ЖАЛҒАН ДИПЛОММЕН ЖҮР ЕКЕН...

ЖАЛҒАН ДИПЛОММЕН ЖҮР ЕКЕН...Қызылорда облыстық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тәртіптік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңесте Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік тәжірибе инспекторы Б.Исмайловтың, Қазалы ауданы Тасарық ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы А.Бөлебайдың, Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округінің әкімі Ғ.Бихожаның тәртіптік ісі қаралды.
Тәртіптік іс құжатында көрсетілгендей, Жаңақорған АІІБ әкімшілік тәжірибе инспекторы Б.Исмайлов әкімшілік құқық бұзушы Қ.Ертасовқа жасалған хаттама құжаттарды сот қарауына 2 ай мерзім кешіктіріп жолдаған. Сот ұйғарымымен жинақталған құжаттардың ішіндегі Қ.Ертасовқа қатысты түзілген хаттама әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 635-бабының талаптарына сәйкес болмауынан, іс сол күні Жаңақорған аудандық ІІБ-не кері жолданған. Ал, Б.Исмайлов 9 күннен кейін ғана аудандық сотқа қайта жолдап, сот Қ.Ертасовқа қатысты әкімшілік істі ҚР ӘҚБтК-нің 69-бабына сәйкес, жауапкершілікке тарту  мерзімінің ескіруіне байланысты қысқартып, құқық бұзушы әкімшілік жауапкершіліктен құтылып кеткен болатын.
Осы әрекеттері бойынша аудандық соттың жеке қаулыларына сәйкес инспекторға үш мәрте тәртіптік жаза қолданылғанмен, олардан тиісті нәтиже шығарылмаған. 
Сөйтіп, Б.Исмайлов, ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңындағы «шешімдер әзірлеу мен қабылдау кезінде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету» бабы бойынша заңды өрескел бұзып, оның әкімшілік жауапкершіліктен құтылып кетуіне жол берген. 
Тәртіптік кеңестің шешімімен ҚІІД бастығы Ж.Бақтыбаевқа заң талаптарының бұзылуына жол берген Жаңақорған аудандық ІІБ инспекторы Б.Исмайловты атқарып отырған қызметінен босатуды және заңда көзделген жаза қолдану процедураларын сақтай отырып, жүзеге асыруды ұсынды.
Қазалы ауданы Тасарық ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы А.Бөлебай арнайы тексеруден өту барысында, өзін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі ретінде, ЖБ сериялы №0065192, тіркеу №398 дипломы туралы ақпар көрсеткен. 
Арнайы тексеріс барысында А.Бөлебай аталған ЖОО-ны бітірмегені анықталды. Қаржы полициясы оған қатысты қылмыстық іс қозғап, «ҚР мемлекеттік тәуелсіздігінің жиырма жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңына сәйкес ақталмайтын негізде өндірістен қысқартқан. 
Тәртіптік кеңесі мүшелері А.Бөлебай тарапынан қылмыстық әрекетке жол берілгенін ескере келе, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы мен «Ар-намыс» кодексінде көзделген талаптарға сәйкес, Қазалы ауданының әкімі Б.Жахановқа Тасарық ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы  А.Бөлебайдың қылмыстық ісін ақталмайтын негізде қысқартылуына байланысты, атқарып отырған қызметінен босату туралы шешім қабылдады. 
Сондай-ақ, Сырдария ауданы Шіркейлі ауылдық округінің әкімі Ғ.Бихожаның да тәртіптік ісі қаралды.
Шіркейлі ауылы орталығына 1 804 532 теңгеге балалар ойын алаңын орнату жұмыстары үшін ауылдық округ әкімінің аппараты мен «Эверест-МД» ЖШС араларында мемлекеттік сатып алу туралы №25 шарты жасалған. Шарт тармағына сәйкес балалар ойын алаңы шілде айының аяғына дейін берілуге тиіс болатын.
Сырдария аудандық прокуратурасының қараша айында жүргізген тексеру нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу шарты бойынша жұмыстардың 50 пайызы ғана орындалғаны белгілі болды. Бұл жағдайда, тапсырыс беруші заңнамаға сәйкес, белгіленген мерзімде өзіне жүктелген міндеттерді орындамағаны үшін «Эверест-МД» серіктестігін, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті болатын. Бірақ, Шіркейлі ауылдық округі әкімі Ғ.Бихожа заңнама талаптарын орындамай, талап арызбен сотқа жүгінбеген. Нәтижесінде «Эверест-МД» ЖШС, басқа мемлекеттік сатып алуларға қатысып, кәсіпкерлік пен өзге де қызметті жүзеге асыруда заңда көзделмеген жәрдем алып келген.  
Яғни, ауылдық округ әкімі Ғ.Бихожа «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» ҚР Заңының талаптарын орындамай, заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық және жәрдем көрсеткені үшін облыстық Тәртіптік кеңесі Сырдария ауданының әкіміне  Шіркейлі ауылдық округі әкімі Ғ.Бихожаны атқарып отырған қызметінен босатуды ұсынды.
Жиын соңында Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Қызылорда облысындағы Тәртіптік кеңесінің 2014 жылдың І жартыжылдығында жүргізілетін тексерулер жоспары мен кеңес мүшелерінің жеке және заңды тұлғаларды қабылдау кестесі бекітіліп, кеңесте бірнеше республикалық ақпарат басылымдарында жарияланған өткір мақалалар талқыланды. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 21 желтоксан 2013 г. 574 0