ИНКЛЮЗИВТІК БІЛІМ БЕРУ – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ

Жуырда педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру «Өрлеу» ұлттық орталығы» АҚ облыстық филиалының ұйымдастыруымен  «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту жолдары» тақырыбында аймақтық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізілді.
Инклюзивті білім беру ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Оның негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Оқытудың осы бағыты мүмкіндігі шектеулі балалардың оқуда жетістікке жетуіне ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын  қалыптастырады. 
Инклюзивті білім беру Қазақстанда білім беруді дамытудың  2011–2020 жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылып, оған мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Облыс бойынша есепте тұратын  4365 мүмкіндігі шектеулі балаларға 17 арнаулы білім беру ұйымы  қызмет көрсетеді. Оның  ішінде  3 арнаулы түзету мектеп-интернаты, 3 оңалту орталығы, 10 логопедиялық пункт, 5 педагогикалық-медициналық-психологиялық консультация және 6 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері жұмыс  жасайды. Сонымен қатар, психикалық  дамуы тежелген балаларға арналған арнайы сыныптары бар жалпы білім беретін екі мектеп  Қармақшы және Қазалы ауданында жұмыс жүргізеді.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы және инклюзивті білім беруде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстармен қатар шешімін таппаған түйінді мәселелер де жетерлік. Атап айтқанда, арнайы және инклюзивті білім беруге арналған нақты бағдарламалардың болмауы, салада кәсіби білікті мамандардың жетіспеушілігі немесе олардың дайындығының әлсіздігі, мектептердің материалдық-техникалық базасының төмендігі және қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдардың  тапшылығы секілді жетіспеушіліктер басым. 
Аталған шараға республикалық түзеу  педагогикасының  Ұлттық  ғылыми-тәжірибелік орталығы зертханасының  меңгерушісі, белгілі ғалым Алмагүл Сейсенова қатысып, еліміздегі инклюзивті білім беруді жүзеге асыру  бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-күйімен және шетелдердегі оқытудың осы бағыттағы озық тәжірибелерімен таныстырды. 
Семинарда сөз алған арнайы және жалпы білім беру ұйымдарының жергілікті мамандары мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу, оңалту мен әлеуметтік бейімдеу үдерісіндегі өзекті мәселелер туралы ой қозғап, өздерінің озық іс-тәжірибелерін ортаға салды. 
Гүлнұр РЕЙМБЕРГЕН. 

АҚПАРАТ 21 желтоксан 2013 г. 1 752 0