ІЗГІЛІК ІНДЕТКЕ ҚАРСЫ

«Болашақ» университетінің мәжіліс залында Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес іс-шарасын қорытындылаған акция өтті.  
Аталған оқу орны мен облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға облыстық денсаулық сақтау басқармасының, «Қызыл Ай» қоғамы облыстық филиалының өкілдері мен қоғамдық ұйымдар жетекшілері және студенттер қатысты. 
Акцияны «Болашақ» университетінің ректоры Болат Махмұтов ашып, шараның маңызы, ғасыр індетінің зардабы туралы айтып өтіп, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. 
Шара барысында жиылғандар өнерпаз жастар сахналаған аталған ауру зардабы жайындағы көріністі тамашалады. Әсем әндерге кезек беріліп, аурудың жұғу жолдары туралы бейне материалдар көрсетілді. 
Акцияны қорытындылаған СПИД-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері Бисенкүл Кәрібаева аталған шара аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында жарияланған байқаудың қорытындысымен таныстырды. Аталған байқау нәтижесінде бірінші орынды «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының редакторы Рауан Мыңбаев иеленсе, екінші орын «Ел тілегі» газетінен Раушан Бегімоваға берілді. Ал, үшінші орынды облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Айнұр Батталова мен «Ел тілегі» газетінен Майра Ислам өзара бөлісті. Сондай-ақ, жиында бірқатар белсенді мекемелер  арнайы алғыс хаттармен марапатталды.  
Барлыбек БАТЫР.

АҚПАРАТ 10 желтоксан 2013 г. 539 0