СУ РЕСУРСТАРЫН БАСҚАРУ БАҒДАРЛАМАСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

ҚР Премьер - министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2013 жылға арналған жоспарларының орындалу барысы және Қазақстанның су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бағдарламасы қаралды.  Селекторлық басқосуға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Отырыста күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша ҚР Әділет министрі Берік Имашев хабарлама жасады. Министрдің айтуынша, биылғы жылы Үкіметтің заң жобалау жоспары толық көлемде орындалған. Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2013 жылға арналған жоспарында бастапқыда 53 заң жобасын әзірлеу көзделген. Бүгінде жыл бойы енгізілген түзетулерді есепке ала отырып, жоспар бойынша 43 заң жобасын даярлау қарастырылған. Аталған 43 заң жобасының ішінде үшеуіне Елбасы қол қойған және 32-сі Парламент Мәжілісіне енгізілген.  Осы орайда Серік Ахметов Әділет министрлігіне 2014 жылға арналған заң жобалық жоспарды сапалы әрі уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. 
«Мемлекеттік органдар қызметін үйлестіруді күшейту керек. Министрлер мен меморгандардың бірінші басшылары кемшіліктерді жоюды жеке бақылауына алуы тиіс»,– дей келе Үкімет басшысы биыл заң жобаларының сапасы мен әзірлеу мерзіміне қатысты сын айтылған сәттердің болғанын ескертті. 
Өз кезегінде сөз алған Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы туралы жан-жақты баяндады. Оның мәлімдеуінше, бұл жоба ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының Жалпы ұлттық жоспарына сәйкес әзірленген.  Бағдарлама жобасы барлық мемлекеттік органдармен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімшіліктерімен келісілген. Сонымен бірге, талап етілген барлық сараптамадан өткен. Республикалық бюджеттік комиссия бағдарламаның 8,2 трлн. теңге құрайтын жалпы бюджетін қолдаған. 
Сондай-ақ, Нұрлан Қаппаров сарапшылардың ұзақ мерзімді болжауына сәйкес 2040 жылға қарай су ресурстарына сұраныс Қазақстанда 56 пайызға артып, жылына шамамен 25 млрд. текше метрді құрайтынын айтты.  Ведомство басшысының айтуынша, өсудің аталған болжамы болжанған мерзімде халық санының 20,8 млн. адамға дейін артуының негізінде қалыптастырылған. Сондай-ақ, ол атап өткендей, жылына су тұтыну жан басына шаққанда орта есеппен алғанда 1,9 пайыз динамикамен өсіп отырады. Ал, өнеркәсіптік секторға келетін болсақ, министрдің мәліметінше, мұнда су тұтыну көлемдерінің өсуі 2040 жылға қарай шамамен 35 пайызды құрайды, бұл өнеркәсіптік өндірістің жылына 4 пайызға артуына сәйкес. Су тұтынудың ең жоғары өсуі мұнай мен газ шығару және өңдеу, тау-кен өнеркәсібінде, сонымен қатар, электр энергиясын өндіру саласында байқалмақ. Бұдан бөлек, Қоршаған ортаны қорғау ведомствосы мәлімдегендей, ауыл шаруашылығында тұрақты суару ауданын 2040 жылға қарай 2,1 млн. га.-ға кеңейту күтілуде, бұл сәйкесінше су тұтынудың жылына 1,6 пайызға өсуіне алып келеді екен. 
Дегенмен, министрдің атап өтуінше, су тапшылығы проблемасын шешуге болады. Ол үшін ауыл шаруашылығында, кәсіпорындарда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында мақсатты шараларды жүзеге асыру қажет. 
Сонымен қатар, министр аталған бағдарлама магистральды және тарату инфрақұрылымдарын басқару бойынша 2 ұлттық компания құруды ұсынатынын айтты және Қазақстанда су институтын құрудың маңыздылығына тоқталды. «Білікті кадрларды дайындау үшін толыққанды су институтын құру қажет. Кеңес одағы кезінде Жамбыл гидромелиоративті институты жұмыс істеген болатын. Қазір ол Тараз мемлекеттік университеті жанындағы факультетке айналды. Су саласына ірі инвестицияның ұсынылып отыруына байланысты Қазақстан өңірлерінің бірінде мамандандырылған институт құру қажеттігі туындап отыр», – деді Н.Қаппаров. 
Селекторлық байланыс режиміндегі отырыс барысында бірқатар облыс әкімдері де өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Елбасының бастамасымен салынған Көксарай суреттегіші бүгінгі таңда аймақтағы суға қатысты көптеген мәселелерді шешуге өзінің оң ықпалын тигізіп отырғанын айтты. Сонымен бірге, ағымдағы жылы Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистральды каналында үрлемелі су тоспасын салу жөніндегі ауқымды жобаның қолға алынып жатқанын жеткізді. Ол 28 мың гектар жерді суландыру мәселесін шешуге ықпал етпек.  2014 жылы сондай жобаны Жаңашиелі магистральды каналында жүзеге асыру көзделіп отыр. Ол бойынша 17 мың гектар жерді суландыруға мүмкіндік бар.  Сондай-ақ, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев  аймақтың 227 мың гектар суармалы жерінің бүгінгі таңда 54 мың гектарының сорлану, суару мүмкін болмауы салдарынан қолданылмай отырғанын атап айтты.  Сондықтан су ресурстарын қолдану мәселелеріне қатысты барлық сұрақтар облыс үшін маңызды.  Осы орайда облыс әкімі Үкімет мүшелеріне бағдарламаға сәйкес аймақтардың ұсыныстарымен танысып, енгізуді ұсынды.   Сонымен қатар, елімізде су шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орнын ашу жөніндегі ұсынысты қолдай отырып, біздегі бұрыннан бар тәжірибе мен мүмкіндіктерді пайдаланып, Қызылордадан қажетті жағдайды жасауға дайын екенін жеткізді. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

АҚПАРАТ 26 желтоксан 2013 г. 652 0