МЕМЛЕКЕТТІК МАРАПАТ – ЕЛ МЕРЕЙІ

АҚПАРАТ | 16 декабрь 2013 ж. - 11:45 | Көрудің саны: 1 122
Мемлекет басшысының Жарлығымен тәуелсіздік күні мерекесіне орай облыстың бір топ еңбеккерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сондай-ақ, аймақ дамуына сіңірген еңбегі үшін бірқатар ардагерлер «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын иеленді
Жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ” атағы
Ералиев Абзал Жұмашұлы – «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры.
Компания соңғы 5 жылда 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салып, ауыл шаруашылығы техника паркін    85 пайызға жаңартты. Ералиев Абзал 500-ден астам жұмысшыдан тұратын шаруашылықты үлгілі ұйымдастырып қана қоймай, Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып келеді. 2012 жылы Қазақстан Республикасының білім беру саласына қосқан айрықша үлесі үшін Абзал Жұмашұлы «Меценат» алтын медалімен марапатталса, 2013 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды.
«ПАРАСАТ» ОРДЕНІМЕН
Алматов Алмасбек Нұрмаханұлы – Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, жыршы.
А.Алматов Франция, Италия, Швейцария елдерінде Дүниежүзілік өнер турнесіне қатысып, қазақтың дәстүрлі жыр өнерін Еуропа жұртшылығына танытты. Алмас Алматовтың басшылығымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының  жанынан қоғамдық негізде ашылған «Тұран» халықаралық ғылыми мәдениеттану орталығы Америка, Швейцария, т.б. мемлекеттердің ғылыми-зерттеу орталықтарымен фольклорлық-этнографиялық, музыкалық-теориялық бағыттағы бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жыршының жыр қоржынында Тұрмағамбет, Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Ә.Егізбаевтың жыр-толғауларымен бірге «Көрұғлы», «Қобыланды» және өзінің «Қазына» дастандары бар.
Үдербаев Мұрат Пірмағамбетұлы – «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС директоры.
М.Үдербаевтың басқаруымен 50 адамнан тұратын «УАД» ЖШС Қазақстанның оңтүстік аумағын қамтитын 669 адамы бар ірі жол құрылысы және құрылыс мекемесіне айналды. Серіктестік әлеуметтік бағдарламаларды дамыту бағытында көптеген мекемелер мен ұйымдарға қаржылай және материалдық көмек көрсетіп келеді. Материалдық-техникалық базаны ұлғайту бағытында бүкіл техникалық паркті жаңартып, жол жөндеу, жол құрылысы және мектеп, аурухана, тұрғын үй құрылысының сапалы бой көтеруіне атсалысуда.
"ҚҰРМЕТ” ОРДЕНІМЕН
Кәрім Медет Сапиұлы – «ҚазГерМұнай» БК ЖШС бас директоры.
 Медет Сапиұлы басқаратын компания өз қызметін Қызылорда облысы Оңтүстік-Торғай ойпатының Ақшабұлақ, Нұралы және Ақсай кен орындарында көмірсутек шикізатын барлау, өндіру және өткізу бойынша жүзеге асырады. М.С. Кәрім басқаруымен мұнай өндіру бойынша 2013 жылғы жоспарды 105 %-ға орындады. Оның бастамасымен «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС Туберкулезге қарсы диспансер, Даун синдромы бар балаларға арналған Балалар оңалту орталығы тәрбиеленушілеріне көмек көрсетуде. «Чернобыль және Арал балалары» қоры, «Ұмай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған балалар үйі, «Ботақан» балалар бақшасы, Қызылорда қаласының орта мектептері, №7 арнайы түзету интернаты, «Жастар жетістігі» өңірлік орталығы ҚҚ, «Дарын» жастар продюсерлік орталығы» жастар қоғамдық бірлестігіне демеушілік көмек көрсетілуде. 2012 жылы «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС  «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» Республикалық конкурсында «Экологияға қосқан үлесі» номинациясында жеңімпаз атанды.
Құтыбаев Рахым Байбосынұлы – «Ынтымақ» ЖШС директоры, Жаңақорған ауданы.
Ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамытуда өз үлесін қосып жүрген бірден-бір инвестор. Серіктестік 350 гектар күріш, 450 гектар жоңышқа, 250 гектар күздік бидай дақылдарын егіп, жоғары өнім алуда. 2003 жылдан бастап жакет типті, қара түсті асыл тұқымды қаракөл қойларын өсіру мәртебесін алған. Бүгінгі күнге шаруашылық 6000 бастан аса асыл тұқымды қаракөл қойы, 1200 бас ет бағытындағы қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойы, 120 бас жылқы өсіруде. Серіктестік жыл сайын алынған төлдің есебінен репродуктор-шаруашылық ретінде 2000 бас асыл тұқымды қаракөл тұқымдас төл сатады. Бұдан басқа серіктестік Жаңақорған кентінде тәулігіне 30 тонна күріш өңдейтін зауытты іске қосқан. Қазіргі кезде серіктестікте 100-ден аса адам еңбек етеді. 
Ноғаев Шайхислам Ноғайұлы – Қызылорда облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары
Ноғаев Шайхислам 1989 жылы республика бойынша алғашқы болып жергілікті бюджеттің кіріс көзі ретінде қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемақыны енгіздірген. Сонымен қатар, 2003 жылы мұнай региондары арасында алғашқы болып ілеспе газды алауда жаққаны үшін арнайы төлемақы енгізген. Бұл әдістеме жалғасын тауып 2007 жылы – салық кодексіне енгізілді. Қазіргі кезде Шайхислам Ноғайұлымен енгізілген әдістеме бойынша облыстық бюджетке қомақты қаражат түсті. Шайхислам Ноғайұлы Қызылорда қаласының санитарлық-эпидемиологиялық, экологиялық жағдайын жақсартатын тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау және оларды шығаруға арнайы жерасты контейнерлер жасауына патент алған, сол арқылы қала аумағында экологиялық ахуал едәуір жақсарған.
"ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН” МЕДАЛІМЕН
Ақмағамбетова Дариха Ақмағамбетқызы – «Қызылорда облыстық Азаматтық Альянс» қауымдастығының төрайымы
Дариха Ақмағамбетқызы облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Жалағаш аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосты. 2006 жылы «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығын құрып, сол ұйымға басшылық жасап өңірімізде азаматтық қоғамның қалыптасуына, үкіметтік емес ұйымдардың дамуына, олардың ынтымақтастық пен бірлігінің артуына, билік орындарымен тиімді қарым-қатынасының орнауына үлкен ықпал етіп келеді. Азаматтық Альянс қоғамдық қолдауға ие болып, облысымыздың саяси-қоғамдық кеңістігінде өз орнына ие болды. Азаматтық Альянсқа 36 ҮЕҰ мүше болып кірді. Облыстың барлық аудандарында Азаматтық Альянстың бөлімшелері құрылды. Дариха Ақмағамбетқызы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атағының иегері.
Ахметов Бердалы – «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК шебері
Жұмыс барысында Ахметов Бердалы өзінің аса іскерлігімен, шеберлігімен өте күрделі жұмыстарды талап ететін қондырғыларды, сораптарды, турбиналарды жөндеп жұмыс атқарып келеді. Өз еңбекқорлығымен, жұмыс барысында станцияның барлық ережелерін сақтап, өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп, өндірістік кәсіпорнында жақсы жетістіктерге жетуге ықпал жасаған. Мысалға; 2013 жылдың қаңтар айында турбина цехында орналасқан негізгі қондырғылардың бірі ПТ-25-90 маркалы турбинасының күрделі жөндеу кезінде, қосымша пайда болған подшипниктің ақауын тек қана Ресей Федерациясы, Калуга қаласының зауытында жөнделіп жасалынатын күрделі жұмысты, станцияның жағдайында өзінің білгірлігі арқасында жөндеу жұмыстарын орындап шығып, кәсіпорынның үлкен қаражатын үнемдеуге ықпал жасай білді. 
Әлімқұлов Темірхан Нәлікұлы – «СМП-Қызылорда» ЖШС директоры
Т.Әлімқұлов басқаратын «СМП-Қызылорда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2004 жылы Қызылорда қаласының тұрғын үй секторын табиғи газбен қамтамасыз етуге мол үлес қосып, 2005-2007 жылы Қызылорда қаласында 40 пәтерлік екі және 8 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салды. 2009-2012 жылдары Шиелі ауданының Ортақшыл ауылында 250 орындық, Бидайкөл ауылында 600 орындық мектептер, Жаңақорған ауданының Талап ауылында 300 орындық балалардың жазғы тынығу лагері құрылыстарын салып ел игілігіне берді. 2013 жылы Арал ауданының Сексеуіл кенті әкімдігінің ғимараты, Жаңақорған ауданының Қыраш ауылында 200 орындық мектеп құрылысын салды.
Ералиев Төлеу Айманұлы – «Жаңажол» ЖШС бригадирі, Қармақшы ауданы
Төлеу Айманұлы 2004  жылдан бастап «Жаңажол» ЖШС-ның егіс бригадирі болып жұмыс атқаруда. 2013 жылы Төлеу Айманұлы басқарған бригада 520 га күріш алқабының әр гектарынан 70,4 центнерден, 3661 тонна Сыр салысын өндіріп, ауылшаруашылық дақылдарынан жоғары өнім алып, ауыл халқының әлеуметтік деңгейінің көтерілуіне сүбелі үлес қосып келеді. Ералиев Төлеу басқарған бригада аймақтағы бағалы дақыл – күріш саласын өндіруде ғылым жетістіктерін тәжірибемен ұштастыра отырып, гектар шығымдылығын көтеруде облыстағы озат өндіріс бригадасы болып  жылма-жыл табыс биігінен көрінуде.
Есімсейітов Ержан Жұмашұлы  – «Дәнекер құрылыс компаниясы» ЖШС тас қалаушысы 
Ержан Жұмашұлының тікелей қатысуымен 2003-2006 жылдары Жосалы кентінде 60 төсектік туберкулезге қарсы диспансер, Қызылорда қаласында халыққа қызмет көрсету орталығы мен 60 пәтерлік тұрғын үй, Сырдария ауданының А.Тоқмағамбетов ауылында 150 орындық клуб салынды.  2007-2012 жылдар аралығында Тереңөзек кентінде 1200 орындық мектеп,  Шиелі ауданының Н.Бекежанов ауылында 600 орындық мектеп, Жалағаш ауданының Жаңадария ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Жаңақорған ауданының Сүттіқұдық ауылында 90 орындық балабақша нысандары салынып, пайдалануға берілді. 2012-2013 жылдары Шиелі кентінде ауысымда 250 келушіні қабылдайтын емхана құрылысы салынды.
Жарекесов Скендір Көпешбайұлы – Байқоңыр қаласы №3 мемлекеттік тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бірыңғай кәсіпорнының учаске бастығы
Скендір Көпешбайұлы ұзақ жылдар бойы Байқоңыр қаласының тұрғындарына коммуналдық қызмет көрсету саласында қажырлы қызмет жасап, жас мамандарды  кәсіби даярлауда, оларды еңбекке баулуда ерекше еңбек сіңірген азамат. Бүгінде 120 адамнан тұратын ұжымды абыроймен басқаруда. Скендір Көпешбайұлы басқарған ұжым үздік ұжым болып табылады. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері еліміздің қоғамдық өмірге  белсене араласып, Елбасының саясатын халыққа насихаттау мақсатында 2 мәрте Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Зетов Шынтас  – Сырдария аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары
Сырдария аудандық орталық ауруханасында Ш.Зетовтың қатысуымен  жылына 250-300-ге жуық ота жасалады. Оның ішінде, әр түрлі салада сүйекке, қан тамырларына, іш құрылысына және перзентханада шұғыл қажеттілікке байланысты оташылдық көмек көрсетіледі. Ш. Зетовтың 41 жылдан астам хирургиялық тәжірибесінде 11500-ге жуық операция жасалынған. Ш.Зетов аудандық ауруханада алғашқы болып науқастарға өт жолына, сүйектерге остеосинтез, қан тамыры ауруларына (варикоз ауруы), асқазанға, зәр жолдарына (аденомоэктомия, нефлоэктомия) операцияларын  жасаған маман. 
Кузнецов Андрей Юрьевич  – «Фирма «Балауса» ЖШС бас директоры
«Фирма Балауса» ЖШС-ның бас директоры қызметін атқарғалы серіктестік геологиялық барлау өткізіп, «Бала-Сауысқандық» кенішіндегі руда өңдеу бойынша тәжірибе-эксперименталдық зауытын салды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік теңгеріміндегі «Бала-Сауысқандық» кенішінің ванадий рудасының қоры 69 млн. тоннаны құрады.  Бүгінгі күні компанияда 240 адам жұмыс жасайды. Бюджеттің барлық деңгейіне жылдық жиынтық салық төлемдері жылына 50 млн. теңгені құрап отыр. Компания кенішті дамытуға шамамен 20 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды, оның ішінде 600 млн. теңгеден астамы ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жолданған. Компания Қызылорда облысында ванадий рудасын өңдеуге қатысты 6-7 ірі өндірісі бар ванадийлік кластер ұйымдастыруды жоспарлауда.
"ШАПАҒАТ” МЕДАЛІМЕН
Қонарова Жанна Құспанғалиқызы – Арал қаласындағы № 14 мектеп-лицейінің мұғалімі 
Жанна Құспанғалиқызы облыстық сайыстан – 1, Республикалық сайыстан – 2, Халықаралық сайыстарға қатысып 1-орын иеленген. Жанна Құспанғалиқызының оқушыларының ішінде 2-уі Алтын белгіге, 1-уі Үздік аттестатқа, 25-і Грант иегерлері атанса, 6 оқушы облыстық олимпиадалардың, 3 оқушы Республикалық сайыстардың жүлдегерлері болған. 1 оқушы Халықаралық ғылыми жоба сайысының жүлдегері атанған. Еңбек өтілі – 21 жыл. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Сәрсенбаева Сапура  – Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйінің директоры
Интернат үйіндегі егде жастағы қарт кісілер мен мүгедектерге отбасының жылуын сезінуге, әрбір адамның жеке қасиеттеріне талдау жасап, олардың әрқайсысының жүрегіне жол тауып, қиыншылықтармен күресе білуге, жетістіктерге қуана білуге үйретіп, интернат персоналы мен мемлекет қамқорлығындағылардың арасындағы байланысты үнемі бақылауға алып, өзіне тән адамгершілігімен және жауапкершілігімен интернатты басқарып келеді. Облыстағы ірі мұнай компаниялары мен бірлескен кәсіпорындар, мемлекеттік емес ұйымдар, жоғары оқу орындары және тағы да басқа кәсіпорындармен және мекемелермен тығыз іскерлік байланыс орнатқан. Сонымен қатар, қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, концерттік бағдарламалар көрсету, спорттық сайыстар сияқты мәдени шараларды ұйымдастырып, интернат тұрғындары салауатты өмір салтына баулып, өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал жасайды. 
«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ» АТАҒЫМЕН
Әбдікәрімов Мұхит Сұлтанұлы – Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры
Мұхит Сұлтанұлы қазіргі таңда, облыстағы Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры қызметін атқаруда. М.Әбдікәрімовтың сала жанашыры ретінде театр мен театр өнерін дамыту жолында атқарған қызметтерінің нәтижесінде Н.Бекежанов атындағы драма театры қазіргі уақытта республикадағы іргелі театрлардың бірі болып саналады. Театр қойған спектакль саны жыл санап өсіп келеді. 2013 жылы қойылған спектакль саны 88-ге жетті. Мұхит Сұлтанұлы театрда балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдарды сахналауды көбейтіп, қазіргі кезде жылдық қойылымның 56-сы, яғни 63,6 пайызы, балаларға арналған қойылымдар болып отыр.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТ ГРАМОТАСЫМЕН
Бөлегенов Дүйсенғазы  Есенжолұлы – «Қазақстан темір жолы»ҰК» АҚ филиалы – Қызылорда жол бөлімшесінің пойыз құрастырушысы
Дүйсенғазы Есенжолұлы теміржол көлігіндегі еңбек жолын 1983 жылы тамыз айында Қызылорда локомотивті пайдалану депосында тепловоз машинисінің көмекшісінен  бастады. 1984 жылдан бастап Қызылорда жол бөлімшесінде  пойыз қабылдаушы, Қызылорда стансасында орталықтандырылған қосын операторы болып жұмыс істеді. Еңбек қызметі уақытында өзін жауапты қызметкер екенін көрсете білді. Ұжымдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қазіргі кезде жастардың тәлімгері болып отыр. 
Д.Бөлегенов  жұмыс істейтін ауысым, өздерінің қызмет ететін учаскелерінде пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін уақытылы қамтамасыз ете отырып, өндірістік көрсеткіштерді  үнемі орындайды.
Жолбарысов Тұңғышбек Толыбайұлы – «Жалаңтөс батыр» ЖШС механизаторы, Қазалы ауданы 
Тұңғышбек Толыбайұлы 1986 жылдан «Қызылту» кеңшары және кейіннен «Жалаңтөс батыр» ЖШС-да қол үзбестен ауыл шаруашылығы саласындағы техникалардың ыстық-суығына төзіп, механизатор болып еңбек етіп келеді. 
Осы аралықта өзінің техникаға жетік және ізденімпаздығы арқасында үнемі үлгілі еңбегімен үлкен жетістіктерге жетіп, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. 
Тұңғышбек Толыбайұлының қатысуымен 2013 жылы «Жалаңтөс» ЖШС 665 гектар күріш, 200 гектар бидай, 300 гектар жоңышқа егіп, одан 23275 центнер  күріш, 2000 центнер бидай жинап, қамбаға бастырды. 
Жүнісбекова Зейнеп – психикалық-жүйке аурулары интернатының кіші мейірбикесі 
Жүнісбекова Зейнеп 31 жылдан бері осы салада нәтижелі қызмет атқарып келеді.  
Осы кезеңде ол өзін білікті маман ретінде көрсетті. Мемлекет қамқорындағы 230-ға жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін барлық жағдай жасап, қызмет алушылардың сырқатын, жай-күйінің ауырлығын, жасын ескере отырып, стандартқа сәйкес қажетті медициналық-оңалту шараларын жүргізді. Олардың өмірде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуына, өткізіліп жатқан мәдени іс-шараларға қатысуына ықпал жасады. Интернаттың жұмысын жақсарту мақсатында тынбай қажырлы еңбек етіп келеді. Жүнісбекова Зейнеп қызмет алушылардың және ұжым арасында үлкен құрмет пен беделге ие.
Исмаилов Мұрат Сайдуллаұлы – «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының слесарі 
Мұрат Сайдуллаұлы еңбек жолын 1992 жылы желтоқсан айында «Алаугаз» мекемесінің 4-ші санатындағы слесарь мамандығынан бастаған. 2004 жылдан бастап «Қызылорда газ шаруашылығы» ЖШС басқармасында слесарь, 2007 жылдан бері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалында слесарь болып абыроймен еңбек етіп келеді. Қызылорда қаласы тұрғындарын газдандыру науқанында ерекше еңбегі сіңді. Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» мөлтек ауданында 2005-2006 жылдар аралығында көпқабатты тұрғын үйлерге газ  құбырларын тартуға ерекше үлес қосты. Газ құбырларын қала ішіндегі мөлтек аудандарының 4000 тұрғынына көгілдір от жеткізуге атсалысты. 
Касымов Тимур Равильевич – облыстық «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы 
Касымов Тимур Равильевич 1979 жылдан еңбек жолын газетте тілші болып бастады. Облыстық «Кызылординские вести» газетінде бас редактордың орынбасары, бас редактор, «Облыстық «Кызылординские вести» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы болып жұмыс жасаған. Қазіргі кезде «Сыр медиа» ЖШС-ның «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы. Тимур Равильевичті ұжымдастары жауапкершілігі мол, мақсаттылық, талапшылдық сияқты қасиеттерді ұстанатын,  алдына қойған міндеттерді іске асырып, жұмысты ұйымдастыра білетін іскер басшы ретінде таниды. Бос уақытында спортпен шұғылданып, шахмат ойнағанды ұнатады.
Қаналиев Тасқынбай Әбдірахманұлы – «Қызылорда электр тарату тораптары» АҚ электрмонтеры 
Тасқынбай Әбдірахманұлы оперативтік-шығу бригадасының жүргізуші-электрмонтеры бола тұра, автокран жүргізушісі қызметін және қажет болған жағдайда дәнекерлеу жұмыстарын қоса атқарады. Т. Қаналиев Сыр өңірінің электрмен жабдықталуы ісіне ерекше үлес қосқан азамат. 1990 жылдары кезең-кезеңімен электрден ажырату кезінде, Т. Қаналиев апаттарды болдырмау және оларды жою мақсатында тәулік бойы бригада құрамында жөндеу жұмыстарын жүргізді. 2013 жылы наурыз-мамыр аралығында саяжайларды электрмен қамтамасыз ету ісіне белсене қатысты. Осы жылдың маусымында қаланың Әйтеке би көшесінің өртеніп кеткен қосалқы станциясын ауыстыру бойынша жедел шаралар қабылдады. Сонымен бірге, биылғы жылы Қармақшы ауданындағы дауылдан құлаған 0,4 КВ, 10 КВ бағаналарды жөндеп, ауыстырып электр жарығын қосып, апаттар жойылуында Т. Қаналиевтың үлесі ерекше.  
Қаныбетов Оңталап Қаналыұлы – «Аста» ЖШС балықшысы, Арал ауданы  
 «Аста» ЖШС 2000 жылдан өз жұмысын бастап, балық аулаумен айналысып келеді. «Аста» ЖШС-да барлығы 47 адам, оның ішінде 40 балықшы және 4 егерь жұмыс жасап келеді.  
Соңғы екі-үш жылдықта жоспар бойынша 3000 тонна балық аулаған. Ауланған балықтарды Арал қаласындағы Арал балық өңдеу зауыты және «Арал СДО» ЖШС балықпен қамтамасыз етіп келеді. Алдағы 2014 жылға 1100 тонна балыққа тапсырыс алып отыр.
Пак Лилия Андреевна – Жалағаш аудандық орталық ауруханасының медбикесі 
Жалағаш ауданындағы корей ұлтының өкілі Пак Лилия осы өңірде ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келеді. 1972 жылы Жалағаш аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде еңбек жолын медбике болып бастап, ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлесін қосты. Жаңалыққа құштар маман денсаулық сақтау саласындағы жаңа әдістемелер мен технологияларды күнделікті қызметінде пайдалана отырып, науқас жанның жанына шипа бола білді. Бүкіл саналы ғұмырын Сыр бойында өткізіп келе жатқан Пак Лилия қазақ жерін өзімнің Отаным деп сезініп, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен салт-дәстүрлерін құрметтеуде өзге ұлт өкілдеріне үлгі болып келеді. 
Оспанова София Дүйсенқызы – Сырдария аудандық орталық кітапханасының әдіскері
Оспанова София Дүйсенқызы әдістеме-библиографиялық бөлімнің әдіскері болып қызмет атқарып, жүйе кітапханаларындағы көптеген істердің ұйытқысы болып келеді. Өз қызметін ынтамен жүзеге асырады, ұжым мүддесі үшін атсалысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жанындағы кәсіподақ ұйымының комитет мүшесі, төрайымы міндеттерін атқарады. Сауатты, өз білімін үнемі жетілдіріп отырады. Еңбек еткен жылдары ішінде аудандық мәдениет бөлімі тарапынан бірнеше рет алғыстар мен мақтау қағазының иегері болды. 
Шайыхов Асылхан Абдрашитұлы – жеке кәсіпкер, Жаңақорған ауданы 
Шайыхов  Асылхан  Абдрашитұлы 1993  жылдан  бастап  сауда  саласында жұмыс жасап, елге кеңінен тұтынатын тауарларды  көптеп әкеп және арзан бағамен сатуды ұйымдастыру арқылы  кәсібінің өрісін кеңейткен. Сол кездері халыққа зәрулік тудырып  отырған мәселені шешіп, алғашқылар қатарында аудан тұрғындары  игілігіне 400 орындық «Айсұлу» мейрамханасын ашқан. Қазіргі кезде онда 20 адамдай жұмыс жасайды. Үш жыл бұрын салынған  монша және сауна халық игілігіне тұрақты жұмыс жасап тұр. 2012 жылы іске қосылған наубайхана күніне 1000-1500 нан өнімдерін  шығарады. Қос қабатты екі сауда нысанында азық-түлікпен қатар  тұрмыстық бұйымдардың барлығы сатылып отыр. Онда 65 адамдай жұмыс жасайды. Кәсібінен басқа қоғамдық өмірге де қызу  араласып келеді. ҰОС ардагерлеріне, әлеуметтік қолдауды қажет  ететін жасөспірімдерге лайықты тарту-таралғы жасап,  қайырымдылық  шараларына атсалысуда.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ АТАҒЫМЕН
Омаров Ернияз – медицина саласының ардагері                 
