиісті шешімдерімен рәсімделген. Тұрақты комиссиялар жұмыс жоспарларына сәйкес өз отырыстарында өздеріне заңмен жүктелген құзыреттері аясында облыстық мәслихат сессияларында қаралатын мәселелер бойынша алдын ала талқылаулар жүргізді, сондай-ақ қабылданған шешімдердің орындалуын бақылады, осы бойынша тиісті атқарушы органдардың жұмысы тыңдалды.  
Облыстық мәслихаттың осы есебі газет бетінде жариялауға арналып ықшамдалып беріліп отыр, халық алдындағы есеп беру кездесулері кезінде кеңейтіліп айтылатын болады. 
Бесінші шақырылған облыстық мәслихат атқарушы органдармен, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, Елбасы тапсырмаларының, қабылданған бағдарламалардың уақытылы әрі сапалы орындалуына атсалысады және аймақ халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолындағы жұмысын жалғастыратын болады.   


Сондай-ақ... оқыңыз:

САЙЛАУШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

САЙЛАУШЫЛАРМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Мәдениет орталығында облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов, облыстық мәслихат...
ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫ

Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс 21 сессиясы 2013 жылғы 30 қарашада...
ХАЛЫҚ  ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАНАТТЫ ҚАМҚОРЛЫҚ

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАНАТТЫ ҚАМҚОРЛЫҚ

Баспасөз орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков...
ҚАЛА АУМАҒЫ КЕҢЕЙЕ ТYСТІ

ҚАЛА АУМАҒЫ КЕҢЕЙЕ ТYСТІ

Сейсенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХХ сессиясы болды. Оған облыс әкімі...
ДЕПУТАТ БЕЛСЕНДІЛІГІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

ДЕПУТАТ БЕЛСЕНДІЛІГІ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Қоғам дамуында мәслихаттың жауапкершілігі артып, орны нығайып келеді. Елдегі...
ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ СЕССИЯСЫ

ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ СЕССИЯСЫ

Қызылорда облыстық мәслихатының кезектен тыс 20 сессиясы 2013 жылғы 22 қазанда сағат...
Пікір: