БІРЛЕСЕ АТҚАРҒАН ІСТІҢ БЕРЕРІ КӨП

Өткен сенбіде облыстық мәслихаттың кезектен тыс 21 сессиясы өткізілді. Сессия жұмысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, облыстық мәслихат хатшысы Бекмырза Еламанов және ҚР Сенат және Мәжіліс депутаттары қатысты.
Сессияның беташарында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қорғанбек Қайруллаев №2 Алтықұдық округтік сайлау учаскесінен облыстық мәслихат депутаты болып сайланған «Қазақстан темір жолы» ҰК акционерлік қоғамы Қызылорда жол бөлімшесі филиалының директоры Аманкелді Арысбаевқа депутаттық куәлік пен төсбелгіні табыс етті. 
Мұнан кейін сессияның күн тәртібіне сәйкес «2013-2015 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2012 жылғы №61 шешіміне өзгерістер енгізу туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова хабарлама жасады. Хабарламашының айтуынша, 2013 жылғы кірістер 136,5 млрд. теңге, оның ішінде салық түсімдері 23 млрд., трансферттер түсімі 112 млрд. болған. Сондай-ақ, ол мемлекеттік сатып алу қорытындысымен және жыл соңына дейін игерілмейтін 656636 мың теңге қаржыны қысқарту жоспарланып отырғанын да атап өтті.
Сессияда депутаттар облыстың су шаруашылығы мен денсаулық сақтау саласының дамуына елеулі үлес қосқан Сабыр Арыстанбаев пен Ернияз Омаровқа «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағын беру туралы ұсынысты қолдап, бірауыздан дауыс берді. Сондай-ақ, халық қалаулылары Қызылорда қаласы әкімдігінің ұсынысына орай жақында ғана пайдалануға берілген Шығармашылық үйіне мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің есімін беру туралы ұсынысқа да қолдау білдірді. Сонымен қатар, сессияда депутаттар сәулет-қала құрылысы кеңесінің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Мұнан соң депутат Нұрмұрат Ерманов мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау мен оларды жұмысқа орналастыруға көмек көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді.
Сессияға қатысушыларды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесімен құттықтаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев егемен еліміздің еңсесін көтеріп, Қазақстанды бүкіл әлем таныған деңгейге жеткізген Елбасының еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өтті. Осындай өрлеу біздің облыста да бар. Атап айтқанда, қазіргі күні облыс бюджет пен салық түсімін түсіру мен құрылыс секілді салалар бойынша алдыңғы қатарда келеді. Өңірімізде өндіріс, тағы басқа салаларды өркендетуде де жақсы  істер бар. Жалпы, елімізде өткізілетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне біздің өңірден Байқоңыр қаласы мен «Қорқыт ата» кешені таңдап алынып отыр. Соған орай Байқоңыр қаласы мен Төретам, Ақай елді мекендерін дамыту мәселелері жүзеге асырылады. Жалпы облысты әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамыту барысында біздерді көптеген келелі міндеттер күтіп тұр. Сол міндеттерді бірлесе отырып шешеміз деген ойдамын. Әрі оған әрбір азамат белсене атсалысады деген сенімдемін.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

АҚПАРАТ 04 желтоксан 2013 г. 420 0