Омаров Ернияз денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарды. Өзін білімді, жақсы денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушысы ретінде көрсете білді. Жұмыс атқарған жылдары жақсы жетістіктерге қол жеткізді. Қызылорда қаласының қалалық ауруханасын көптеген жылдар бойы басқарып, бірнеше жақсы маман шәкірттер тәрбиеледі. Облыстық денсаулық сақтау саласында басқарған жылдары барлық емдеу алдын-алу ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жақсаруына медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылуына өз үлесін қосты. Ұзақ жылдар бойы атқарған адал еңбектері үшін оған «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау саласының қайраткері» атақтары берілген.
Арыстанбаев Сабыр Шәймерденұлы – су шаруашылығы саласының ардагері
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі. 1953 жылы Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітірген. 1962-1965 жылы Қызылорда су құрылысы мекемесінде бөлім бастығы, 1965-1966 жж. КСРО Су шаруашылығы министрлігінің жобалау-ізденіс экспедициясының бас инженері, 1967-1991 жж. Қызылорда облысы су шаруашылығы мекемесінің бас инженері, бастығы болды. Ол облыстағы су шаруашылығын автоматтандыру және механикаландыруды іске қосу, мелиорация жүйесін пайдалану тиімділігін арттыру және т.б. ауылшаруашылық жұмыстарына зор үлесін қосты. С. Арыстанбаев «Еңбек Қызыл Ту», Халықтар достығы ордендерімен және медальдарымен, 2012 жылы Қазақстан Республикасының су шаруашылығы саласын дамытуда қосқан елеулі үлесі мен қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ АЛҒЫСЫМЕН
Далханов Асқарбек Сұлтанбекұлы – «Даму» ЖШС директоры 
А.Далханов Қызылорда қаласында алғашқылардың бірі болып автосалон ашқан мүмкіндігі шектеулі азамат, ІІ-топ мүгедегі. Ол басқаратын «Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шет елдердің, соның ішінде Ресейдің «ГАЗ», «УАЗ», «ВАЗ», «Павловский» және «Курганский» автобус зауыттарымен, Белорустың «МТЗ» және «МАЗ» зауыттарымен тікелей байланыс орнатып, жұмыс жасауда. Кәсіпорын облыста автобустар, жеңіл және жүк көліктері, коммерциялық автокөліктермен қатар, арнайы техникалармен (құрылыс техникасы, автокран, жүк тиегіш, бульдозер, жол құрылысы техникалары) жабдықтау жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, әлемдік бренд болып табылатын «Toyota» көліктерін тасымалдайды және сервистік қызметтер көрсетеді. Кәсіпорында 25 адам жұмыспен қамтылған. А. Далханов өзінің мүмкіндігі шектеулігіне қарамастан, еңбекке етене араласып, дені сау азаматтардан қалмай белсенділік көрсетіп отырады. Ол қоғамдық қорларға, мектептер мен балалар үйлеріне тұрақты түрде қайырымдылық көмек жасап келеді.


Сондай-ақ... оқыңыз:

Ауданның құрметті азаматы атанды

Ауданның құрметті азаматы атанды

Жақында бір топ азаматтар «Арал ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл...
Бесінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының атқарған жұмысы мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы

Бесінші шақырылған Қызылорда облыстық мәслихатының атқарған жұмысы мен оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі...
ТАҒАЙЫНДАУЛАР

ТАҒАЙЫНДАУЛАР

Өткізілген конкурс нәтижесі бойынша 2013 жылғы 24 қазандағы облыс әкімінің өкімімен...
КӘСІПОДАҚ КYШІ – БІРЛІКТЕ

КӘСІПОДАҚ КYШІ – БІРЛІКТЕ

Бір кездері 13000-ға дейін жеткен кәсіподақ мүшелері, кейіннен қысқартуларға ұшырап,...
ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

Алаштың анасы атанған Сыр өңірі еңбегімен елге сыйлы, өмір жолы жас ұрпаққа өнеге...
2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

2013 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша арнайы номинациялармен марапатталғандар:

1. Озат бағбан номинациясы бойынша Қызылорда қаласының бағбаны, Юзеев Ринат...
Пікір: