АУЫЛДАҒЫ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ҮЛЕСІ АРТУЫ ТИІС

АҚПАРАТ | 19 декабрь 2013 ж. - 12:40 | Көрудің саны: 449
Кеше облыс әкімдігі жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Отырысты ашқан кеңес төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жиылғандарды тағы да Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, мерекеде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Сыр перзенті Абзал Ералиевтің қуанышын ортақ табысымыз санайтынын айтып, жылы лебізін білдірді.
 – Құрметті кәсіпкерлер, әріптестер! Күні кеше ғана ел болып Тәуелсіздік күні мерекесін тойладық. Мереке барысында бірқатар азаматтар түрлі марапаттарға ие болғаны белгілі. Солардың ішінде біздің еліміздің азаматы, кәсіпкер Абзал Жұмашұлы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Бұл – баршамызға ортақ қуаныш, ортақ табыс. Сондықтан қуанышымыз баянды болғай! Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға аса көңіл бөліп келеді. Бұл орайда біздің өңірімізде де ауқымды жұмыстар атқарылуда,– деп отырыстың маңыздылығына тоқталды.
Алғаш болып сөз алған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Тельман Сүлейменов  аймақта кәсіпкерлікті қолдау, орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында және жалпы сала бойынша жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндады.
Үстіміздегі жылғы қаңтар-қараша айларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің шығарған өнімі 226,7 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде, жеке кәсіпкерлер үлесі 9 пайыз болса, шаруа қожалықтары – 3 пайыз, шағын кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар – 28 пайызды, ал, орта кәсіпкерліктегі заңды тұлғалар 59,4 пайызды құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға артық. Сондай-ақ, басқарма басшысының айтуынша, статистика органдарында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 43429 -ды құраса, оның 51 пайызы ғана немесе 22103-і белсенді жұмыс жасауда. Ал, 21 326-сы қозғалыссыз қалуда. Бұл жағдайды басқарма басшысы кәсіпорындардың алдын ала маркетингтік зерттеулерін жүргізбеуінен, олардың өнімдері мен қызметтеріне сұраныстың болмауынан орын алып отырғанын айтады. – Жергілікті кәсіпорындар аймақтағы жүйеқұраушы мұнай компанияларының шағын жұмыстарын ғана атқарумен шектелуде. Мәселен, тамақтану, тасымалдау қызметі, ағымдағы жөндеу жұмыстары және басқалар. Ал, бұрғылау, құрылғылармен жабдықтау сияқты күрделі мердігерлікті шетелдік компаниялар жүзеге асыруда,– дейді Тельман Сүлейменов. Сонымен қатар, ол Қызылорда облысы республикада ауыл тұрғындарының саны басым өңірлердің бірі болып табылатынын, алайда, облыстағы шағын кәсіпорындардың 74,8 пайызы облыс орталығында шоғырланғанын баса айтты. – Ауыл кәсіпкерлері белсенділігінің төмендігін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына олардың қатысу деңгейі де көрсетіп отыр. Аталған бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері облыс бойынша субсидиялау үшін 176 жоба қолдау тапса, ондағы ауыл кәсіпкерлерінің үлесі 20 пайыз,– деді. Сондай-ақ, басқарма басшысы үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін аудан әкімдеріне жобаланатын нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеу, оны мемлекеттік сараптамадан өткізу және индустриялдық аймақта орналасатын нысандар бойынша кешенді жоспарды әзірлеу тапсырылғанымен, күні бүгінге дейін аудан әкімдері тарапынан тиісті жұмыстардың атқарылмай отырғанын жеткізді. Оған қоса, шағын және орта кәсіпкерлікті тексеру санын азайту туралы тапсырма түскеніне қарамастан, жоспардан тыс тексерулер санының азаймай отырғаны белгілі болды. 
Басқосуда сонымен бірге, кәсіпкерліктің басым бағыттары бойынша құрылған топ жұмысы туралы облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреевтің хабарламасы тыңдалды. Оның айтуынша, кеңестің қазан айындағы отырысында облыста шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы бекітіліп, ол бойынша жұмыс топтары құрылған. Ауыл шаруашылығын дамыту саласы бойынша, Жетікөл маңынан агроаймақ құру мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар, құс өсіру шаруашылығын дамыту бағытында да екі жоба әзірленген. Балық шаруашылығын дамытуға байланысты шағын тоғандарда балық өсіру бағытында Иіркөл маңындағы тоған таңдалып алынып, қазіргі таңда құжаттары әзірленуде. 
Хабарламаларды тыңдау барысында көтерілген мәселелерге қатысты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аудан әкімдеріне, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Өз кезегінде аудан әкімдері, кәсіпкерлер кейбір мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. 
Айнұр БАТТАЛОВА.   


Сондай-ақ... оқыңыз:

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ

КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Кәсіпкерлер...
ЖОБАЛАР ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ БАЙҚАЛАДЫ

ЖОБАЛАР ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ БАЙҚАЛАДЫ

Облыстық баспасөз клубында кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары...
Кәсіпкерлерге арналған семинар

Кәсіпкерлерге арналған семинар

Қызылорда. Қала әкімдігі прокуратура органдарымен бірлесіп кәсіпкерлікті қолдау, осы...
КӘСІБІН АШҚАНҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

КӘСІБІН АШҚАНҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛЕДІ

Бейсенбі күні облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен...
ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ТАРАЗЫСЫ

ТОҒЫЗ АЙДЫҢ ТАРАЗЫСЫ

Өткен жұма күні облыстық баспасөз орталығында болған баспасөз мәслихатында биылғы...
ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ БАРЛЫҚ АУДАНДАРДА АШЫЛАДЫ

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ БАРЛЫҚ АУДАНДАРДА АШЫЛАДЫ

Кеше облыс әкімшілігінің мәжіліс залында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму...
Пікір: