ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАҒАН КӨШБАСШЫ

Облыс бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес (қаржы полициясы) департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай салтанатты шара өткізілді.
Салтанатты шараны ашқан департамент басшысы Мақсат Қожабаев биыл еліміз екінші рет Тұңғыш Президент күнін атап өтіп отырғандығына тоқталды. Бұл қазақстандықтар үшін өте маңызды оқиға. Өйткені, халқы шын мәнінде өз Президентін мақтаныш етеді. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарқынды дамуы мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде және бәсекеге қабілетті мемлекетті құруда орасан зор еңбек сіңірді. Сондай-ақ, Елбасы өңірлік және ғаламдық қауіпсіздікке көп үлес қосып, бүкіл әлемге танылған беделді тұлға. Осындай ұлт көшбасшысы, бүгінгі заманның көрнекті мемлекет және саяси қайраткері Елбасымен қазақ елі қалай мақтанса да болады.
Жиын барысында сөз алған «Нұр Отан» ХДП облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Өлмесхан Болатбеков пен Жаңақорған ауданы Сунақ ата ауылдық округінің әкімі Әзия Қыстаубаева және «Болашақ» университетінің тәрбие жұмысы және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, саяси ғылымдар кандидаты Мұрат Насимов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың ел алдында жасаған еңбегі туралы кеңінен әңгімеледі. Расында, еліміз тәуелсіздігін алған 22 жылда небір кезеңдерді бастан өткерді. Соның бірі кешегі одақ ыдыраған тұста нарықты экономика елді есеңгіретіп жіберді. Зауыт, фабрикалар жұмысын тоқтатып, жұмыссыздар қатары көбейді. Еңбекақы, шәкіртақы мен зейнетақы секілді төлемдер уақытылы берілмеді. Тұтынушылар рыногы босап қалды. Елдің осындай тығырыққа тірелгенін көре білген Елбасы алдымен экономиканы дамытуға күш салды. Онысы жеміссіз де болған жоқ. Оның үстіне елімізге қуатты инвесторлар да тартылды. Сөйтіп, Қазақстан өзіндік өсіп-өркендеу жолына түсті. Әлемдегі беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі болды. Сондай-ақ, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі алғашқы ел атанды. Елімізде бұған дейін іске асып көрмеген ғасырдың небір ғаламат жобалары да жүзеге асырылды. Осының бәріне еліміздің егемендік алуы мен оның көшбасшысы Елбасының қажырлы еңбегі арқасында мүмкін болды. Мұны сырт көз де көрмей қалмады. Экономикасы өрге басып, елдің саяси тұрақтылығы мен қауіпсіздігі қамтамасыз етілген Қазақстанды, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіл әлем мойындады.
Жалпы салтанатты шара барысында ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай бірқатар сала қызметкерлері департамент басшылығы мен «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының Алғыс грамоталарымен марапатталды. Соңынан шараға қатысушылар Тұңғыш Президент туралы түсірілген деректі фильмді көріп, тамашалады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

АҚПАРАТ 30 қараша 2013 г. 1 083 0