АРДАГЕРЛЕР АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кезінде ерен еңбегімен елге танылған, аймақтың өркендеуіне үлес қосқан ардагерлерді қабылдады. Аймақ басшысы мерекелік қабылдауға келген әр сала ардагерлерін ел өміріне аршындап еніп келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, отбастарына мол бақыт, құт-береке, шынайы шаттық тіледі.
– Тарих қойнауына сіңіп бара жатқан Жылан жылы Сыр өңірі үшін табыссыз болған жоқ, – деді аймақ басшысы. – Ұзындығы мың жарым шақырымға жуықтайтын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының аяқталған алғашқы кезеңі өңірдің бірқатар елді мекендерін газбен қамтуға мүмкіндік берді. Бүгінде құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралінің 800 шақырымнан астамы Сыр өңірін басып өткендіктен оның құрылысында бірнеше мыңдаған сырбойылықтар еңбек етуде.  Болашақта өңірдегі үш жүзге тарта елді мекеннің 43-і гүлзар баққа оранады, өзгелердің соларды үлгі тұтары анық.
Аймақ басшысы Елбасының  әлеуметтік қолдауы арқасында соңғы жылдары өңірде жүздеген мектеп пен балабақшалар, медициналық нысандардың ел игілігіне айналғанын, ауыл шаруашылығы мен құрылыс, мәдениет пен өнер, білім мен ғылым және спорт саласында ілгерілеушілік барлығын тілге тиек етті. Осынау жетістіктердің барлығында да әрбір Сыр ардагерінің қолтаңбасы, үлесі  бар екендігі анық. Елдің қол жеткізген  табысы, ел азаматтарының бағындырған еңбек шыңы – үлкендердің салып кеткен сара жолының нәтижесі. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ  ардагерлерге қарыздар, оларға қандай құрмет көрсетсе де, жарасымды болары хақ.
Мерекелік қабылдауда сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ерәлиев, ардагерлер Оразбай Әбішов, Ыдырыс Қалиев, Садуақас Аңсатов, Досхана Қырымов көпшілікті Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, ел өміріндегі жағымды жаңалықтарға, атқарылған істерге, ағымдағы міндеттерге тоқталды. ҰОС ардагері Бөрібай Құлманов жиналғандарға бата берді. 
Мерекелік қабылдауға келген  ардагерлерге ескерткіш сыйлықтар  табыс етілді.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

АҚПАРАТ 28 желтоксан 2013 г. 736 0